ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Әскербекұлы Абаев Түркістан қаласына арнайы іссапармен келді. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев министрлердің, депутататтардың, әкімдердің халықпен жиі кездесу өткізіп тұруы керектігін айтқан болатын. Осы орайда Мәдениет және спорт министрі өңірлерді аралап жүр. Министр алдымен Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті. Түркістан музыкалық-драма театрында өткен жиынға өңіріміздің әр аймағынан келген азаматтар және зиялы қауым өкілдері қатысты. Кездесуде алдымен министр баяндама жасап, одан кейін тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарға жауап берілді.
Сонымен қатар, мәдениет саласына жауапты министр Төлебидегі былтыр Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі аясында Аққұм ауылында ашылған «Суретшілер үйінің» жұмысымен танысты. Өңірдің талантты қылқалам шеберлерінің көрмесін тамашалады.
Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Құттыбек Жақыповпен пікірлесті.
Министр қазақ ұлттық гобелен өнерінің үздігі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Құрасбек Тыныбековтің туындыларымен танысты.
Дәурен Әскербекұлы іссапар барысында қылқалам шеберлерімен кездесіп, жас таланттарға шығармашылық шабыт тіледі.