Түркістан облысына қарасты, Жетісай ауданында бизнес бастаймын деушілерге мемлекет тарапынан 110 қайтарымсыз грант бөлінді. Бұл қайтарымсыз грант 2023 жылға бөлінген қаржы, жаңа бизнес бастамақ болған азаматтарға арналған мемлекеттік көмек. ҚР заңнамаларында көрсетілгендей бағдарламалар бекітілген қаржы шегінде жүзеге асырылады. Осыған орай, гранттар бекітілген жоспарға сәйкес 4 лекте өтеді. Бүгінгі таңда 1 лек бойынша комиссияның оң қорытындысын алған 40 азаматқа қаржы төленді. Алдағы уақытта қайтарымсыз гранттар бекітілген жоспарға сәйкес берілетін болады. Жалпы мемлекеттік және жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы әр ауданның немесе қала тұрғындарына әлеуметтік осал топқа жатушы тұлғалардың санына нақтылап есептелінеді. 2023 жылдың наурыз айындағы есепке сәйкес Жетісай ауданында 187 671, Түркістан қаласында 220 976 тұрғын тіркелген. Ал Жетісай ауданына 110 грант, Түркістан қаласына 150 грант бөлінген. Айта кетсек, мемлекет қарастырып отырған атаулы көмек көбінесе шалғай елді мекендердегі тұрғындарға керемет мүмкіндік.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу міндетін қойды. Басты мақсат – ауыл шаруашылығы субьектілерін, бизнес өкілдерін қолдай отырып, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Осыған орай, Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында Түркістан өңірінде ерте пісетін көкөністерді өзге облыстар мен қалаларға жөнелтуге форвардтық келісімшарт жасақтау жөнінде көшпелі жиын өтті. Осы келісім арқылы көкөністер тиімді бағада саудаланбақ.
Көшпелі жиналыста ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік депарментінің мелиорация басқармасының басшысы Медет Жәдігерұлы, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржігіт Мырзахметов, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Файзулла Байдуллаев, облыс және облыстық маңызы бар қала әкімдіктерінің салалық орынбасарлары, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары, қаржы мекемелері, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері, ірі сауда желілерінің басшылары және кәсіпкерлер қатысты. Жиында Түркістан облысының ауыл шаруашылығын дамытуда еліміздегі ең қолайлы өңір екені айтылып, мүмкіндіктері сараланды. Облыста көкөністер басқа өңірлерге қарағанда 1,5-2 ай бұрын жиналады. Жылдық тұтыну нормасына сәйкес, облыс халқы картоп, сәбізбен 1,5 есе, пиязбен 4,4 есе және қырыққабатпен 6,6 есе қамтамасыз етіледі. Яғни Түркістан облысы диқандарының республика халқын әлеуметтік маңызы бар ерте мезгілдік картоп, пияз, сәбіз өнімдерімен қамтуға толық мүмкіндігі бар.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру аясында биыл Түркістан өңірінде ерте пісетін картопты 9,02 мың гектарға, пиязды 2 мың гектарға, сәбізді 1,24 мың гектарға және қырыққабатты 7,54 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Нәтижесінде 186,3 мың тонна картоп, 55,5 мың тонна пияз, 30,4 мың тонна сәбіз және 187,2 мың тонна қырыққабат алу көзделуде. Көшпелі мәжіліс барысында Түркістан облысы әкімдігі мен облыс және облыстық маңызы бар қала әкімдіктері арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы тұрғыда облыс әкімдігі тарапынан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне көктемгі дала жұмыстарына берілетін жеңілдетілген несие көлемін ұлғайту жөнінде ұсыныстар енгізілді.
Осыған орай, 2023 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев журналистермен кездесуінде 400 АЕК мөлшерінде қайтарымсыз негізде жаңа бизнесті бастау және дамыту үшін берілетін мемлекеттік грант туралы айтты. Қаражат кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында бөлінеді. Биыл мемлекеттік грант сомасы – 1 млн 380 мың теңге құрап отыр. Дегенмен бастапқыда Республика бойынша 2,5 мың грант беру жоспарланған. Биыл өтінімдер төрт рет қабылданып, соның шеңберінде 9 мың грант беріледі. Тіркелген жұмыссыздар мен жеке кәсіпкерлер тіркеу мерзімі үш жылдан аспаған мемлекеттік грант алуға үміткер бола алады:
- мүгедектігі бар адамдар;
- «қандас» мәртебесі бар адамдар;
- өңіраралық қоныс аударушылар;
- аз қамтылған отбасылардың мүшелері;
- көп балалы отбасының мүшесі (жұбайы не зайыбы);
- мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы не зайыбы);
- асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Үміткерден соңғы үш жыл ішінде алған «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздері бойынша курсты аяқтағаны туралы сертификат талап етіледі.

Өңірде Мемлекет бөлген грант аясында кәсібін дөңгелетіп отырғандар саны көбеюде. Жалпы оңтүстік өңір тұрғындары жеке кәсіппен айналысуға бейім келеді. Оның себебін екі қолға бір күрек табылады деген сөзбен байланыстырамыз. Солардың бірі — Арыс қаласының тұрғыны Балнұр Төрехан. Қысқа мерзімді кәсіптік оқу оқып, тігінші мамандығын игерген. Қазір үйінде отырып-ақ табыс тауып отыр. Балнұр қайтарымсыз 505 мың теңге мемлекеттік грант жеңіп алып, үй ішінен кішігірім тігін цехын ашқан. Арнайы тігін машинасын сатып алған. Сұранысқа орай, әйелдерге арналған түрлі 10 дана орамал тігіп, оларды кемінде 2500 теңгеден сатады. Мемлекеттік қайтарымсыз грант игілігін көрген Арыстың тағы бір тұрғыны Алым Оспанхан 2019 жылы жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 505 000 теңге қаржылай көмек алған. Ол өзінің фаст-фуд өнімдері туралы бизнес жоспарын 1 айлық курста шыңдап, мемлекеттік грантты жеңген. Қазіргі таңда жұмысы алға басып, келушілер қатары көбейген. Інісі екеуі ғана кәсіпті дөңгелетіп отыр. Қазір күніне шығыннан бөлек 20 мың теңге табыс түсуде. Алдағы уақытта Арыста фаст-фуд өнімдерінің желісін ашу ойда бар, — дейді Алым Оспанхан. Мұнда аталған бағдарламаны тиімді пайдаланып, кәсіптерін дамытып жатқан азаматтар қатары артып келеді. Биылға бөлінген 139 гранттың 80-і игеріліп, қазіргі таңда жұмыстарын жүргізіп келеді.
Шынтуайтында өңірде қайтарымсыз қаражат алып кәсіп ашқысы келетін әрбір азамат тұрғылықты жердегі жұмыспен қамту орталығына барып, кәсіптің қыр-сыры мен қайтарымсыз грантты қалай алу туралы толық ақпарат алуына болады. Сонымен қатар, ай көлемінде кәсіпкерлік туралы білім алып, бизнес жоспары мақұлданса, мемлекеттен бөлінген көмекке ие бола алады.
Сәуір айының 19 күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес өткізді.
Атаулы кеңесте мемлекет басшысы:«Мемлекеттің қолдауына ие болып отырған ірі бизнес өкілдері айрықша рөл атқарады. «Табысты осы жерден тауып, шетелде шашу» әдетінен арылу керек. Есесіне, елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге көбірек үлес қосуға ұмтылған жөн.Ірі кәсіпкерлер Қазақстанда тапқан табысын басқа жақта емес, өз еліміздегі бизнесін дамытуға жұмсағаны абзал. Жұмысын осы талапқа бейімдей алған ірі кәсіпкерлер нағыз ұлттық бизнес-элитаға айналады. Халықтың құрметіне бөленіп, мемлекеттің қорғауы мен қолдауына ие болады.
Сонымен қатар бізге «кәсіпкерлердің жаңа толқыны» керек. Мемлекеттің ресурсына арқа сүйемей, бойындағы дарыны мен іскерлігі арқылы тұрақты әрі мықты кәсіп құра білген «тың күштер» қажет».
«Инфляция өскен сайын халықтың нақты табысы құнсызданып жатыр. Жұрттың табысын әлеуметтік саланың шығысы есебінен арттырудың да шегі бар. Біз осы шекке жеткен сияқтымыз. Бұған қоса тұтыну несиелерінің көлемі артып барады. Бұл әрекет – инфляция кезінде жан бағудың амалы.
Бірақ мұндай ахуалдың әлеуметтік және саяси салдары өте ауыр болуы мүмкін. Тіпті, банктердің өзіне қауіп төндіруі ықтимал.
Несиені, ең алдымен, пайда әкелетін бизнеске, яғни тиімді жобаларға беру керек. Сонда жалақысы жоғары жұмыс орындары пайда болады. Жұрттың кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы артады. Бір сөзбен айтсақ, азаматтардың табысын көбейтуге мүмкіндік туады».
Жалпы облыстың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу үшін инфрақұрылымды дамытуға қомақты қаражат салу қажет екендігі анық. Сонымен қатар, облыстық экономиканы дамытуға өңірлік бәсекелестік жағынан артықшылығы бар салаларды әртараптандыру деңгейін арттыру үшін терең сапалы өнім өндіруге көшу қажет.