
Биылғы оқу жылының қорытындысын жасап, жаңа оқу жылына тың бағыт-бағдар ұстанған білім ордаларының қазіргі жайы, болашақтағы жоспарлары туралы, жастардың жағдайы туралы Сауран ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбековаға жолығып, сұқбаттасқан едік.
— Ақмарал Үсенқызы, биылғы оқу жылын қалай аяқтадыңыздар?
— 2021 жылы 18 тамыздан бастап, Сауран ауданында 2021-2022 оқу жылында 45, оның ішінде 42-мемлекеттік, 3-жекеменшік күндізгі орта білім беру ұйымында — 23477 оқушы, 50 мектепке дейінгі ұйымында 13 мемлекеттік балабақшада — 1447 бала, 27 жекеменшік балабақшада — 3177 баламен бастадық. Оқу жылын аяқтау барысында қысқаша көлемде бірқатар жетістіктерімізге тоқталатын болсам.
2021-2022 оқу жылында республикалық пән олимпиадасының облыстық кезеңіне ауданымыздан 45 оқушы қатысқан болатын. Оның ішінде жаратылыстану бағыты бойынша 18 оқушы қатысса, оның 9 — жүлделі орындарға ие болды. Қоғамдық–гуманитарлық бағыт бойынша 27 оқушы қатысса, оның 11-і жүлделі орындарды алды. Республикалық оқушыларға арналған байқаулардың облыстық кезеңі бойынша «Жыр -алыбы Жамбыл» ІІІ орын, облыстық «Мұқағали оқулары» ІІ орын, ІІІ орын, облыстық «Ілияс оқулары» ІІ орын, ІІІ орын, облыстық «Әбіш оқулары» ІІ орын — 2, облыстық «Мәшһүр Жүсіп» ІІ орын алдық. «ІQanat» республикалық олимпиадасынан А.Югнаки атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Тинчлик Пайзуллаев химия пәнінен 1 орын иегері атанды.
Халықаралық «Жаз дәурен» балалар байқауына М.Балақаев атындағы мектептің 3 сынып оқушысы Бексұлтан Серікұлы қатысып, жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, спорт саласынан алған жетістіктеріміз де көп. Түркістан облысының әкімдігі дене шынықтыру және басқармасы «Балалар жылы және ТМД халық шығармашылығы және мұра жылына» арналған дойбыдан қыздар чемпионаты І орын — 1, ІІ орын — 1, ІІІ орын — 1, облыс біріншілігі «Еркін күрестен» І орын — 9, ІІ орын — 5, ІІІ орын — 4, облыс жеңіл атлетика (кросстан) 9-11 сынып ұлдар арасында «ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП ЛИГА» І орын-4, облыс бес асықтан 7-8 сынып (қыздар) арасында жеңімпаз атандық. «ҰЛТТЫҚ МЕКТЕП ЛИГА» жүлделі І орын, облыста волейболдан 9-11 сынып (ұлдар) жүлделі І орын, бокстан «Б.Саттархановты еске алуға арналған XVI-Республикалық жарыс» І орын — 7, ІІІ орын — 2, дойбыдан Қазақстан Республикасының чемпионатынан І орын — 1, ІІ орын — 3, ІІІ орын — 6, еркін күрестен жас өспірімдер арасындағы республикалық турнирден І орын — 1, ІІІ орын — 2, «Бокстан Республикалық ашық турнир» І орын — 14, ІІ орын — 6, ІІІ орын — 6 алдық. Ауданымыздағы ұстаздарымыздың жетістіктерін атап айтар болсақ, облыстық «Ыбырай жазулары» байқауы жүлделі І және ІІІ орын, облыстық мұғалімдер олимпиадасы Бас жүлде — 2, І орын — 2, ІІ орын — 3 , ІІІ орын — 2, облыстық «Поэзия әлемі» байқауы І орын — 1, ІІ орын — 2, ІІІ орын — 1, облыстық «Үздік эссе» байқауында жүлделі ІІ орын — 2 мұғалім алды. Облыстық «Әлеуметтік идея» фестивалі — Бас жүлде, облыстық «Жас маман байқауы»жүлделі І орын және ІІІ орын, республикалық мұғалімдер олимпиадасы «Математикалық регата» ІІІ орын З.Аймырзаев есімді мұғаліміміз алды. Облыстық «Тұлпар мініп ту алған» атты өнер фестивалінен облыстық кезеңінен Сауран ауданы І орын алса, мектеп — интернаттар арасында өткізілген аталмыш фестивальдан Сауран ауданына қарасты Қ.Рысбеков атындағы негізгі №5 мектеп-интернаты І орынды иеленді. «ROBOTUR II-ші» облыстық байқаудан Сауран ауданы жүлделі ІІІ орынды иеленіп, оқу жылын осындай жетістіктермен аяқтадық.
— Қазір мектеп пен колледж бітірушілердің, оқушылардың да нарықтағы сұранысқа сай мамандық алып шығуын қалай атқаруға, үйлестіруге болады?
— Жалпы, биылғы оқу жылын — 23477 оқушы аяқтады. 1352 — бітіруші түлектер санын құраса, 70 — алтын белгі иегері, 94 — үздік аттестат иелері болып атанды. Мамандық таңдау — адам өмірінің ең күрделі де жауапты қадамдарының бірі. Яғни, болашақ өмірдің мәні деуге болады. Мамандықты дұрыс таңдау дегеніміз – бұл өмірде белгілі бір орынға ие болу. Қазіргі таңда мамандық таңдау бойынша барлық білім беру ұйымдарында үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Бітіруші түлектер мен мектептердің педагог-психологтары бірнеше семинар-тренингтер өткізді және маман иелерімен брифинг өткізді. Мұндай іс-шаралардың нәтижесі оқушылардың мамандықтарын дұрыс таңдауға, яғни болашақта нарықта сұранысқа ие мамандықтардың иесі болуға бағыт беріп отыр. Сонымен қатар, Серпін «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша еліміздің мамандар тапшы облыстарынан келген ЖОО ның қызметкерлері бітіруші түлектерімізбен кездесулер өткізді. Сонымен қатар, биылғы оқу жылында 9 сыныпты бітірушілер саны 2113 оқушы. Оның ішінде 892 оқушы колледждерге баруға ниет білдіріп отыр.
— Өңірде қанша мектеп үш ауысыммен оқытады? Таяу жылдары қанша мектеп тұрғызу жоспарлары-ңызда бар?
— Бөлімге қарасты 42 жалпы және негізгі орта білім беру мекемесі бар. Аталған орта білім беру мекемелерінің 34-нің ғимараты типтік, 8-нің ғимараты ыңғайластырылған. Аудан бойынша үш ауысымға өту қауіпі бар Т.Айтжанов, Ескі Иқан, С.Қожанов, Шобанақ, Абай жалпы орта мектептері.
Күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін 19 мектеп жұмыс жасайды. Соның ішінде 6 мектептің жобалық сметалық құжаттамаларын дайындау үшін мемлекеттік сатып алу порталына ашық конкурсқа қойылды. Сонымен қатар, Қарашық, Құмтүйін, Майдантал жалпы орта мектептері апатты жағдайда тұр.
Қазіргі таңда Қос-Мезгіл елді мекенінен 300 орындықты мектеп құрылысы жүріп жатыр. Ағымдағы жылдың қараша айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Алдағы уақытта ауданымызда 2024 жылы 600 орындықты 4 мектеп (Қарашық, Шобанақ, Құмтүйін) 300 орындықты 1 мектеп (С.Қожанов) жаңа ғимараттар бой көтереді. 2025 жылы 300 орын (Абай жом) 1 мектеп, 600 орын 2 мектеп (Т.Айтжанов, Майдантал жом) жаңа ғимараттары салынады.
