ТҮРКІСТАНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТАЛАПТАРҒА САЙ МҰЗ САРАЙЫ АШЫЛАДЫ

10 просмотров

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.
Бүгінгі таңда облыс орталығында Мұз сарайының құрылысы қызу жүргізілуде. Бұл жайында бүгінгі баспасөз-туры барысында аталған нысанның құрылысын жүргізіп жатқан «Integra Construction» ЖШС-нің бас инженері Саян Құрманов айтты.
Жауапты сала өкілінің мәлімдеуінше, Мұз сарайы 1200 көрерменге арналған. Қазіргі таңда мұз айдынының жер асты бетон құю, шатыр жабу жұмыстары толық аяқталған. Ал ішкі әрлеу жұмыстары 90% құраса, мұз айдынына қажетті құрал-жабдықтардың 85%-ы жеткізілген. Қалғаны наурыз айының ортасына дейін әкелінеді. 30×60 метр көлеміндегі мұз айдынында шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, балалар арасында шорт-трек сайыстарын тамашалауға мүмкіндік бар.
— Түркістан тарихында тұңғыш рет қысқы спортпен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік жасалады. Мұз сарайына қажетті негізгі жабдықтар италиялық Itema компаниясынан, мұз төсегіш машина Канададан жеткізіліп жатыр. Трансформациялық борттар Финляндияда жасалған. Оның ерекшелігі, мәнерлеп сырғанау мен хоккей алаңдарын озық технология бойынша өзгертуге болады. Яғни, қорғау борттары автоматты түрде жылжып тұрады. Осының арқасында бірнеше спорт түрі бойынша мұз сарайын тиімді пайдалануға болады. Елімізде мұндай аренаның баламасы жоқ. Мұз сарайының құрылысы болашақта түркістандық өрендердің қысқы спорт түрлерінен биік белестерді бағындыруына мүмкіндік береді деген сенімдеміз. Сонымен қатар, еліміздегі санаулы кәсіби хоккей командаларының қатарын түркістандық хоккейшілер толықтыруы әбден мүмкін. Бұл Мұз сарайы сәуір айының соңында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр, — деді С.Құрманов.
Айта кетсек, бүгінде облыс орталығында заман талабына сай «Olympic Center» спорт кешені халыққа қызмет көрсетуде, былтыр теңдесі жоқ теннис орталығы ашылды. Сондай-ақ Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Түркістанда олимпиадалық үлгідегі ескек есу каналы бағытындағы спорт кешені бой көтеріп жатыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.