Қазақта бала дүниеге келгеннен кырқынан шыққанға дейінгі алғашқы қырық күндік «өтпелі кезең» қауіпті, қатерлі саналады. Жаңа туған нәрестені шырақ жағып күзетіп, қасынан адам үзілмей бағады. Сәбиді қырық күн бойы тұзды, сабынды немесе маралшөп салынған суға алма-кезек шомылдырып отырады. Тұзды суға шомылып өскен баланың денесі шымыр болады, аурудан қорғайды. Өскенде жарасы тез жазылатын болады.
Маралшөп қосылған су баланың тез ширауына көмектеседі. Бала қырқынан шыққанша «сүт тырнағын», «қарын шашын» алмайды. Қырық күннен аман өткен нәрестені «қарақұлақтанды» деп қуанып, «қырқынан шығару» тойын жасайды. Баланы қырқынан шығарарда шомылдыратын ыдыстың түбіне күміс жүзік, күміс білезік, күміс сөлкебай сияқты заттар салып, 40 қасық таза су құяды. Қазақ ұғымында күміс — адалдықтың белгісі, күміс салынған су — ең таза су болып есептелінеді және оған жын-шайтан жоламайды. Ал, қырық күннен аман өткен нәрестені қарақұлақтанды деп қуанып, қырқынан шығару тойын жасайды.
Баланы қырқынан шығарудың өзі жайдан-жай шыққан жоқ. Мұндай салт жасалмаған баланың еті мен сүйегі бірікпегенін білегінен ұстап байқауға болады. Қырық күнге дейін баланы «тіл тиеді», «сұқ өтеді» деп тіл-көзден сақтаған. Ешкімге көрсете бермеген. Яғни, ана үшін де, бала үшін де бұл уақыт – қауіпті кезең. Қырқынан шықпаған бөпені көруге үлкендер де талпынбаған.
Мұндай кезде сәбидің көзі де біртүрлі тұманданып, қайда қарап тұрғаны белгісіз болады. Бұл уақыттарда əлі жердің баласы болып есептелмейді. Баланы қырқынан шығарған кезде екі көзі жылтырап, жан-жағына көз тоқтатып қарай бастайды. Білегін ұстағанда ет пен сүйегінің біріге бастағаны байқалады. Демек, сəбиді қырқынан шығару – ет пен сүйектің біріккеніне жасалатын құрмет.
Кәрім АҚНИЕТ