ТҮЛКІБАСТЫҚ ЖАСТАР ДАРА ТҰЛҒАНЫҢ ӨМІР ЖОЛЫМЕН ТАНЫСТЫ

27 просмотров

Түлкібаста қазақ әдебиеті мен журналистика саласының майталманы, белгілі қаламгер, журналист және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар легі аудандық кітапханада жастар арасында өз жалғасын тапты.

Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен «Қазақ сөз өнерінің алыбы» атты дөңгелек үстелге аудан әкімі Нұрлан Байғұт, ғалым, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметұлы, Шерхан Мұртаза атындағы Республикалық қайырымдылық қорының төраға орынбасары Сембек Ералы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Қасымбек Сәтбай, ауданымыздың құрметті азаматы, ақын Әбдібек Аралбайұлы, мектеп директорлары, кітапхана ұжымы, жастар мен кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты.
Салтанатты шарада аудандық «Шамшырақ» қоғамдық саяси газетінің бас редакторы Марат Қалтаев модератор болды.
Тағылымы мол шарада арнайы шақыртылған қонақтар барлық өмір жолын еліне, жеріне арнаған дара тұлғаның өмір жолы мен шығармалары жайында әңгіме өрбітіп, жастарды Шерағамыздың құнды дүниелерінен өнеге алуға шақырды.
Замандасы Мекемтас Мырзахметұлы, Шерағамен басқосуларындағы естеліктерімен бөлісіп, халыққа қызмет ету жолындағы адалдығы өскелең ұрпаққа үлгі болу керектігін атап өтті.
Аудан әкімі Нұрлан Мархабатұлы Шерағаның өмір жолын үлгі тұтатының жеткізді. Және де аудан басшысы дара тұлғаның Интернат наны, Қызыл жебе сынды туындыларын оқығандағы алған әсерімен бөлісіп, жастарға оқуға кеңес берді.
Ауданымыздың бас ақыны Әбдібек Аралбайұлы Шерағаға арнап шығарған өлен шумақтарын көпшілікке паш етіп, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қасымбек Сәтбай, Шерхан Мұртаза атындағы Республикалық қайырымдылық қорының төраға орынбасары Сембек Ералы, мектеп директорлары, кітапханашылар мен оқырмандар қауымы өздерінің ой пікірін білдірді.
Шара соңында ұлттық салт-дәстүрімізге сай Нұрлан Мархабатұлы ауданымыздың мақтанышы Мекемтас Мырзахметұлының иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.