Түркі жұртының орталығына айналған Түркістан облысына биыл бес жыл. Сан ғасырлық тарихы бар киелі шаһардың бес жылда айтарлықтай өзгеруі көз қуантады. Жыл өткен сайын экономикасы жан-жақты дамыған өңірлер арасында алдыңғы қатарда келе жатқаны хақ. Сонымен қатар, биыл Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы толықтай іске қосылмақ. Қанаққақты жобаның басты мақсаты халықтың әлеуетін арттыру болып табылады. Пилоттық жобаға қатысатын 32 ауылдық округте тұратын мыңдаған тұрғын үйін кепілге қойып, 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие ала алады. Орташа несие көлемі — 5 млн.теңге. Осыған байланысты, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл орайда, биыл елімізде халықтың табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынды. Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беру басталды.
Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Бекмұратовтың айтуынша,
«Ауыл аманаты» жобасына облыстың 16 ауданынан 32 ауылдық округінің тұрғындары қатыса алады. Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл облыс шаруалары үшін бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жалпы өңірімізден орташа есеппен алғанда 2500-ден аса азамат бағдарламаға қатыса алады деп жоспарланып отыр. «Аталған жоба ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады: өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау және тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндігі бар», — деді Нұрбол Бекмұратов.
Сауран ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәкен Оразбаев айтуынша, -Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға арналған қанатқақты жобасы аясында облыстағы 16 ауданға Республикалық бюджеттен 11 млрд.теңге қаралған. Қанатқақты жоба болғандықтан әр ауданнан екі ауылдық округ тұрғындарын негізгі алты бағыт бойынша қаржыландыру көзделіп отыр. Соған біздің Сауран ауданымыздан екі ауылдық округтің мүмкіндігі жоғары болғандықтан таңдалып отыр. Ол Оранғай мен Қарашық ауылдық округтері. Себебі, екеуі де Түркістан қаласының іргесінде орналасқан. Жері шұрайлы, халқы бейнеткеш ауылдар. Мұнда атап айтқанда, өсімдік, мал, құс, балық шаруашылығын дамыту көзделеді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау жүзеге асырылады. Тұрғындардың өз кәсібін ашуына қолайлы жағдай жасау – басты мәселе болып табылады.
Бұл негізінен басқа ауылдарды алалау емес. Облыс әкімдігі Сауран ауданында сүт өндіру, құс өсіру, азық-түлікті қайта өңдеу, жылыжай бағытын мықтап қолға алуды арнайы тапсырма ретінде ұсынып отыр. Осылардың ішіндегі таңдаулысы Оранғай мен Қарашық болғандықтан соларға басымдық беріліп отырғаны рас.Қанатқақты жоба бойынша мүдделі ауылдық округтер мен тұрғындарына, жеке кәсіпкерлеріне тоғыз талап қойылады. Алдымен несие алушының жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі міндетті. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінде мүшелікте болуы, басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның болмауы, мемлекеттік кірістер органдары алдында берешектің болмауы керек. Несие алушының жасы зейнет жасынан аспауы тиіс, несиені кепілмен қамтамасыз ету мүмкіндігі, несиені кепіл нысанын сақтандыру қажет екендігі қарастырылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, мал қора секілді қолайлы аса қажетті жағдайлардың болуы шарт. Одан кейін қаржыландырылған жоба аясындағы өндірілген өнімді ауыл шаруашылық өндірістік кооперативке өткізу немесе өткізу жолдарын ұсыну көзделеді.
-Әрине, дұрыс айтасыз. Біздегі шағын кәсіпорындар мен шаруа қожалықтары ісін дөңгелетіп кете алмай отыр. Себебі, жем-судың да бағасы, жанар-жағар май, техникалық қызмет түрлерінің, тыңайтқыштардың да бағасы аспандап кеткені рас. Сондықтан біз алдағы жылдары шаруашылықтарды өз салаларына орай, біріктіруді, ірілендірудің жолын ұсынып отырмыз. Мәселен, несиенің ең жоғарғы сомасы – кооперацияны дамыту үшін 27 600 000 теңгеге дейін (8000 АЕК), жеке қосалқы шаруашылығын дамыту үшін – 8 625 000 теңгеге дейін (8000 АЕК). Екі ортадағы айырмашылық үш есеге дейін барып қалады. Қаржыландырудың ең аз мерзімі – 12 ай болса, ең ұзақ мерзімі – 84 айға дейін жалғасады.
Негізгі борышты өтеу шаруаның ыңғайына қарай ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет, жылына бір рет берілген есебіне қарай ыңғайланады. Сыйақыны өтеу де шаруаның ыңғайына қарай ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет, жылына бір рет қарастырылып отырады. Негізгі кепілге жылжымайтын мүлік, қосымша кепілге жер телімдері мен көлікті қоюға болады. Шаруаларға да кооперативке де борышты өтеу бойынша бір жылға дейін жеңілдікті кезең қарастырылған.– «Ауыл аманаты» қанақтақты жобасына қатысушы ретінде аталған ауылдық округтерде кооперацияға бірігіп жұмыс істеу тәжірибесі бар. Қайта өңдеу кәсіпорыны мен жұмысы тоқтап тұрған фермерлік жылыжайлар бар. Сонымен қатар әрбір үйдің ауласында негізінен көкөніс өсіріледі.
