
Аудан әкімі М.Отаршиев Сарыағаш қаласы, Самал мөлтек ауданында құрылысы аяқталуға жақын 900 орындық мектептің құрылысымен танысты.
Жыл санап бала санының өсуіне байланысты №60 «Самал» жалпы орта мектебі үш ауысымға өту қаупі туындаған болатын. Осыған орай, жаңа мектеп ғимаратын салу үшін аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, бүгінгі таңда мектеп ғимаратының құрылысы аяқталуда.
Қазіргі таңда мектептің құрылыс жұмыстарын «ЖАҢА АРНА 2002» ЖШС-і жүргізуде. Жаңа білім ғимаратының жалпы аумағы – 2,6 гектарды құрайды. Аталған аумақта оқу корпустары, физика, химия, биалогия кабинеттері, асхана сондай-ақ спорт алаңшасы орналасқан. Жоспарға сәйкес, аталған білім мекемесінің нысанын тапсыру мерзімі ағымдағы жылдың қазан айы.
Құрылыс нысанын аралау барысында аудан басшысы тиісті сала басшыларына талап қойып, орын алған кемшіліктерді түзетуді тапсырды. Сондай-ақ, белгіленген графикке сәйкес құрылыс нысанын ел игілігіне тапсыру керектігін айтты. Сонымен қатар, оқушылардың қауіпсіздігі үшін жаңа мектеп ғимаратында бейнебақылау жүйесін орнату қарастырылған.
Айта кетсек бүгінгі таңда аудан бойынша 7 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 3 мектеп ағымдағы жылы пайдалануға берілсе қалған 4 мектептің құрылысы келесі жылы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беру жоспарлануда.