— Биылдан бастап білім мен ғылым министрліктерінің ара жігінің ажырауы әрбір саланың дербес бюджеті болып, жедел дамуына жеткізеді деп ойлайсыз ба?
— Бұл шешім білім және ғылым жүйесін одан әрі дамыту үшін өте маңызды. Білім негізі мектепте қаланатынын ескерсек өте дұрыс шешім. Жалпы, бұл шешімдердің барлығы қазақстандық ғылымды жан-жақты дамытуға, оның бәсекеге қабілеттігін арттыруға және еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық прогресіне үлес қосуға бағытталған. Сондай-ақ, қабылданған шешім білім беру мекемелерінде ғылыми жобалармен айналысу тоқтап қалады деген сөз емес, осы саладағы атқарған абыройлы істері бұрынғыдан да өнімді болады деген сенімдемін.
— Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
— Қазіргі таңда білім бөліміне қарасты мектептерге полиция инспекторы және аумақтық инспектор бекітілген. Олар педагогтармен бірлесіп профилактикалық іс-шаралар жүргізеді. Атап айтар болсақ, аудан мектептерінде прокуратура, аудандық полиция басқармасы өкілдерімен «Жасөспірім», «Түнгі уақыттағы балалар» тақырыптарымен түнгі рейдтер жүргізілді. «Мектеп, отбасы және мектеп оқушыларының психологиялық денсаулығы» тақырыбында жалпы мектептік ата-аналар жиналыстары, «Менің қауіпсіздігім» атты сынып сағаттары, «Ерте отбасын құру: артықшылығы мен зияны» тақырыбында ата-аналар және оқушылармен сұхбаттар, қалалық полиция басқармасы есебінде тұрған балалармен «Мен өз елімнің патриотымын» атты спорттық жарыс, «Қоғамда зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» тақырыбында кітап және фото көрмесі, жасөспірімдерге құқық бұзушылық, есірткі және психотроптық заттарды қолдану және сақтағаны үшін қылмыстық, әкімшілік жауапкершілік туралы ақпарат беру мақсатында жоғарғы сыныптарға лекция, «Жас ұрпақты есірткі экспансиясынан қорғау және денсаулық мәдениетін қалыптастыру» тақырыбында байқау өткізілді. Бұл шаралардың барлығына мектеп оқушылары жүйелі қатысып отырды.
Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен панасыздықтың алдын алудың табыстылығы оқу үдерісінің сапалы ұйымдастырылуына, сабақтан тыс және каникул кезіндегі демалыс уақытының тиімді ұйымдастырылуына және жүйелі түрде бақылау мониторингінің жүргізіліп отырылуына байланысты. Мектептерде ұйымдастырылған үйірмелерге оқушылардың өз қызығушылықтары бойынша спорттық секцияларға 16032 мың оқушы тартылған.
— Оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлықты қамқоршылық кеңес пен кәсіподақ ұйымы арқылы шешуге бола ма?
— Ия, елімізде сыбайлас қарсы саясатты күшейту шараларына орай, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұ-жырымдамасы аясында жұмыстар үйлестірілуде.
Дегенмен бұл екі ұйыммен ғана нақты шешіледі деп айтуға болмайды. Себебі Қамқоршылық кеңес пен Кәсіподақ ұйымдарының өздерінің атқаратын негізгі қызметтік функциялары бар.
Жалпы, бөлім тарапынан 2021-2022 оқу жылында 4 рет арнайы адалдық алаңының мамандары мен мектеп басшылары арқылы кездесулер өткізіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, парасаттылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет тақырыптарында жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар, бөлімге қарасты мектепке дейінгі мекемелерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтері бойынша мамандар бекітіліп, іс-шара жоспарлары жасалып, ішкі талдау жұмыстары жүргізіліп келеді. Ал, білім алушылармен жыл көлемінде парасаттылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру іс шаралары ұйымдастырылуда. Жемқорлықты болдырмау мен алдын алуға ашық түрде осы салаға қатысты ұйымдар мен қоғам болып (ата-аналар, педагогтер, оқушылар) атсалысқанда ғана он нәтиже көрсетеді.
— Білім министрі еліміздегі балабақшалардың талапқа сай еместігін, оларды лицензиялау керектігі жөнінде сөз қозғады. Балабақшаларды аттестациялау кезінде олардың 80 пайызы көңілден шықпаған. Сауран ауданындағы балабақшалардың жағдайы қандай күйде?
— Ауданымызда 13 мемлекеттік және 27 жекеменшік бөбекжай-балабақшалары орналасқан. Ауданымыз балабақшамен 99% қамтылған.
Мемлекеттік балабақшада 1-6 бала саны -1447, оның ішінде 2-6 жас аралығындағы бала саны -1241. Жекеменшік балабақшада 1-6 жас аралығындағы бала саны — 3177, оның ішінде 2-6 жас аралығындағы бала саны — 2754, 3-6 жас аралығындағы бала саны — 919. Жалпы, барлық балабақшалар талапқа сай жасақталған. Тамақтар стандарттқа сай бекітіліп, қадағаланып тұрады. Ойын алаңдары, жатын жайлар жеткілікті.
— Мектеп құрылысын жүргізу мәселесін жергілікті әкімдік құзырынан алып, білім мекемесінің өзіне берілді деген ақпарат бар. Осы мәселенің басын ашып айтсаңыз?
— Мектеп құрылысын жүргізу мәселесі бойынша біздің тарапымыздан тек, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасына қажетті құжаттарды дайындап сұраныс жасаймыз. Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы Түркістан облысының құрылыс басқармасына өткізеді. Құрылыс басқармасы өз теңгеріміне алып, құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң, білім беру мекемесінің теңгеріміне беріледі. Бұл жерде білім беру мекемесінде балаларды оқытуда ешқандай кері әсері болмайды.
— Оқу процесін жақсартуға, мұғалімдердің біліктілігін көтеру жолында қандай қам-қарекеттер жасап отырсыздар?
— Өздеріңіз білетін биылғы жыл «Балалар жылы» деп аталып отыр. Осы орайда, оқу процесін жақсарту мақсатында жалпыға міндетті білім беру қоры есебінен 2418 бала ыстық тамақпен қамтылды. Ауданымыздың шалғай елді мекендерінде тұратын 1577 оқушыға ауыл округтеріндегі мектептерге бару және кері қайтуына тасымал ұйымдастырылды. Сондай-ақ, мектептің әлеуметтік педагогтары әлеуметтік осал топтағы балаларға меценаттар мен демеушілер тарапынан «Мектепке барар жол», «Жүректен жүрекке», «Қайырымды жүрек», «Отбасы күні», «Дүниежүзілік балалар күні» қайырымдылық акцияларын ұйымдастырды. Өз қызметін нәтижелі атқару үшін және кәсібилік пен құзырлылық деңгейін көтеру мақсатында арнайы білімдік бағдармалар арқылы оқыту, кәсіби дамыту, іс-шараларына қатыстыру және оның өз білімін көтеруі бойынша біліктілікті арттыру курстарына қазіргі таңда 641 мұғалім жіберілді.
— Ақмарал Үсенқызы өзіңізді толғандырып, көкейіңізде жүрген мәселелерді айтып өтсеңіз?
— Қазіргі таңда ең өзекті мәселе ауыл мектептеріндегі бала санының өсуіне байланысты үш ауысымда оқу қауіпі бар мектептердің мәселесін шешу. Сонымен қатар, біршама мектептерде 10-20 жыл көлемінде күрделі жөндеуден өтпеген, сол мектептерге жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша жұмыстар атқарылуда.
— Ақмарал Үсенқызы, салиқалы сұқбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Ләззат САРЫБАЕВА.