
Тұрмыс жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі немесе асыраушысынан айырылған, көпбалалы отбасыларды бақытты еткісі келгендіктен тірлік жасайды. Осы мақсатта құрылған «Харекет» қайырымдылық қоры бүгінде еліміз бойынша /5 жылдың ішінде/ 678 мұқтаж отбасыға баспана сыйлап отыр екен. Міне, енді 679-шы үй Шаяндық Нұрила Елбековаға бұйырып отыр.
Қайырымды жандардың, яғни, Бәйдібектік белсенді азаматтардың араласуымен, ықпалымен жүзеге асып отырған «Қоныс тойына» аудан басшысы Ержігіт Шәріпбеков қатысып, баспаналы болған отбасыға ыстық лебізін білдіріп,«Харекет» қайырымдылық қорының Түркістан облысындағы өкілі Бақдәулет Дәуренбекұлына «Алғыс хат» табыстады. Өз кезегінде Бақдәулет мырза Нұрила Елбековаға баспананың «сертификатын» табыс етті.
Қайырымдылық – адамның асыл қасиеттерінің бірі. Қайырымды адам рухани құндылықтарды материалдық құндылықтардан жоғары қоятыны сөзсіз. Мұқтаж жандардың қажеттіліктеріне, тұрмыс жағдайына немқұрайлы қарамай, барынша көмек көрсетуге дайын тұрады.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді дана халқымыз. Қайырымдылық жасау үшін асып-тасып бай болу шарт емес. Мейірімді жүрегің және таза ниетің, сосын елдің ауызбіршілігі болса керек-ті. Елдің қамын ойлап, аз қамтамасыз етілген, асыраушысынан айырылған немесе көпбалалы отбасыларға көмек қолын созу үшін ауданның белсенді, ерікті жастары да арнайы қор құрып, қаражат жинап, бүгінгі күні нәтижелі жұмыс жасауда. Атап айтқанда, «Мың теңгемен — баспанаға!» атты ұранмен Ұлан Сапарбекұлы мен Жамбыл Амангелдіұлы және Бағлан Нұралыұлы, Ұлан Абзалұлы бастаған біртоп белсенді жастар біраз отбасыларды азық-түлікпен, киім-кешекпен, басқа да қажетті бұйымдармен қамтамасыз етіп жүр. Осы жігіттер келесі айдың ішінде тағы да бір отбасыға баспана әперіп қуантпақ ниетте…
Аудан басшылары мен ел ағалары Нұрила Елбекованың баспанасын аралап көріп, қажет болған жағдайда қол ұшын беретіндіктерін тілге тиек етті. Сондай-ақ, ауданның белсенді жастары ұйытқы болып отырған қайырымдылық шараларына да қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.
Ұлан АБЗАЛҰЛЫ.