ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МӘМС ҚОРЫ 130,6 МЛРД ТЕҢГЕНІ ҚҰРАЙДЫ

Медициналық сақтандыру қорының негізгі қызметі жедел жәрдем, шұғыл көмек, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, емханадағы бастапқы санитарлық-медициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту, паллиативтік көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, консультативтік- диагностикалық қызметтердің бәрі де  ақысыз көрсетіледі. Алайда шұғыл көмек барлық азаматтарға бірдей көрсетілуі тиіс. Ол үшін сақтандырылған болу шарт емес деген  сөздер де бар. Мысалы, созылмалы сырқатқа шалдыққандар, әлеуметтік маңызы бар ауруына байланысты тіркеуде тұрған және динамикалық бақылауға алынған науқастарға тегін қызмет көрсету қарастырылған. Дей тұрғанмен, атаулы көмекті қалың жұрт әлі толығымен түсінбейтіні анық. Сол себепті де аталмыш жүйеге аса көңілдері толмайтындары тағы бар.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгеннен бастап дау толастаған емес. «Сақтандырылмасаң дәрігер қарамайды». Соңғы үш жылда халық тарапынан ақ халатты жандарға айтылатын шағымның барысы осындай. Себебі қарапайым халық МӘМС-тің пайдасы мен тиімді тұстарын әзірге толық түсіне алмай келеді. Оның үстіне, медицинаға енген ақылы жүйенің төңірегінде жыл сайын бір мәселе қылаң береді. Мәселен өткен жылы жеке кәсіпкерлер МӘМС-ке ақша аудара алмай, салық декларациясын амалсыздан өткізіп алғандарын айтып шағымданған болатын. МӘМС жүйесіндегі осы олқылықтар тіпті Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың құлағына жетіп, қатаң ескерту берілді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында “Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімді болмады, нақты нәтиже жоқ. Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Соның кесірінен олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді толық пайдалана алмайды» деп кесіп айтты.
Алайда соған қарамастан, медициналық көмекті қаржыландыру 2 есеге ұлғайған. Мысалы, 2019 жылы 1 трлн теңгеден 2022 жылы 2 трлн теңгеге дейін артқан екен. Бұл қыруар қаржының барлығы бейінді мамандардың өтімдері мен операцияларын, күндізгі және тәулік бойы стационар жағдайында госпитализацияларды, диагностикалық процедураларды, зертханалық талдауларды, оңалтулар, ЭКҰ, қажетті медициналық көмектің көлемін екі есе арттыруға бағытталған. Осы тұрғыда,

Түркістан облысы бойынша, медициналық сақтандыру қорының бөлім басшысы Лаура Ділдәбекқызы МӘМС жүйесінің әлдеқайда тиімді екенін айтады.

-МӘМС енгізілгенге дейін қазақстандықтар көптеген талдаулар мен тексерулер үшін өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болды. Бүгінгі күні әрбір сақтандырылған адам қажет болған жағдайда өз денсаулығының жай-күйі бойынша МӘМС есебінен үлкен тізбеден барлық қызметтерді ала алады. Қордың негізгі мақсаты – пациенттерінің, науқастың құқығын қорғау және халықпен кері байланыс орнату. Осы мақсатта арнайы каналдар қосылып, тұрақты жұмыс істеп жатыр – дейді медициналық сақтандыру қорының бөлім басшысы. Өткен жылы науқастардан кері байланыс арналары арқылы 863 мың өтініш қабылданған. Осы өтініштердің ішінен облыс медициналық ұйымдардың атынан 15 мыңнан астам шағым түскен екен. Ал олардың басым бөлігі халық консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімсіздігіне (жабдықтың болмауы, күту ұзақтығы, жолдама бермеу, кадр тапшылығы), медицина
қызметкерлерінің дөрекі көзқарасы мен қабілетсіздігіне, медициналық көмек көрсету сапасына, ақылы қызметтерге жолдамаға, емдеуге жатқызудан бас тартуға, КДҚ-ны ұзақ күтуге қатысты болған. Демек бүгінге дейін МӘМС-ке байланысты сұрақ пен наразылық әлі де толастамаған.

Деректерге сүйенсек, өткен жылы консультациялық-диагностикалық қызметтер саны 6 есе өскен. Оның ішінде, диагностика, зертханалық талдау қызметтері көрсетілген. Сондай-ақ, медициналық оңалту шараларын қаржыландыру 7 есеге өскен. Тіпті медициналық ұйымдар технологиялармен жабдықталып, 400 мыңға жуық жоспарлы операция жасалынған.

Биыл Түркістан облысы бойынша Медициналық сақтандыру қоры 130,6 млрд теңгені құрап отыр. Облыс көлемінде 81 медицина ұйымдарымен 130,6 млрд теңгенің келісім шартын бекіткен. Бұл көрсеткіш өткен жылы бөлінген қаржыдан 6 пайызға артқаны анықталды. Қаржы – кепілдендірілген тегін медициналық көмекке (ТМККК) және МӘМС пакеттері шеңберіндегі қызметтерге бағытталады. Бұл жөнінде қордың филиал директоры Асхат Бейсенбаев мәлімдейді.
Оның айтуынша, биылғы жылы мемлекеттік тапсырысты орындауға келісінген 81 медициналық ұйымның 40-ы  жекеменшік клиника. «Облыс тұрғындарының 86,4 пайызы (1 764 157) медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар. Жалпы 3 жылдан астам уақыт ішінде Түркістан облысынан түскен сома көлемі 12,6 млрд теңге. Жалпы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылғы 1 қаңтарда іске қосылған.  Оны енгізудің арқасында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2 есе өскені белгілі болды. Ал 2023 жылы халыққа көрсетілетін медициналық көмекті қаржыландыруға 2,5 трлн теңгеден астам, оның ішінде ТМККК бойынша – 1,4 трлн, МӘМС бойынша – 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлінген.

МӘМС жүйесінің негізгі принциптері:
әлеуметтік бағдар – мемлекет 15 жеңілдік санатындағы 11 миллион азаматқа жарна төлейді;
ортақ жауапкершілік — халықтың денсаулығы үшін мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтар жауапты;
медициналық көмекке тең қолжетімділік — әрбір сақтандырылған азамат төленетін жарналардың мөлшеріне қарамастан, медициналық көмектің қажетті көлемін алуға құқығы бар;
ақша пациенттің артынан жүреді — пациент медициналық қызметті алу үшін өз қалауы бойынша медициналық ұйымды таңдай алады. Ол Қордың өнім берушісі болуы тиіс;
пациенттің құқығын қорғау — Қор медициналық ұйымдарға көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізілгеннен кейін ғана медициналық қызметтер үшін ақы төлейді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесінде МӘМС-ке қатысты сөзінен:

«Ұлттың дені сау және сауатты болуы – өте маңызды мәселе. Осыны ескермесек, экономиканы реформалау бос әурешілік болады. Бұл – мемлекеттің міндеті. Ең алдымен, адамдарға сапалы медицина қолжетімді болуы қажет. Денсаулық сақтау жүйесінде шешімін таппаған мәселе өте көп. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі осы саланы дамытуға тың серпін береді деп үміттенеміз. Алайда бұл жүйедегі қаржы айналымына бақылау жасалмайды»

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі  денсаулық сақтау саласындағы мүдделерді әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі. МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына олардың жынысы, жасы, әлеуметтік мәртебесі, тұрғылықты жері және табыстарынан тәуелсіз түрде медициналық және дәрілік көмекке бірдей қолжетімділікті кепілдік етеді. Яғни МӘМС денсаулық сақтау саласында халықтың мүдделерін олар ауырғанда, зақымданғанда, жүкті болу және босанғанда, мүгедек болу және қартайған жағдайда әлеуметтік қорғау болып табылады.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы  мен айлық есептік көрсеткіштің артуына байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін төленетін жарналар мен аударымдар мөлшері өзгерді.  Жұмыс берушілер қызметкерлері үшін — жалақының 3%-ы мөлшерінде, бірақ 10 ең төменгі жалақыдан немесе 21 мың теңге артық емес.
Қызметкерлер, оның ішінде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтіндер табысының 2%-ы, бірақ 10 ЕТЖ-дан немесе 14 мың теңгеден артық емес.
Жеке кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар Республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың тұрғындары үшін БЖТ көлемі 1 АЕК құрайды, яғни 3 450 теңге.  Қалған елді мекендердің тұрғындары үшін БЖТ көлемі 0,5 АЕК құрайды, яғни 1 725 теңге. Дербес төлеушілер 1 ЕТЖ-ның 5%-ы немесе 3 500 теңге.

