
Жартытөбе ауылдық округінің әкімі Болат Есенқабыл Созақ ауданындағы ең жас әкімдердің бірі. Ол бұған дейін аудан әкімі аппаратында қызмет атқарған болатын. Жуырда Жартытөбе ауылына арнайылап барып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып қайтудың сәті түсті.
Жартытөбе ауылдық округінде ауыл шаруашылығына бағытталған жер көлемі – 185927 гектарды құрайды.
Биыл ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу жұмыстарының нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 1109 гектар жер учаскесі анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылды.
Жартытөбе ауылдық округінде 2022 жылы 4535 гектар егістік жерді игеру межеленген болатын. Бүгінгі таңда ол жоспар толығымен орындалды. 100 гектар бидай, 600 гектар арпа, 200 гектар мақсары, 90 гектар жүгері, 38 гектар картоп, 41 гектар көкөніс, 42 гектар бақша, 550 гектар мал азығы дақылдары егілді.
«Сыбаға», «Алтын асық» бағдарламалары аясында үш жақты келісімшарт негізінде 2021 жылға 30 асыл тұқымды бұқа сатып алынды. Биыл «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 101 асыл тұқымды қошқар сатып алу жоспарлануда. Ауылдық округ 2021 жылы «Алтын күз» жәрмеңкесінде ІІ орын иеленген болатын.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Орталық» ӨК» ЖШС-і әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ұдайы көмек көрсетіп келеді. Серіктестік былтыр 50 отбасыға 100 тонна көмір таратты. 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне сый-сияпат, демеушілер есебінен аз қамтамасыз етілген 6 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілді.
Округ аумағында 2 ауылдық клуб, 2 кітапхана, 3 мектеп кітапханасы жұмыс істейді. Мереке күндерінде көпшілікке арналған мәдени, спорттық шаралар өткізіледі.
2020 жылы Бабата елді мекеніндегі «Ысқақ баб» кесенесін жаңғырту мақсатында асхана мен шағын тұрғынжай салынды. Аққолтық елді мекенінен кіші футбол алаңы салынып, ауыл жастарына тарту етілді. Бабата елді мекенінде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш пен балалар ойын алаңшасы салынды. 2021 жылы Аққолтық мешітіне мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектердің есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, күмбездері ауыстырылып, ас беруге арналған жаздық асхана ашылды. Биылғы шілде айында «ҚазАтом-Пром» АҚ демеушілігімен Жартытөбе және Аққолтық елді мекендерінде балалар ойын алаңы мен спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді. Жергілікті бюджет есебінен 2021 жылы Бабата елді мекенінің көшелеріне толықтай асфальт жол салынса, Жартытөбе елді мекенінің 4 көшесі жарықтандырылды. Аққолтық елді мекенінен 75 орынды ауылдық клуб ғимаратының жаңа құрылысы басталды. Оның құрылысы бітуге таяу. 2022 жылы Аққолтық елді мекеніндегі Құлыншақ Кемелұлы көшесі 8500,0 мың теңгеге жарықтандырылды. Қазір Қ.Әлібиев көшесінің 1,6 шақырымын жарықтандыру жұмыстары басталған. Биыл Аққолтық елді мекенінің №2 көшесінің бір шақырымына асфальт төселінді. 480 метр жолға қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Жартытөбе елді мекенінің С.Сейфуллин және №2 көшелеріне асфальтталынбақ. Жартытөбе ауылдық округі бойынша барлық елді мекендерде ауыз су тәулігіне 24 сағат бойы тұрақты беріліп келеді. Алайда, су құбырларының ескіруіне байланысты кейбір құрылғыларын ауыстыруды қажет етеді. Ол мәселені шешу үшін жоғары орындарға ұсыныс берілген. Ауылдық округ елді мекендерінде бүгінде санитарлық тазалық жұмыстарымен бірге, көркейту, абаттандыру жұмыстары да тұрақты жүргізіліп келеді.
Алдағы уақытта ауылдық округ әкімі барлық елді мекендерді 100 пайыз асфальт жолмен қамту, көшелерді жарықтандыру және Құлыншақ Кемелұлы атындағы мектеп ғимаратын спорт және мәдени сауықтандыру орталығына айналдырып, бокс, күрес, үстел теннисі, сондай-ақ домбыра, би, басқа да шығармашылық бағыттағы үйірмелер ашуды жоспарлап отыр.
Мақсат ҚАРҒАБАЙ. Созақ ауданы.