
Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның қорасына белгісіз біреулер кіріп, 3 қапқа салынып жинаулы тұрған ешкі малының қырқылған жүндерін жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 75 000 теңгені құрады. Аталған жайтты бәйдібектік полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды.
Орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау мақсатында Бәйдібек АПБ-нің тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Куәлардан жауап алынды, жан-жақты іздестіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 1 тәулік ішінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталды. Полицейлер оны Түркістан қаласынан анықтап, ПБ-ға жеткізді. Ол малдардың жүнін алып сатумен айналысатын жас жігіт болып шықты.
Анықталғандай, күдікті күндізгі уақытта жәбірленушінің мал қорасында ешкім жоқтығын пайдаланып, 3 қап жүнді жымқырып кеткен. Яғни несиесін төлеуге қаражат керек болып, ұрлық жасаған. Қазіргі таңда күдіктіден айғақты зат ретінде қаптағы ешкі жүндері алынып, заңды иесіне қайтарылды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері қора-жайларды мықтылап қоршап, ұрылардың жолына тосқауыл болуға кеңес береді.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі