Түркістан облысында 2023 жылы жаңа жұмыс орындарын ашу жобасы іске аспақ. Бүгінгі таңда индустриалды аймақта жалпы саны 169 жаңа жұмыс орнына арналған 4 жоба қолға алынған. 2023-2025 жылдарға бағытталған нақты жоспарлар легі мынандай: темірбетон бұйымдары, темір және ағаштан есік жасау, асфальтты бетон өндіруге бағытталуда. Жоба құны 3 млрд. теңгені құрайды. Рухани астананың халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолының бойында орналасуы, қалыптасқан әуе және темір жол қатынастарының болуы өнеркәсіпті өркендетуге мол мүмкіндік береді. Осы ерекшеліктер ескеріліп, облыс орталығында Арнайы экономикалық аймақ құрылып, инфрақұрылым жүйелері тартылған болатын. Қазіргі таңда Түркістан индустриалды аймағында 1330 жұмыс орнын құрайтын 27 жоба қарастырылған. Жалпы құны – 13,01 млрд. теңгені құрайды. Оның ішінде жалпы сомасы 8,564 млрд. теңгені құрайтын 19 жоба іске қосу актісін алған. Айта кетейік, Қазіргі таңда өнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін қолданыстағы индустриалды аймақ 350 гектарға дейін ұлғайтылып, инфрақұрылымы жасақталуда. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында қажетті қаражатқа қол жеткізуге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында да сүйемелдеу жұмыстары ұйымдастырылған. Бүгінде облыс орталығында өнеркәсіпті дамыту бойынша инвесторлар тарту шаралары қарқын алған. Инвесторларға қызмет көрсетуші компаниялар «Бизнеске арналған үкімет» орталығында «Бір терезе» қағидатымен шоғырландырылған. Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан көрсетілетін қызметтер «Халықтық кеңсе» мен «109» орталығы осы аталған бағыттар бойынша қызмет көрсетеді.

Экономиканы, отандық өнім көлемін арттыру арқылы көтеруді көздеген елімізде бұл саланы дамытудың түрлі жолдары қарастырылып отыр. Соның бірі, инвесторларды тарта отырып, өндіріс орындарын көбейту. Жеке кәсіпкерлерді қолдау, оларға қолайлы жағдай жасау мақсатында құрылған «Turkistan» индустриалдық аймағында атқарылып жатқан істер қатары көбеюде. Осыдан тоғыз жыл бұрын құрылған аймақ аясында небәрі қырық гектар болып белгіленсе, кейіннен, яғни 2018 жылдың 27 желтоқсанында Түркістан қаласы әкімінің шешімімен тағы да екі жүз гектарға, артынша тағы жүз он гектарға ұлғайды. Нәтижесінде аталған индустриялық аймақтың қазіргі таңда жалпы аумағы 350 гектарды құрап отыр. Мұнда кәсіпкерлер үшін түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Кәсіпкерлер құжат рәсімдеу барысында уақыт жоғалтпайды, барлық жұмыс «Бір терезе» қағидасы аясында атқарылады. Өз жатыр. Ал, индустриалды аймақ өкілдері еліміздің өзге өңірлеріне, тіпті шетелдерге де шығып, инвесторлармен кездесулер ұйымдастырып, келіссөздер жүргізіп, өңірдің ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ұсынатын болады. Инвесторлар тартуға облыстық инвестиция және экспорт басқармасы, «Kazakh Invest» АҚ, «Turkistan Invest» және «Атамекен» кәсікерлер палатасы тарапынан да көптеген жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді. «Былтыр «Kazakh Invest» АҚ мен Түркістан облыстық инвестиция және экспорт басқармасының басшылары Өзбекстан және Түркия елдеріне іссапармен барып, екіжақты келісімшарт жасасты. Нәтижесінде «Turkistan» индустриалды аймағына Түркиядан инвесторлар келіп, өз жобаларын осында жүзеге асыратын болды» дейді шаһар басшысы.
Облыс орталығында әлеуметтік-экономикаға байланысты өсім жоғары. Түркістан облысының биылғы 8 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері оң нәтиже беріп тұр. Өңірдегі жалпы сауда көлемі 219,7 млрд. теңгені құрап, 108,8% -ға өсті. Түркістан облысы бөлшек сауда көлемі бойынша елімізде көш бастап тұрған жалғыз өңір. Жыл басынан бергі бөлшек сауда көлемі 150,5 млрд. теңгеге жетіп, 112,4% -ға өсті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 533,9 млрд. теңгені, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 224,2 млрд. теңгені. құрайды. Экономикалық өсудің негізгі драйвері ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 476,9 млрд. теңгеге жеткен. Бұл ретте мал шаруашылығы +0,2%-ға, ал егін шаруашылығы +9%-ға артты. Облыста сиыр сүтін өндіру +0,9%-ға, тауық жұмыртқасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда +10,5%-ға ұлғайды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 168,6 млрд. теңгені, немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне 109,3%-ды құрады. Жалпы республика бойынша тұрғын үй құрылысының бәсеңдеуіне қарамастан, ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысында пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы +33,7%-ға артты немесе 486,1 мың шаршы метрге жетті. Сонымен қатар, облысқа 337,6 млрд. теңге инвестиция бағытталып отыр. Байланыс қызметінің көлемі 4,9 млрд. теңгені, немесе 108,7% құрады. Бұл көрсеткіш бойынша облысымыз үздік үштікке енді. Аталған жобалар аясында Түркістан қаласында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасының «Еңбек» бағыты аясында 6912 адам жұмыспен қамтылды. Қала бойынша халықты жұмыспен қамту мен аз қамтамасыз етілген және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйелі түрде атқарылып келеді. Аз қамтылған азаматтарға 3 727 отбасыға 1144,8 миллион теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған болатын. Ал атаулы көмек алатын отбасылырға, 3927 балаға азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтықтары бар себет берілді». Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков брифингте баяндады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Жолдауында алдағы реформалардың бес бағытын айқындап берді. Мемлекетімізді және қоғамның барлық саласын жаңғырту осы ұстанымдар арқылы жалғасын табады. Өздеріңізге белгілі, саяси реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асырылып келеді. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану жөніндегі тапсырмасы қазіргі таңда киелі шаһарымызда өз нәтижесін беруде. «Қуатты ұлттың діңгегі – халық». Бізге жүктелген негізгі міндет – еліміздегі өзгерістер мен реформалардың халыққа қызмет етуін қамтамасыз ету. Қала экономикасына инвестиция тарту мәселесіне келсек, ағымдағы жылы Түркістан қаласына 179,1 миллиард теңге инвестиция келуі жоспарланып, нақты орындалуы 192,1 миллиард теңгені құрап, былтырғы көрсеткіштен 7,3% артығымен орындалған екен. Жалпы 2019-2023 жылдар аралығында 95 инвестициялық жоба мақұлданып, 761 миллиард теңге инвестиция келеді деп күтілуде. Оның ішінде ағымдағы жылы шетел инвесторлары есебінен 7 жоба іске асырылып, 6,2 миллиард теңге шетел инвесторларынан қаржы түсіп, 278 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Бүгінгі таңда индустриялы аймақта 19 жоба іске қосылып, қосымша 857 жаңа жұмыс орны ашылған. Өңірді дамыту бағытында атқарылып жатқан тыңғылықты жұмыстарға келер болсақ, 13,1 миллиард теңге қаржы тартылып, 1330 жұмыс орны ашылып, 27 кәсіпорынды іске қосу жоспарда бар. Сондай-ақ, аталған аймақтағы кейбір шешімін күткен мәселелер де назардан тыс қалмады. «Turkistan» индустриалды аймағынан «Батыс Европа – Батыс Қытай» автомагистраліне қосылатын автожол бар, сонымен қатар индустриалды аймаққа теміржол тартылған. Мұның бәрі инвесторларды қызықтырып отыр. Бірақ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ газбен жабдықтауға техникалық шарттарды беруге мораторий жариялады. Осыған байланысты индустриалды аймақ қатысушылары техникалық шарт ала алмай, газ қосу мүмкіндігінен айрылып отыр. Бұл өз кезегінде кәсіпорындарының жұмысына кері әсерін тигізуде. Техникалық шартқа қатысты мораторийдің аяқталу мерзімі белгісіз. «Amanat» партиясының Түркістан қалалық мәслихатындағы депутаттық фракциясы «Turkistan» индустриалды аймағының теміржол тұйығының ағымдағы жөндеу жұмыстарына ықпал жасауда. Міне, осы мәселелер ертерек өз шешімін тапса, инвесторлар да кідірмес еді, олардың келуіне мүдделі болып отырған біздің де жұмысымыз біршама жандана түскен болар еді» — дейді индустриялық аймақ басшылары. Аймақтағы ірі жобалардың бірі – «Turkistan Textile» БК серіктестігінің жұмысы басталғанына да көп бола қойған жоқ. Бүгінде мұнда жүзге жуық адам жұмыс істейді. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі үш азамат бар. Өзбекстандық инвесторлардың ықпалымен жүзеге асырылып жатқан жоба толық іске қосылғанда тағы сегіз жүз адамға жұмыс табылмақ. Ал, қырық гектар аумаққа орналасқан жиһаз шығаратын «Grand Miks» жеке кәсіпорны әзірше 170 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде өндіріс орнының төртінші кезеңін қолға алған олар келешекте тағы да 250 адамды жұмыспен қамтымақ. Сонымен қатар, Түркістанда тұрғын үй құрылысы бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен бой көтеруде. Бүгінгі таңда Түркістан қаласындағы құрылыс саласының көркі қызып тұр. Қаладағы құрылыс көлемі қазіргі уақытта 109,4 миллиард теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда қабылданатын үйлер саны 6,2%-ға артты. Қазіргі уақытта «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 409,3 мың шаршы метрді құрайтын 111 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілу үстінде. Мемлекеттік бюджеттен басқа ӘКК «Түркістан» АҚ арқылы – 33 үйдің (67,4 мың шаршы метр), сондай-ақ жеке инвестициямен 80 үйдің (181,4 мың ш.м.) құрылысы жүргізілуде. Ағымдағы жылдың 9 айында 288,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өз кезегінде 2021 жылғы 9 аймен салыстырғанда (87,4 мың шаршы метр) 3,5 есеге артты. Нәтижесінде 2667 пәтерлі 42 тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы тұста анықтама бере кеткен жөн: Түркістан қаласында тұрғын үй кезегінде 14 839 азамат тіркелген.
Жауапты мамандар Түркістан облысы құрылғаннан бергі кезеңде Түркістан облысы үшін қаржыландырудың барлық көзі арқылы тұрғын үйді пайдалануға тапсыру көлемі 200 пайызға дейін өскенін айтып отыр. Мәселен, 2018 жылы 396,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, 2021 жыл қорытындысында 823,8 мың шаршы метр пәтердің кілті табыс етілді. Бұл көрсеткіш арқылы еліміздегі құрылысы қарқынды жүріп жатқан бірден-бір өңір – Түркістан облысы екенін білуге болады. Бұл туралы Үкімет отырысында да айтылды. Жуырда киелі шаһарға іссапармен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанды атажұртымыздың алтын қазығы деп атап өтті. «Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек. Бұл ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті», – деді Президент. Мемлекет басшысы қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыздың осында жерленгеніне тоқталып, былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілгенін айтты. Президенттің пікірінше, бұл оқиға Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді дегенді білдіреді. «Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр. Сол себепті ата жолын ұстанып, Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Түркістанда өткізуді ұсындым», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы атап өткендей, мұнда соңғы жылдары 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынған. Сонымен қатар шаһар жасыл-желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарған.
Түркістан күн сайын құлпырып, жаңарудан жалықпай келеді. Әсіресе, тұрғын үй құрылысы бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен бой көтеруде. Осы мәселе төңірегінде аймақта «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында биылғы жоспар 855 мың шаршы метр болып белгіленген. Жыл басынан бері 191,4 мың шаршы метр, яғни 1332 пәтер пайдалануға беріліп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 117 пайызға ұлғайғанын айта кетуге болады. Жалпы, Түркістан облыс орталығына айналған 2018 жылдан бергі жылдарға қарасақ, едәуір өсім байқаймыз. Биыл 97 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 6 мың отбасы қоныс тойын тойлайды. Бұл шамамен 100-ден астам футбол алаңының көлеміне тең екен. Бұл туралы мәліметті Түркістан облысы Құрылыс басқармасының басшылығы атап өтті. «Бүгінде Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде қалыптастыру жұмыстарының 1-кезеңі аяқталды. Осынау кезең аясында әкішілік-іскерлік және рухани-мәдени орталықтары салынды. Оларды өзара байланыстыратын Б.Саттарханов даңғылы қайта құрудан өтіп, өндірістік аймақ құрылды», – дейді Түркістан облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Серікжан Кеңесханұлы. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында үш әкімшілік ғимарат, Конгресс холл, медиа орталық, Нұр-Сұлтан алаңы, спорт кешені, цифрлық кеңсе, Халыққа қызмет көрсету орталығы, Оқушылар сарайы, стадион, бассейн, Жібек жолы саябағы, музыкалық және 900 орындық мектеп салынып, пайдалануға тапсырылған.
Ал рухани-мәдени орталығында Халықаралық университет, Драма театр, Ұлы дала елі, Яссауи мұражайы, Визит орталығы, Шығыс моншасы, Неке сарайы, Ғылыми-әмбебап кітапхана, Амфитеатр, Музыкалық фонтан, Керуен Сарай туристік кешені, Hampton by Hilton қонақ үйі нысандарының құрылысы жүріп, бүгінде олар жұртшылыққа қызмет көрсетіп отыр. Тұңғыш Президент саябағының және Қазақ хандығы мемориал кешенінің құрылысы таяу күндері аяқталып қалады деп күтілуде.
Одан бөлек, Б.Саттарханов даңғылы бойында 4 шақырым желілік саябақ салынған, 25 300 түп ағаш егіліп, 317 шағын архитектуралық нысандар орнатылған. Облыс орталығы Түркістан қаласында көз тартар көркем ғимараттардың көбейіп жатқаны рас. Rixos Turkistan, Hampton by Hilton Turkistan қонақ үйлері де — соңғы жылдары киелі шаһарға ағылып жатқан туристерге қызмет көрсету үшін салынған заманауи ғимараттар. Сондай-ақ сыйымдылығы 18 миллион текше метр (м/3) болатын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы және «Жетікөл көлдер жүйесін жаңғырту» су нысандары салынған.
Көне шаһардағы құрылыстар қарқыны әзір де толастап жатқан жоқ. Әкімшілік-іскерлік орталығында теннис орталығы, мұз сарайы, 500 орындық жатақханасымен 700 орындық Дарын мектебі, ішкі істер органдарының ғимараттары, спорт кешендері бар есу каналы, жасанды көлдер және инженерлік инфрақұрылымдар қызу жүріп жатыр. Сондай-ақ келешекте жалпы 4,8 миллион шаршы метр тұрғын үй салып, 46 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда.
Серікжан Кеңесханұлы сонымен бірге жаңадан құрылған облыс орталығында барлық сала бойынша құрылыстың қызу екенін айтады. Мәселен, денсаулық сақтау саласында 570 төсектік көпбейінді аурухана, жедел медициналық жәрдем стансасы және Ана мен бала орталығы салынып пайдалануға берілген. Ал мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, «Керуен Сарай» тұрғын үй кешені, «Аманат» коттедж қалашығы, «Medina Palace» қонақ үйі, «Хилует» мәдени-рухани орталығы бой көтермек. Қысқасын айтқанда, түркі жұртының рухани астанасы күн өткен сайын көркейіп келеді.
Түркістан қаласы — тарихи туризмнің алтын ұясы. Негізі туризм – әлемде дамуы жағынан дес бермей келе жатқан, ауқымы кең сала. Әлемде туризм саласымен ғана дамып, байып, елдің ішкі және сыртқы экономикасын қалыптастырып отырған мемлекеттер көп. Атап айтқанда, Еуропа елдері, Оңтүстік Америка, Шығыс Азия және теңіз, мұхиттармен жалғасып жатқан аралтектес мемлекеттер. Қазақстандағы туризмі дамып жатқан, енді қарқын алып келе жатқан сала. Соған қарамастан, отыз жылдан астам уақыт ішінде бүгінгі күнге жету үлкен жетістік. Бұған септігін тигізіп отырған туризм саласы десек, артық айтқанымыз емес. Еліміздегі туризм саласын қалыптастыруға және дамытуға оның географиялық картасы да, орналасу аумағы да, табиғаты да сай келеді. Арысы мұнаймен, құмды даламен шектесетін елдің орталығы да, солтүстігі де керемет байлықтармен байып жатыр. Ата-бабамыздан қалған ен байлығымыздың бірі – жер десек, жеріміз кең, әрі бай, таулы аймағымыз мол, орманды алқабымыз жеткілікті. Қазақстанға туристердің келу үрдісі жалғасуда. Елімізге келетін туристердің айтуынша, Алматы, Астана, Көкшетау, Ақтау және қаншама мың жылдық тарихы бар Түркістан – Қазақстандағы ең керемет туристік қалалар қатарына жатады. Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы. Шаһар төңірегінде туризмді дамыту үшін ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың, бизнестің, инфрақұрылым мен жолдың дамуына мол мүмкіндік береді.
