ӨРТТЕН ЖАПА ШЕККЕН КӘСІПКЕРЛЕРГЕ «ТҮРКІСТАН» КОРПОРАТИВТІК ӘЛЕУМЕТТІК ДАМУ ҚОРЫ АРҚЫЛЫ КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ

Өрттен жапа шеккен кәсіпкерлерге көмек беру мақсатында көршілес Мақтаарал, Жетісай ауданының кәсіпкерлерімен облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов, Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек кездесу өткізді.
Өз кезегінде кәсіпкерлер «Күлпаршын» базарында болған өртте тауары өртеніп кеткен саудагерлерге моральдық-материалдық көмек беруге әзір екендіктерін жеткізді.
Жетісайдағы өртенген базар кәсіпкерлеріне шығындарын өтеу мақсатында қор ашылған болатын. Қазіргі таңда ел ішінде аталған қорға қаражат жинау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
«Түркістан» Корпоративтік әлеуметтік даму қоры» арқылы тілсіз жаудан жапа шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсетуге болады.
Сонымен қатар, Жетісайдағы өртенген базардың кәсіпкерлері көмексіз қалмайды. Өмірзақ Шөкеев Жетісайдағы өртенген «Күлпаршын» базарына келіп, жағдаймен танысты. Базар иесімен кездесіп, әкімдік тарапынан қолдау болатынын айтты.

— Ешкім көмексіз қалмайды. Базар басшылығы кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіп, жанған тауар шығынын заң аясында өтеу керек. Бірінші мәселе, базарды қалпына келтіріп, тездетіп іске қосу қажет. Ол үшін жақын маңдағы аудандардан бригадалар алдырамыз. Әр секторға жөнделетін базар қатары бекітіледі. Әр павильонды 6-7 топқа бөліп, кәсіпкерлер мәселесін оңтайлы шешуді қадағалаймыз, — деді өңір басшысы.
Қазіргі таңда зардап шеккен кәсіпкерлерді басқа сауда орындарына уақытша орналастыру бойынша «Қарақай» сауда базарына және «Күлпаршын» базарының өрт шалмаған орындарына жайғастыру жұмыстары жүргізілуде.
Жетісайда күн батқанына қарамастан, базар аумағында өрт қалдықтарын тазалау жұмыстары жалғасуда.
Жұмыс барысын тексеруге облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай келді.
Қызыл жалыннан зақым келген 900 шаршы метр жерді жылдам реттеу үшін 6 секторға бөлінді.
Әр секторда Жетісайға жақын орналасқан 6 ауданнан, яғни Мақтаарал, Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай, Қазығұрт аудандарынан келетін құрылысшылар жұмыс істейді.
Базардағы құрылыс жұмыстары 1 айда толық бітеді.
Жақын күндері кәсіпкерлер барлық өрт қауіпсіздігі сақталған жаңа базарға кіреді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *