
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын, банк қызметін реттеу мен дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Жаңа заңда не қарастырылған? Енді несие берудің шарты қандай?
Қолданыстағы заңға сәйкес барлық несие бойынша жиынтық төлемдер сомасы қарыздық жүктеме коэффициентінен аспауы керек. Бұл несие төлемдері жалпы кірістің 50 пайызынан аспауы керек дегенді білдіреді. Мысалы, 200 мың теңге жалақы алатын адам жалпы төлем сомасы 100 мың теңгеден жоғары несие ала алмайды. Егер кіріс мөлшері қазірдің өзінде аз болса және оған қоса әлеуетті қарыз алушының қамқорлығында кәмелетке толмаған балалар болса, онда несиелер бойынша төлемдердің жалпы сомасының қалдығы ең төменгі күнкөріс деңгейінен (шамамен 37 389 теңге) және 0,5 (18 мың теңге) әр балаға ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болмауы керек.
Жаңа заңда қандай өзгерістер бар?
Осы заңның басқа тармақтары арасында қаржылық институттардың өз клиенттерінің несие тарихтарын ұсыну мерзімдеріне қатысты өзгерістер бар. Бұған дейін қаржы ұйымдары, банктер мен микроқаржы ұйымдары несие туралы ақпаратты Несие бюросына 15 күн ішінде ұсынуы керек еді. Осылайша, табысы жеткіліксіз азамат, мысалы, микроқаржы ұйымынан немесе онлайн режимінде бір несие ала алады. Осы уақытта Несие бюросындағы ақпарат жаңартылғанға дейін оған банктен несие берілуі мүмкін еді. Нәтижесінде оның несиелерінің жалпы сомасы қарыз жүктемесінің коэффициентінен асып кетеді. Айталық, 200 000 теңге жалақымен ол алған несиесі үшін 150 000 теңге төлесе, осының бәрі азаматтардың қарыз жүктемесін ауырлатып, оған қоса кешіктірілген жағдайда айыппұлдар мен өсімпұлдардың өсіп кетуіне әкеліп соқтырады.
Енді жаңа заңға сәйкес, барлық қаржы институттары, тіпті ломбардтар немесе онлайн шағын несие беру орталықтары бір жұмыс күні ішінде ақпарат беруге міндетті, бұл қарыз алушыларға табысының 50 пайызынан асатын төлемдермен бірнеше несие алуды қиындатады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өкілдерінің айтуынша, аталған өзгерістер табысы қарыз жүктемесінің 50 пайызынан асатын адамдарға жаңа заң несие алуға кедергі болмайды. Иә, елімізде қарызға күнелтіп жүргендер аз емес. Тіпті, уақыт өткен сайын мұндай адамдардың саны көбейіп келеді. Ипотеканы айтпағанда, тұтынушылық несие алу өткен жылмен салыстырғанда 40 пайызға өскен екен. Ал, жаңа заң «алмақтың да салмағы бар» екенін ескере бермейтіндерді тәртіпке келтіреді деген сенім бар. Осылайша қарыз алушыларды заңмен тоқтатпаса, бір қарызына екінші қарызын жамап алып, қиналып жүретіндердің қатары азаяр емес. Бір сөзбен айтқанда, мұндай қадам қазақстандықтардың несиелік жүктемесін азайту үшін жасалынып отыр.
Ұлас ҮСЕНБАЙ.