САТТАР АРМАНДАҒАН ӘДЕБИЕТ

Саттар шығармаларын оқи отырып, осылайша тақырып қойған – біз. Негізі, қай қаламгердің де армандайтыны жақсы әдебиет қой: оған талас жоқ. Соған сай, оқырманның да жазушыдан күтетіні  — жақсы шығарма. Ал шығарманың жақсы болуы, жазушының парасат-пайымына, білім-білігіне, таным көкжиегіне және оның оңды сипаттағы адамгершілік қасиеттеріне байланысты. Ең бастысы, оның жүрегі таза болуы керек. Таза жүректі шебердің қолынан шыққан кез-келген өнер туындысы, жүректерге жол тауып, күннің жылы шуағындай, жалпы жұрттың жанын жылытады. Саттар шығармаларының басты сипаты осы. Бұл, біріншіден, Саттардың тым жас кезінде, балаң көңілден қалам тартқанынан болса, екіншіден, адамгершілігі мол қарапайым да, көпшіл қазақ болғанында. Біз мұны Саттар туралы жазылған естеліктерден және өз шығармаларындағы мөлдіреп түскен мөлтек сырлардан айқын аңғарамыз. Ақжарма ақкөңілен ағыл-тегіл ағытылған сөздер көңіліңіздің қыл пернелерін дәл басып, сазды шертеді.

«Бақыт» деп аталатын шап-шағын новелласы: «Мен бақытты көрсем деуші едім» — деп басталатыны баршаға аян. Шындығында, бақытты кім көргісі келмеуші еді; барлық адамның да көргісі келеді оны, бақытты болғысы келеді. Бұл бүкіл адамзатқа тән аңсар. Аңсайды бәрі бақытты болуды. Бірақ бұл өмірде бар болудың өзі – шын бақыт екенін екінің бірі бағамдай бермейді. «Бақыт» новелласы шынайы жазылған шығарма; бір қарағанда жас жазушының кезекті бір ой ағындарының сәттік көрінісі секілденгенмен, мұнда үлкен пәлсапалық астар бар. Астарлау – жазушыға тән қасиет.

Ал енді шынайы жазу дегеніңіз – көрген-білгеннің бәрін жіпке тізе беру деген сөз болмаса керек. «Саттар армандаған әдебиет» дегендегі айтпағымыз – әдебиет нормаларын сақтай          отырып, әдепті де әдемі жазылған әдебиет еді. Ал енді Саттардың өзі автор ретінде, осы үддеден табылып-табылмағанын таразылау, ол әдебиет тамыршылары мен көпшілік оқырман қауымның қалауындағы, таңдауындағы тірлік. Ол үшін Саттарды оқу керек немесе жазушы шығармаларының аудио нұсқасын тыңдау керек. Сөйтіп жаңа заман технологияларын тиімді пайдаланған жөн.

Негізі оқырманға керегі — жазушының не жазғаны емес; қалай жазғаны, қандай көркемдік құралдарды пайдаланғаны және оның сөздік қоры. Осы тұрғыдан қарастырсақ, Саттар шығармаларының өміршеңдігін байқаймыз.

Саттар Ерубаев музейінің қызметкері

Ердос АҚБОЛАТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *