
Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев Қабланбек ауылдық округіне қарасты Тыңтөбе елді мекеніндегі Ырысты көшесіне төселген асфальт жамылғысының сапасына ауыл тұрғындарының қатысуымен қоғамдық бақылау жүргізді. Қоғамдық бақылауға ауылдық округтің әкімі, ауыл биі, ауыл ақсақалдары, мердігер және техникалық қадағалаушы мекемелердің басшылары қатысты.
Жолдың жай-күйімен танысып шыққан аудан басшысы жауапты мекеме міндеттеріне салғырт қарамай, бөлінген қаражатты тиімді игеруі керектігін айтып өтті. Жыл сайын республикалық, облыстық және ауданаралық жолдарды жөндеу үшін қыруар қаржы бөлінеді. Дегенмен, жөндеу жұмыстарын жүргізетін кейбір мердігерлер сапаға емес, жұмысты белгіленген уақытта аяқтау қағидасына жүгінетіндіктен, салынған жол бір жылға да жетпей бүлініп жатады. Сол себепті мердігер мекеме басшысына ел игілігіне бағытталған жұмыстардың сапасына қатаң мән беру қажеттігі ескертілді.
– Үлкен жолдың бойында тұрсақ та талай жылдан бері топырақ кешіп жүр едік. Енді, міне, көшемізге асфальт төселді. Бұған, әсіресе, балаларымыз қатты қуанды. Көшеміздің ажары кірді. Бұл үшін ауыл тұрғындарының атынан алғысымыз шексіз, – деді аудан әкімімен жүздескен Тыңтөбе елді мекенінің тұрғыны Тұрсынхан Мамырайымов.
Қазіргі таңда аталған көшенің 1,6 шақырымына асфальт төселген. Сонымен қатар, биыл жергілікті бюджет есебінен Қабланбек ауылдық округіне қарасты Зах және Тасқұлақ елді мекендеріндегі 7 көшенің 5 шақырымына асфальт төселетін болды. Құрылыс жұмыстарының нәтижесінде Қабланбек ауылдық округіндегі асфальт жолдардың үлесі 58 пайызға артады.
Г.Нышанқызы.