ТҮРКІСТАН: ОРАНҒАЙДА ЖАСТАРМЕН ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

 Ораңғай ауылдық округінде ауыл тұрғындары мен жастар арасында тағылымды кездесу өтті.
Кездесуге Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің теолог маманы Н.Тәжібай, Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы А.Тағай қатысты.
Кездесу барысында теолог маман Айбек Тағай «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңнамасы жайында жасарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жиын барысында теолог маман Н.Тәжібай аталмыш заң азаматтық қоғамды қалыптастыруда айтарлықтай ықпал ететінін атап өтті.
Жиын соңында тұрғындардың қойған сұрақтарына теолог мамандар жауап берді.

Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді. «Зайырлылық» ұғымы мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық сипатта екендігін, діни сенім бостандығының қамтамасыз етілетіндігін танытады. Мемлекет пен діннің арақатынасындағы жанды байланыстар зайырлы және рухани-діни құндылықтардың арақатынасы негізінде орныққан.

Дін – мемлекеттік саясаттағы және қоғам азаматтарының рухани өмірі мен мәдениетіндегі маңызды факторлардың бірі. Адам мен қоғам өмірінде ерекше орын алатын дін рухани мәдениеттің қалыптасу үдерісінде негізгі функцияларды атқарады, мәдениеттер мен өркениеттердің дамуына ықпал етеді. Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, моральдық нормалар, қарым-қатынас әдебі, рухани қағидалар жүйесі.

Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңының 3-бабының 5-тармағында «Азаматтардың дінге көзқарасына байланысты олардың азаматтық құқықтарының бұзылуына, діни қызметіне заңсыз кедергі келтіруге немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлауға жол берілмейді» деп атап көрсетілген.

Қазақстан Республикасы әрбiр адамның діни сенім бостандығы құқығын құрметтейтiн демократиялық, зайырлы мемлекет болып табылады, азаматтар діни сеніміне қарамастан тең құқылы, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін дiндердiң мәдени және тарихи құндылығын және конфессияаралық келiсiмнiң маңыздылығын, дiни төзiмдiлiктi және азаматтардың дiни нанымдарын құрметтейді.

Діни сенім бостандығы – адамның жеке өзі немесе басқалармен бірге қандай да бір дінді ұстануға немесе ұстанбауға, еркін таңдауға, діни сенімде болуға және таратуға, соған сәйкес әрекет етуге құқықты адамның негізгі жеке бостандықтарының бірі. Діни сенім бостандығы демократияшыл қоғамның іс-әрекет етуінің қажетті өмірлік шарты, адамның құқықтары мен бостандықтары жүйесінің негізгі элементтерінің бірі болып табылады.

Азаматтардың дiнге көзқарасына қарай олардың құқықтарын тiкелей немесе жанамалап шектеу, қандай да бiр артықшылықтар белгiлеу, өшпендiлiк пен жеккөрушiлiк туғызу, азаматтардың сезiмдерiн жәбiрлеу, сондай-ақ, қайсы бiр дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлау Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауапкершiлiкке тартылады.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының азаматтары дiнге деген көзқарасына қарамастан заң алдында бiрдей жауапты. Заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, ешкiмнiң де өз діни сенiмдерiн себеп етiп азаматтық мiндеттерiн атқарудан бас тартуға қақысы жоқ. Дiни наным себебiмен атқарылуға тиiс бiр мiндеттi екiншiсiмен алмастыруға тек қана Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жол берiледi.

Өз кезегінде дiни сенiм бостандығының сақталуын бақылауды және қадағалауды Қазақстан Республикасының атқарушы өкiмет органдары, прокуратура және басқа да құқық қорғау органдары заңдарда белгiленген өз құзыретiне сәйкес жүзеге асырады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *