
ШАРУАСЫ ШИРАҚ ШАҒАЛЫҚТАР
Түркістан қаласының тап іргесіндегі Шаға ауылдық округі киелі шаһармен еншісі бөлінбеген елді мекен. Шаға ауылдық округінің әкімі Әбдімүтәліп Нарымбетовтің айтуынша, мұнда төрт елді мекен бар. Олар Қазақстанның ХХХ жылдығы, Шаға, Бершінтөбе, Шоқтас елді мекендері. Мұнда 11250 адам тұрады.
Қазіргі таңда «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес, бөлінген қаржыны және басқа да түсімдерден түскен қаржыны игеру, кіріс-шығыс жоспарын бекіту туралы мәселелер қаралып, қоғамдастық мүшелерімен келісілді. Шаға ауылдық округі әкімі аппаратына 2022 жылдың 6 айында аудандық бюджеттен бөлінген 39436,0 мың теңге, орындалғаны 39436,0 мың теңге болып 100 пайызға орындалды.
КӘСІПОРЫНДАР БІРІГУ АРҚЫЛЫ ІРІЛЕНУДЕ
Шаға ауылдық округінің әкімі Әбдімүтәліп Нарымбетовтың айтуынша, соңғы жылдары тәжтажал індетінен шаруашылығы шатқаяқтаған көптеген кәсіпорындар бірікпесе болмайтындығын жақсы түсініп, өздерінің салалас шаруашылықтарымен кооператив болып бірігуде. Бұл бір жағынан бәсекелес ортаға шығатындай сапалы өнім жасауға да дем береді.
Қазіргі таңда Шаға ауылдық округінде ауыл шаруашылық жері 63491 гектарды құрайды. Оның ішінде суармалысы 5230 гектар болса, жайылымдық жер 37845 гектар. Шабындық жер көлемі 479 гектар. Шаға қала іргесінде болғандықтан аз ғана жерді барынша ұқсата пайдалануға мән берілген. Мұнда 360 гектарға бидай егілді. 650 гектарға жүгері дақылы себілді. Мал азығы мақсатындағы сүрлемдік жүгері 300 гектарға себілді. 390 гектарға мақта егілсе, бақшалық дақылдар 150 гектарға егілді. Жоңышқа 2324 гектарға жоңышқа егіледі.
Ауылдық округте төрт ауылшаруашылық өндірістік копперативі құрылған. «Түркістан агро ХХI» біріккен шаруашылығында 1044 жері болса, 80 шаруашылық бірігіп қызмет атқаруда. «Агрожетістік 2020» біріккен шаруашылығында 120 кәсіпорын бірігіп, 1332 гектар жерді игеріп отыр. «Ордабасы құс» ЖШС «Ынтымақ» ауыл шаруашылығы өнімдері кооперативі 70 шаруашылықтан құрылып, 710 гектарға иелік етуде. «Ақын Молда Мұса» ЖШС-да 136 шаруашылықта 2144 гектар жері бар.
МАЛ ТҰҚЫМЫ АСЫЛДАНДЫРЫЛУДА
Қазіргі таңда Шаға ауылдық округінде қой ешкі саны 47380 басқа жетеді. Ірі қара саны 6235- ке жетті. Түйе 192 болса, жылқы 1312-ге жетті. Қазіргі күнге жеке кәсіпкер Асылхан Мусаев «Мұса» шаруа қожалығы асыл тұқымды мал дәрежесін алып, жұмысын жалғастыруда. Мал тұқымын асылдандыру мақсатында ауыл округі бойынша 1 қолдан ұрықтандыру бекеті жұмыс жүргізуде. «Мамлакат» шаруа қожалығында қазіргі күнге құны 206 млн теңге тұратын 625 бас ірі қара малға арналған мал бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Алаңда 625 бас ірі қара бордақылануда. Шаруа қожалығында құны 80 миллион теңге тұратын тәулігіне 15-20 бас мал союға мүмкіндігі бар мал сою бекеті ашылып, 10 адам жұмыспен қамтылды. «Мамлакат» шаруа қожалығында құрама жем шығаратын цех жұмыс істеп тұр. Ауыл тұрғындарының шағын мал сою алаңдарында 450 жылқы бордақылануда.
КӘСІПКЕРЛІККЕ БАРЫНША ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛУДА
Қазіргі таңда Шаға ауыл округі аумағында 3 дәріхана, 3 типтік жылыжай, үй іргелік жерде 11 жылыжай, 1 диірмен, 3 шлакаблок шығаратын цех жұмыс істейді. Шарбан Абдураймова 90 миллион теңгеге құрал жабдықтар алып ауыз су шығару цехын іске қосты. Одан басқа 25 сауда нүктелері, 5 халыққа қызмет көрсету орталығы 3 монша, 2 бассейн, 2 автокөлік жөндеу шеберханасы және 3 автожуу бекеті 3 қоғамдық тамақтану орны бар. Барлығы патентпен жұмыс істейді. Ауылдық округінде бір наубайхана бар.
ӘЛЕУМЕТТІҢ ӘЛЕУЕТІ ЖАҚСАРУДА
Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылуда. 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж 80 отбасыға тағайындалды. Ауылда тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға демеушілер есебінен 12 отбасыға азық-түлікпен көмек берілді. Қазіргі таңда жастар практикасымен 10 адам, ақылы қоғамдық қызметке 22 адам тартылған. Ауылдық округте 4 орта, 1 бастауыш мектебі орналасқан. Барлық мектептерде телефон және компьютер сыныптары бар. Бес мектеп Интернетке қосылған. Мұғалімдер саны — 332 болса, оқушылар саны- 2776.
Ауылдық округте бір мемлекеттік және үш жекеменшік балабақша жұмыс атқаруда. Балабақшаға балаларды тасымалдауды балабақша құрылтайшылары өздерінің жеке қойылған көліктері арқылы жүргізеді. Шаға ауылында жекеменшік – мемлекеттік әріптестік аясында балабақша салынды.
ЕЛДІ МЕКЕНДЕР АБАТТАНДЫРЫЛУДА
Ауылдық округтегі елді мекендерде газ тарту жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 1 млрд теңгені құрайды. Шаға ауылында мемлекеттік – жекеменшік әріптестік аясында 200 орындық бастауыш мектеп салынды. 100 орындық бала-бақша бой көтерді. Қазақстанның 30 жылдығы ауылында екі бастауыш мектеп ашылды.
Ауылдық округі аумағында орналасқан емхана, пошта, АТС, ветеринариялық бекет халыққа қызмет көрсетіп келеді. Барлығы ауыл әкімдігімен тығыз байланыс орнатқан. 2022 жылы Қазақстанның ХХХ жылдығы ауылындағы Құрманғазы, Нұртас Оңдасынов, Мағжан Жұмабаев көшелеріне тас төсеу жұмыстарына 6805075 теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары өткізілді. Аллея салуға 10,0 млн 80 мың теңгеге мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жеңімпаз анықталды.
Қазақстанның ХХХ жылдығы ауылында жалпы ұзындығы 43 шақырым ауыз су құбырлары жүргізіліп, пайдалануға беріліп, қазіргі уақытта ауылға ауыз су тұрақты берілуде. Шаға және Бершінтөбе ауылындағы жүргізілген ауыз су жүйесі пайдалануға берілді Шоқтас ауылында ауыз су жүйесін жүргізу үшін 2022 жылға 52 млн теңге бөлінді. Сенбіліктер өткізіліп, көшелер, алаңдар, Ұлы Отан соғысына қатысушыларына арналған ескерткіштің айналасы уақтылы тазаланып тұрады. Тұрғын үйлер әктеліп, күл-қоқыстың уақтылы шығарылып тұруы тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРҒА ЖЕКЕ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТЫЛУДА
Ауыл әкімдерінің негізгі жұмыстарының бірі де бірегейі шаруашылыққа инвестиция тартумен айналысу болып табылады. Шаға ауылдық округіне биылғы алты айда біршама инвестиция тартылды. Атап өтер болсақ, Ешкі сүт фермасын құруға 850 миллион теңге тартылды. Жылына екі үш рет өнім алу мақсатында жаңбырлатып суғару технологиясына 295,5 миллион теңге құйылды. Жеміс өсіруге арналған «Түркістан фрут» жобасына 3,9 млрд теңге тартылды. Бұл жаңа технологиялар өндіріс бастарына жеткізіліп, қазіргі таңда халық шаруашылығын дамытуға пайдаланылуда. Өткен жылы сегіз дана ауыл шаруашылығы техникалары алынды. Шаға ауылдық округі бойынша 13,5 гектар жылыжай бар. Екі үш рет өнім алу жобасы бойынша 24 жоба бекітіліп, жүзеге асырылуда. Азық-түлік белдеуі бойынша жаңбырлатып суғару әдісі 780 гектар жерге орнатылып, пайдалануға берілді. 2020 жылы оның алғашқы өнімі алынды. «Ынтымақ агро» СПК 460 гектарға жаңбырлатып суғару қондырғысын орнатты. Бүгінгі таңда 1820 гектар жерді тиімді пайдалануда.
ҚАЛА МӘДЕНИЕТІ ҚАҚПАДАН БАСТАЛАДЫ
Қазақстанның ХХХ жылдығы ауылында 2011 жылы ауылдық клуб ашылды. Қазақстанның ХХХ жылдығы ауылында және Шаға ауылында кітапхана бар. Барлық кітапхана қоры 28 мың кітапты құрайды Ауылда ауыл әкімінің ұйымдастыруымен түрлі мәдени іс-шаралар тұрақты өткізіліп тұрады.
Шаға ауылдық округінде төрт мектепте спорт залы бар. Мектептерде әртүрлі спорт үйірмелері тұрақты жұмыс істейді. Қазақстанның ХХХ жылдығы ауылында жаздық стадион бар. 2017 жылы жеке кәсіпкер Д.Мирзараймов жабық спорт кешенін салып пайдалануға берді. 2021 жылы жеке кәсіпкер Ербол Арызкулов жабық спорт кешенін пайдалануға берді. Спорт кешендерінде күрестен және волейболдан үйірме жұмыстары ұйымдастырылған. Ауыл жастарының бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында түрлі жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Ауыл тұрғыны Молдаш Кемелбек дзюдодан Қазақстан чемпионы атанды.
Ауылдық округі бойынша 2021-2022 жылдарға күзгі, көктем айларында болуы мүмкін төтенше жағдайдың алдын алуға арналған іс-шара жоспары әзірленіп бекітілген. Су алу қаупі бар аймақтар анықталып, карта жасалған. Су тасқыны қаупін азайту мақсатында, «Арыс-Түркістан» каналынан бастау алатын қашыртқы арықтар толығымен тазаланды. Шошқакөл көліне құятын қашыртқы каналды қалпына келтіру туралы аудан әкімдігіне хат жолданған.
Ауылдық округте 3 мешіт, 1 намазхана бар. Ауылдық округте діни тұрақтылықта қамтамасыз ету мәселелері бойынша мешіт имамдары және учаскелік полиция инспекторларының қатысуымен діни мәселері жөнінде және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіліп тұрады. Қазіргі уақытта ауыл округі аумағында жұмыс жасайтын кереғар діни ағымдар мен діни секталар жоқ. Жалпы, алғанда ауыл округі аумағында қоғамдық саяси жағдай ұлт аралық қарым-қатынас қалыпты жағдайда.
ДЕНСАУЛЫҚ – ЗОР БАЙЛЫҚ
Ауыл округі аумағында 1 селолық амбулатория, 2 ФАП, 1 ФП халыққа қызмет көрсетеді. Онда 9 жоғары білімді дәрігер, 33 орта білімді медицина қызмет-керлері жұмыс істейді. Бір жедел жәрдем көлігі бар. СВА №16 мекемесінде 2011 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Емханада 8 орындық күндізгі стационар жұмыс істейді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 15.03.2020 жылғы №285 Жарлығын іске асыру бойынша Түркістан облысының бас санитарлық дәрігерінің «Түркістан облысында карантиндік шектеу шараларын ұзарту туралы» 18.09.2020 жылғы №37 қаулысына сәйкес, Шаға ауылдық округінде коронавирустық инфекцияның пайда болуын және таралуын болдырмау мақсатында ауыл әкімінің өкімімен жұмысшы тобы құрылған. Тұрғындар арасында маскалық режимді сақтап жүруі, 65 жастан асқан ауыл тұрғындарының өзін-өзі оқшаулау аса қажет болмағанда тұрғын үйден шықпау туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Вакцина алғандар саны бірінші кезеңде 5475 адам, екінші кезеңде 5563 адам қабылдаған.
ХАЛЫҚ САНЫ АРТҚАН САЙЫН СҰРАНЫС ТА АРТА ТҮСУДЕ
Шаға ауылдық округінде 11 мыңнан астам адам тұрады. Олардың дені Түркістан қаласының дамуына сүбелі үлес қосып, алып құрылыс алаңдарында жұмыс жасауда. Жақында Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков Қазақстанның 30 жылдығы ауылында Шаға ауылдық округ тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесуге Сауран ауданы мәслихатының хатшысы Мейрамбек Күнпейісов, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ тұрғындары, БАҚ – өкілдері және т.б. мекеме басшылары қатысты. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков сөз сөйледі.
Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойына әр тоқсан сайын халықпен кездесулер өткізуі қажет. Кездесу барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аударып шешудің жолдарымен мерзімдерін түсіндіру қажет. Аудан әкімі Ғани Рысбеков Шаға ауылдық округінде халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аударып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етті және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірді. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын толғандырып жүрген мәселелер бойынша ой-пікірлерін айтуды сұрады.
Ауыл тұрғыны Пазылақ Сапаров Қазақстанның 30 жылдығы ауылындағы ауыз су проблемасын көтерді. Ауылдың төменгі жағында орналасқан үйлерге ауыз су жетпейтіндігін айтты. Зейнеткер, еңбек ардагері Сұлтанахмет Жармуханбетов «Ордабасы құс» ЖШС-не жалға берілген ауыл шаруашылық жерлері туралы айтты. Келісім-шарт дұрыс жасалмағандықтан жалға алу ақысы төленбеген. Сондай-ақ, қашыртқы каналын тазалау мәселесін және Республикалық маңызы бар автожолдан мал өтетін орындар ашу туралы мәселені қозғады. Бұл мәселе автожолды салу кезінде ескерілмегендігі белгілі болды. Аудан әкімі бұл мәселені тиісті мекемелермен ақылдаса отырып, шешудің жолдарын қарастыратындығын айтты.
Ауыл ақсақалы Октем Абдалиев болса, ауылда жүргізілген газ тарату трубаларының сапасы нашарлығына және Фуркат көшесіне асфальт төсеу жайына тоқталды. Ауыл тұрғыны Бахтияр Мирзаев Шаға елді мекеніне фельдшерлік акушерлік бекетті салу мерзімінің ұзап кетендігіне тоқталды. Сонымен қатар, ауылдың жоғарғы жағындағы жайылым жерлерді бұзып, түрлі ауыл шаруашылық дақылдарын егіп жатқандығына тоқталды. Ауыл ортасынан ҰОС-на қатысушыларға монумент қою үшін жер телімін беруге жәрдем беруді сұрады. Әкім өз кезегінде жайылымдық жерлерді бұзып, ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп жатқандармен Қауымдастық мүшелері ақылдаса шешетін мәселе екендігін атап өтті. Ауыл ақсақалы Жорабай Бабашев болса, Бершінтөбе ауылында ауыз су сағатпен берілетіндігіне тоқталып, ауылға спорт кешені қажет екендігін айтты. Негізінде ақысы төленіп тұрған ауыз су болса, ол сағатпен емес тәулік бойы берілуі тиістігі айтылды. Ауыл тұрғыны Нишанбай Базарбаев Шаға ауылында электр жарығының нашар, электр бағаналары ескіргендігін тілге тиек етті. «Ауылға трансформатор керек. Ауыл тұрғындары суармалы жерлерін «Ақ жол» фирмасына келісім шартпен берген болатын. Алайда келісім шартта көрсетілген төлемақы өте төмен. 30 мың теңге. Солай бола тұрса да, төлемақы уақытында берілмейді. Салықты да өзіміз төлейміз. Сондықтан суармалы жерімізді өзімізге қайтарып беруге жәрдем беруіңізді сұраймыз», — дейді. Бірқатар тұрғындар Қазақстанның 30 жылдығы ауылына қала ішілік автобустардың бағдарын ауылдың жоғарғы жағымен апаруды ұсынды. Ауылдың Сауран ауданына ауысуына байланысты жерге байланысты кодтар өзгерген. Осыған байланысты мемлекеттік актіні тегін ауыстырудың жайын сұрады. Ауылдағы Молда Мұса мектебі күрделі жөндеуді қажет етеді. Сонымен қатар, ауылдың спорт мектебін ашу туралы мәселе көтерілді. Ауылдағы Қазыбек би көшесінде көлік қозғалысы көп болғандықтан жылдамдықты тежейтін белгілер орнату қажеттігі айтылды. Осы көшедегі моншаны жабу туралы мәселені көтерді. Өйткені, моншада су бассейні орналасқандықтан көшеге су жетпейді.
Ауыл ақсақалы Оразбек Амирбеков Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбековтің атқарып жатқан жұмыстарына жоғары баға берді. Қорытынды сөз сөйлеген аудан әкімі Ғани Құрмашұлы кездесуде айтылған өтініштер мен шағымдардың аяқсыз қалмайтындығына кепілдік беріп, ұсыныстарға толыққанды жауап берді. Ашық та еркін форматта өткен кездесуге тұрғындар ризашылығын білдіріп, әкімнің жұмысына сәттілік тіледі.
Ескендір ЕРТАЙ.