Бүгінгі күнге ауылдық округтер әкімдіктері тарапынан әлеуетті қарыз алушылардың тізімін жасақтау жалғасуда. Жұмысшы топ құрылып, несие алуға қажетті кепіл нысанының құжаттарын жинақтау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге екі ауылдық округте 165 адам несие алуға ниет білдіріп отыр. Өтінім бойынша қажетті қаражат көлемі – 1060,8 млн.теңге. Қарашық ауылдық округі бойынша 1725 аулада 11 215 тұрғын бар. Несие алуға ниет білдірген 96 отбасы, оның ішінде 12 отбасы АӘК алушылар. Қажетті қаражат көлемі – 564 млн.теңге. Қарашық ауылдық округінде сүтті қайта өңдеумен айналысатын «Картекс Агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар. Ондағы мүшелер саны – 132 адам. Сүт өңдеудің жылдық қуаттылығы – 1200 тоннаға жетіп отыр. Сиыр сүтін жинақтау қоймасының сыйымдылығы – 20 тоннаға барады. «Картекс Агро» АШӨК тәулігіне 40 тонна түйе және сиыр сүтін өңдеп, өндіруге мүмкіндігі бар. Қазіргі таңда «Картекс Агро» АШӨК шикізат тапшылығына байланысты толық жұмыс жасамауда. Отбасылық сүт фермаларын ашу бағытына қаражат берілсе, тәулігіне 40 тонна түйе және сиыр сүтін өңдеуге мүмкіндігі бар. Жаңадан 162 жұмыс орыны ашылады деп күтілуде.
– Оранғай ауылдық округі бойынша 1427 аулада 8739 тұрғын бар. Жетпіске жуық отбасы несие алуға ниет білдірсе, оның ішінде 14 отбасы АӘК алушылар. Қажетті қаражат көлемі – 496,8 млн.теңгеге жетеді. Оранғай ауылдық округінде көкөніс, жеміс-жидек дақылдарын қайта өңдеу және сақтаумен айналысатын «Әл-Береке» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің мүшелер саны – 130 адамға жетті. Оларда көкөніс, жеміс-жидек дақылдарын қайта өңдейтін цех және дайын өнімді сақтау қоймасы бар. Көкөніс, жеміс-жидек дақылдарын өңдеу қуаттылығы жылына – 1200 тонна консерві, 1500 тонна шырын сығындысын жасау алады. Сақтау қоймасының сыйымдылығы қазіргі таңда 20 тоннаға жетіп отыр.
Бүгінгі күнге – жылыжай кешенін салу және жаңарту бағыты бойынша – қырықтан астам адам және құс шаруашылығын дамыту бағыттары бойынша тоғыз адам, көкөніс өнімдерін қайта өңдеу бағыты бойынша жиырмаға жуық адам несие алуға ниет білдіріп отыр. Бұл дегеніңіз киелі қала іргесіндегі азық-түлік түрлерін өңдеудің жаңаша бағыт алып, өрісін кеңейтіп келе жатқандығын көрсетеді. Себебі, Қарашық пен Оранғай екеуі де Түркістан қаласына жапсарлас орналасқан ауылдар. Таяу болашақта бұл екі ауылдың да Түркістан қаласының құрамына кіріп кету мүмкіндігі бар. Сондықтан олардағы азық-түлік өнімдерін өңдеу мен ұқсата пайдаланудың жаңа нұсқалары біз үшін аса қажет. Себебі, киелі шаһардағы халық саны күн санап көбейіп келе жатқандықтан мұндағы тұрғындар мен қала қонақтарына сапалы азық-түлік өнімдері мен көкөністерді дер кезінде жеткізу уақыт талабы болып табылады. Сондықтан алдымен осы екі ірі шаруашылықтағы үлгі-тәжірибе ретіндегі қанатқақты жобамыз сәтті жүзеге асырылса, басқа да елді мекендерге таратуды жоспарлап отырмыз.
Атаулы жоба аясында Түркістан облысына қарасты аудандар мен шалғай елді мекендерде түсіндірме шаралары жүргізіліп, жан-жақты қызметтер көрсетілуде. Жуықта ғана Жетісай ауданының Ж.Ералиев, Мақталы, Қарақай және Қазыбек би ауылдық округінің тұрғындарына «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы түсіндіріліп, Ж.Ералиев, Қарақай ауылдық округтерінде арнайы жиын болып өтті. Аталмыш жиынға Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастар бөлімінің басшысы Марат Абуов, «Түркістан» ӘКК» АҚ бас менеджері Бақдәулет Еркеқұл, «Ырыс» МҚҰ өкілі Бердалы Өтепов, «Кәсіпкерлер палатасы» өкілі Ерлан Абдукаримов пен «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының өкілі Ажар Нарботаева қатысты. Басқосу барысында жұмысшы топ мүшелері тарапынан Түркістан облысы тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ауыл экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеруге үлкен мүмкіндіктер беретін аталмыш жобаны жүзеге асыруға ағымдағы жылы Республикалық бюджеттен жыл басында 11 млрд теңге, қосымша тағы 8,7 млрд теңге қаржы бөлінгендігін, сол арқылы 4 000 бірлікке жуық жобаға қолдау көрсетілетіндігін, жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық берілетіндігін айтып, қойылған сұрақтарға жауап берді.
Бұл жоба ауылдық шаруаларға керемет ұтыс лотореясы секілді, себебі ауыл тұрғындарының дерлік барлығы да егіншілік пен мал шаруашылығы арқылы күн кешеді. Мұндай тиімді жоба елімізде тұңғыш рет қолға алынып отырғаны анық.