Медициналық сақтандыру жүйесі енгеннен бастап, емхана табылдырығын аттай алмай шарқ ұрғандар да жетерлік. Солардың бірі түркістандық азамат Нұрсұлтан Қаражан:  -Өз басым міндетті әлеуметтік сақтандыру жарнасын төлеп отырсам да әлі толық игілігін көрмедім. Жергілікті мекенжай бойынша емханадағы дәрігерлерге қаралудан қалдық. Барсаң атүсті қарай салады. Мүмкіндік болса жеке емханаларға баруға тырысамын. Менің түсінбейтінім, анализ тапсыратын болсақ та, неге терапевтің «батасын» алуымыз керек? Терапевке жазылып кезек күткенше, емханада отырған дәрігердің анализ тапсыруға берген сілтемесімен неге тапсыра бермейміз? Екінші мәселе, тіркелген емханада кей анализдер жоқ. Оны да ақылы түрде тапсыруға тура келеді. Ақыры сақтандыру жарнасын алған екен, неге барлық талдау жасайтын лабораториялар-мен келісімшартқа отырмаған? Емделмей жатып шығынға батып жатырмыз. «МӘМС жүйесі іске қосылды, пайдалы» деп жаһанға жар саламыз, алайда нәтиже жоқ. Салыстырмалы түрде ешқандай өзгеріс жоқ. Қоғамдық емханалардың сервистерін жетілдіру керек. Мысалы бұрын тегін қаралсақ та дәл сол жағдай, ақша аударып сақтандырылсақ та сол жартас. Қарапайым анализді тегін тапсыра алмасақ, мұндай жүйенің не қажеті бар?– дейді, Нұрсұлтан Қаражан.

Түркістан қалалық мәслихат депутаты Ардақ Мансұров МӘМС жүйесінің мүлдем пайдасы жоқ деген пікірін айтады.
-Қазақстан Республикасының Конституциясының 29 бабында: «Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар. Республика азаматтары заңмен белгiленген кепiлдi медициналық көмектiң көлемiн тегiн алуға хақылы» делінген. Демек, сіз онсыз да тегін медициналық көмек ала аласыз. Бірақ МӘМС енгізілгеннен кейін заңға қарама-қайшылық туындады. Мысалы сақтандырылмаған болсаң ешқандай аурухана қарамайды. Сонда біздегі Заң үстемдігі қайда қалды? 29 баптың «медици-налық көмектiң көлемiн тегiн алуға хақылы» деген сөздің күші қайда? Одан кейін, жұмыссыздық деңгейі артты деп жатырмыз. Жұмыссыз адам МӘМС-тің жарнасын қалай төлейді. Тіпті бәрін қойғанда, бұл ақылы жүйе мықты болса неге ең үлкен операцияларды тегін жасамайды? Мен өзім МӘМС төлемеймін. Егер бұл дұрыс емес дейтін адам болса, тиімді тұсын көрсетіп, дәлелдеп берсін – дейді Түркістан қалалық депутаты.

МӘМС жүйесіне қатысты шағым білдіретіндер қатары мұнымен бітпейді. Әрбір екінші адам ауруханадағы кезек пен қызметтің қиындап кеткенін айтып шағымданады. Жоғарыда депутат көтерген 29 баптың негізгі күшіне оралсақ. Мысалы Заңда «Республика азаматтары заңмен белгiленген кепiлдi медициналық көмектiң көлемiн тегiн алуға хақылы» деген тармақ бар. МӘМС жүйесі енгенге дейін тек ТМККК яғни, тегін мемлекеттік көмектің кепілді көлемі жұмыс істеді. Кепілдендірілген тегін көмек (ТМККК) пакеті ең минималды стандарттардан тұрады. Оған қандай қызметтер кіреді? Дәрігерлік көмекті қажет ететін шұғыл жағдайларда көмек көрсету, жедел жәрдем, санитарлық авиация, бірқатар созылмалы ауруларды динамикалық бақылау, шұғыл жағдайда стационарда емдеу осы пакет шеңберінде жүзеге асырылады. Мұны барлық азаматтар, сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамай пайдалана алады. Ал көмектің екінші деңгейі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті. Бағасы қымбат болып келетін операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы сынды т.б. қызметтер кіретін МӘМС пакетін сақтандырылғандар пайдалана алады. МӘМС пакетіне табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін: МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер де енгізілді. Сондай-ақ, кепілдендірілген тегін көмек пакетіне енбеген сырқаттарға шалдыққан жағдайда стационарды алмастыра-тын көмек пен жоспарлы стационарлық көмек те МӘМС пакеті шеңберінде көрсетіледі.

Осы мәселеге қатысты Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Түркістан облысындағы медициналық ұйымдармен арнайы кеңес өткізген болатын. Жиын барысында өңірдегі бірқатар шешімін таппаған шаруалар талқыланды. Соның бірі өңір халқы үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы жайлы мардымды мәселелер талқыланды.  Сонымен қатар,  медициналық көмек мамандарын оқыту, тарифтерді көтеру мәселелерін тізіп айтты.  Министр биылғы жылы педиатрия, жедел медициналық көмек, МСАК, диагностика (КТ, ЯМРТ, ПЭТ), патологиялық анатомия, онкология, босандыру, ревматология, трансплантаттау, буындарды ауыстыру, психикалық және туберкулезге қарсы емдеуді қоса алғанда, медициналық көмектің көптеген бағыттары бойынша тарифтер өскенін еске салды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *