ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ҚОЛЖЕТІМДІ ИНТЕРНЕТ» ЖОБАСЫ ЖАСАЛУДА

Бүгінде сапалы интернет дүйім жұрттың  маңызды мәселесіне айналып отыр. Әсіресе кейбір ауылды аймақтарда кең жолақты интернет жүйесі атымен ұстамайды. Алайда ауылшаруашылығы мол білімді, көп күш жігерді талап ететінін мойындау керек. Интернет жүйесі қолжетімді болған жерде адамдардың көзі ашық көкірегі ояу. Қоғамның дамуы мен ел экономикасы жөнді жолға қойылуы үшін кең жолақты сапалы интернет болуы маңызды. Бүгінгі таңда  сапалы интернет көзі білімнің кілтіне айналғандай.  Онлайн-оқу, телемедицина, eGov, zoom, Smart TV деген заманауи қызмет түрлері «Қазақтелекомның» жоғары жылдамдықты интернеті келгелі ауыл тұрғындары үшін өмірінің бір бөлігіне айнала бастады.  Елімізде  індет ауруы жайлаған кезеңдерде онлайн оқу жүйесі қолға алынған болатын. Міне сол кезеңдер көптеген адамдардың жүйкесін тоздырғаны хақ. Осы кең жолақты интернет жүцесі бойынша  Түркістан облысында  цифрландыру бағытында түрлі жобалар жүзеге асып келеді. Сонымен қатар облыс аумағында жалпы 831 елді мекен бар екендігі анықталды. Оның ішінде 824 ауылдық елді мекен және 7 қала  Түркістан, Кентау, Арыс, Жетісай, Шардара, Ленгер, Сарыағаш бар. Талдау нәтижелері бойынша 654 ауылдық елді мекенде 1 942 542 тұрғын 3G (437 АЕМ) және 4G (217 АЕМ)  мобильді интернет желісімен қамтылып, облыс халқының санына шаққанда интернетпен қамтылу деңгейі 93% құрайды. Қалған 145 968 тұрғыны бар 177 ауылдық елді мекенде интернет жоқ, ол дегеніміз 7% құрайды. Интернетпен қамтылмаған 177 АЕМ-нің 115 АЕМ 2G мобильді байланыс желісімен қамтылған, қалған 62 АЕМ-де байланыс мүлде жоқ.

Аталған 62 АЕМ-нің 43 АЕМ Министрлік қойған  критерийлерде  халық саны 250 астам болуы қажет деп көрсетілген. Халық санының  сәйкес келмеуіне байланысты ұялы байланыс операторлары базалық станция орнатудан бас тартуда. Қалған 19  АЕМ алдағы жылдарға ұялы байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелеріне енгізу пысықталуда. Жалпы Түркістан облысы бойынша сапалы интернетпен қамтуды қажет ететін, бірақ техникалық мүмкіндігі жоқ 134 АЕМ бар. Қазіргі уақытта осы елді мекендерді сапалы интернетпен қамту мақсатында салалық министрлікпен және Түркістан облысы әкімдігі арасында жол картасын бекіту жұмыстары жүргізілуде. Күтілетін нәтиже 2023-2027 жылдар арасында облыс тұрғындарын сапалы интернетпен қамту деңгейі 99,8% жетеді. Қалған 0,16% құрайтын 3403 тұрғыны бар халық саны 250-ден кем 43 АЕМ-ге тиесілі.

Сонымен қатар, Түркістан облысы бойынша 3G стандартын қолдайтын 437 АЕМ-нің (халық саны 1 015 047) базалық станцияларын 2023-2029 жылдар аралығында 4G стандартына модернизациялау жоспарлануда. Қазіргі таңда  орталық атқарушы органдармен «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы 2023-2027 жылдар аралығына  әзірленуде. Облыс бойынша негізгі іс-шаралар жоспары айқындалды. Олар:  Талшықты-оптикалық байланыс желілері арқылы (бұдан әрі-ТОБЖ) АЕМ-де қолжетімділікпен қамту. Іске асыру мерзімі: 2027 жыл.  Қазіргі уақытта облыс бойынша 376 АЕМ-де 855 мемлекеттік мекеме ТОБЖ  қамтылған. Қосымша, Ұлттық жобаға 389 АЕМ-де 758 мемлекеттік мекеме ұсынылды Министрлікпен айқындалған критерийлерге сәйкес кемінде екі әлеуметтік нысан болуы қажет.  Республикалық және негізгі облыстық жолдарды 4G технологиялары мобильді кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету, және бұл жобаның  іске асу мерзімі  2027 жыл болып табылады.

-Халықаралық маңызы бар 294 шақырым жол;

-Республикалық маңызы бар 429 шақырым жол;

-Облыстық маңызы бар 4014 шақырым жол торабы (жалпы: 4737 шақырым жол) жобаға ұсынылды.

Туристік аймақтарды мобильді кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз етуді іске асыру мерзімі 2027 жылға барады.

Түркістан облысына қарасты ұлттық табиғи саябақтары:

-Төлеби ауданы: Сайрамсу, Қасқасу, Біркөлік, Турбаза, шатқалдары.

-Түлкібас ауданы: Машат, Көкбұлақ, Өгем шатқалдары.

«Соңғы мильді» субсидиялау арқылы интернетті АЕМ-дегі үйшаруашылығына дейін жеткізу. Іске асыру мерзімі: 2027 жыл.

Қазіргі уақытта ТОБЖ тартылған 82 АЕМ 6736 тұрғын үй және 30 мың тұрғын қамтылған. Жоспар: 2023 жылы инвесторларды тарту жолы арқылы 10 мың тұрғын үйді қосу. Сондай-ақ,  5G желісін енгізу жоспары қолға алынбақ. Түркістан қаласының бүкіл тарихи әрі маңызды орталығын қамтитын 9 сыртқы 5G базалық станциялары орнатылды. Түркістан қаласы әкімдігі, «Конгресс Холл» сарайы, «Түркістан Арена» стадионы, автовокзал, «Фараб» кітапханасы, «Батыр» жастар сарайы, Керуен сарай, Түркістан қаласы әуе жайы,  «Rixos» қонақ үйі сияқты маңызды туристік нысандарда бесінші буынды 5G мобильді интернеті іске қосылған.

Әлемдік сарапшылар 5G технологиясы өмірге енгеннен бастап керемет мүмкіндіктер мен жаңалықтар алып келгендігін айтады. Тіпті ірі телефон компаниялары 5G интернетін бірден қолда­ныс­­қа енгізіп үлгерді. Бұл жүйенің артықшылығы – 4G-ден мың есеге дейін жыл­да­мырақ. Мәселен, қолданушы толық метражды фильмді ап-анық күйінде бірнеше секундта-ақ жүктей алады. Сондай-ақ, цифрланған заманауи бизнеске жаңа айналым алып келе алатынымен ерекшеленеді. Тізбектей берсек, жаңа мобильді жүйе барлық салаға оң ықпал ете алатын болып тұр. Осы мүмкіндікті ескерді ме, 2021 жылы Түркістан еліміздегі 5G желісіне қосылған санаулы қалалардың біріне айналды. Алайда, іске қосылғанына екі жыл асса да жоғарыда аталған «керемет өзгерістер» рухани шаһардың интернет қолданысына анау айтқандай өзгеріс әкелмеді. Себебі қаланың өзінде байланыс желісі нашар аймақтар бар.

Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқарма басшысының міндетін атқарушы Мағжан Мырзасеитов  интернет желісінің бәсеңдеп кеткенін қолданушылардың артқанымен байланыстырады.

– Интернет жылдамдығы төмендеп кетті деген болмайды. 5G-дің өзі бөлек жүйе. Ол басқа желілердің жылдамдығына әсер ете алмайды. Ал неге 4G төмендеп кетті деген сұраққа келер болсақ,  күннен күнге желілерге деген сұраныстың жоғарылағанымен түсіндіруге болады. Мысалы бұрын ұялы байланысты қолданушылар саны салыстырмалы түрде аз болған. Ал қазір күннен- күнге қолданушылар саны артуда. Ал қолданушылардың көптігі интернет желісінің жылдамдығын азайтады. Дәл осы мәселе бізде қазір қаралуда. Керекті жерлерге арнайы станциялар орнаттық. Ал 5G-ге келер болсақ, смартфон сатып алардан бұрын, кез келген компания өздері ұсынады. Мысалы Samsung компаниясынан смартфон алдыңыз делік. Оларға 5G ұстауы қажет десеңіз, компания сол желілік жүйені орнатып беруге тырысады немесе 5G қосыла алатын смартфонды ұсынады – дейді, Мағжан Мырзасеитов.

Әрине бұл тек бір жақты саралау. Себебі жаңа технологияның пайда­сы­мен қатар зияны да ілесе жүрмек. Мәселен жоғарыда сала басшысы атап өткендей стансалар орнатылуда. Ал қала ішінде онсызда 5G-ге көшу үшін стансалар жиі ор­натылған.

Ақ халаттылар 5G — дің пайдасы мен зияны жайлы былай дейді.

Дәрігерлер антенна са­нының артуы адам ағзасына зиян тигізетінін айтуда. Жылдам жұмыс іс­тейтін электромагниттік желінің тол­қындары адам денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймайды. Дәрі­­герлердің сөзінше, дене аталған толқындарға бейім­делгенімен, бас ауруы, қан қысымы мен жүрек соғысы жиілейді екен. Тіпті шетелдік ғалымдар 5G базалық стансасының  әсері қатерлі ісік ауруларына алып келетінін дәлелдеген. Бүгінде бұл шулы тақырыпқа байланысты көзқарас екіге бөлінді. Ғалымдар технологияның ең озық түрін белсенді қолдануды насихаттаса, енді бірі адам денсаулығына қауіпті екенін ескертіп әлек. Алайда IT мамандары бұл мобильді жүйе жаңалығын жақсы қабылдады. Себебі, олар технологияның ілгерілеуіне едәуір септігін тигізеді деген ойда. Мысалы IT маманы Ғасыр Құралбай жаңа мүмкіндікті барынша пайдалану керектігін айтады.

«5G (generation) дегеніміз, аты айтып тұрғандай жаңа технология. Адамдардың барлығы жаңа технологияның сигналды толқындарынан қорқуда. Мұны ғылыми тілде «радиофобия» деп атайды. Яғни толқындар адамның денесіне өтеді, зиян келтіреді деген сияқты түсінікте. Бұл мәселе кезінде, дамыған елдердің барлығында басты тақырыпқа айналған. Тіпті, халық наразылық танытып, шерулерге де шықты. Ал шын мәнінде, біз қолданатын тұрмыстық технологиялардың барлығы сигналды толқын тарқатады. Кез келген технологиялық жүйе қолданысқа енбестен бұрын денсаулық сақтау ұйымының алдынан өтетіні белгілі. Дамыған елдердің барлығы қазір 5G стансаларын орнатып қойған. Қателеспесем, Қытайдың өзінде 2 млн базалық точкасы бар. Енді әрі қарай өзіңіз пайымдай беріңіз. Ал Қытай бұл қозғалысты «ғылым саласындағы жаңашыл нәтиже» деп насихаттайды. Технологияға деген идеология дұрыс болғандықтан, халық та түсінеді. Кез келген жаңа жүйенің тарихын алып қарасақ, қарсы шығатын белгілі тарап болатыны анық. Біз ол көзқарасқа құлақ асып, нәтиже көре алмайтынымыз анық. Себебі ертең 5G іске қосу керек пе деп ойланып жүргенде 6G шығады. Сондықтан көштен қалмай, заман талабына ілесу маңызды. Сосын халық арасында «ауылдық жерлерде 3G-дің өзі ұстамайды, неменеге 5G-ге бас ауыртасыңдар?» деген пікір бар. Алайда 3G-дің антенасын орнатқанша бірден 5G стансаларын іске қосқан дұрыс. Сосын технологияға деген насихатты күшейту керек. Себебі, халық кез келген жаңа жүйенің тиімді тұсын мүмкіндігінше пайдаланып қалуы шарт. Ал ол үшін дұрыс месседж қалыптасуы, жүйелі идеология қажет. Бұл салада әлі көп зерттеулер болатыны анық»,  – дейді, Ғасыр Құралбай.

Бүгінде, Түркістан қаласында 9 локация бойынша 5G мобильді интернеті іске қосылған. Олар: Әуежай, Экобазар, «Түркістан-арена» алаңы, Конгресс холл, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, гүлдер паркі, «RIXOS» қонақ үйі, «Керуен сарай» кешені және Халықаралық туризм және меймандостық университеті. Ал Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқарма деректеріне сүйенсек, алдағы уақытта Кентау, Арыс қалаларымен аудан орталықтарын бесінші буынды 5G мобильді интернетін қосу жоспарланған.

2024 жылы әлемде 5G-ге қосылған гаджеттер саны 2 мил­лиардқа жетеді деген болжам бар. Демек, біз қаласақ та, қаламасақ та базалық стансалар құрылып, технология ілгерілей беретіні анық.

Осы мәселеге қатысты сапалы талшықты интернетпен қамту жобасы ұсынылған болатын. Жалпы облыс бойынша  353 482 үй шаруашылығы бар, оның 60 134-і, яғни 17%-ы сапалы талшықты интернетпен қамтылған. Нақты мәліметтерге сүйенсек   Түркістан қаласында  15,10% (6 058 абонент), Кентауда 19,60% (4 410 абонент),Бәйдібек 12,70% (1 160 абонент), Жетісай 23,70% (5 246 абонент), Қазығұрт 10,20% (1 951 абонент), Келес 10% (1 994 абонент), Мақтаарал 21,20% (4 450 абонент), Ордабасы 7,20% (1 597 абонент), Отырар 19,10% (1 654 абонент), Сайрам 14,80% (6 330 абонент), Сауран 13,40% (2 040 абонент), Сарыағаш 15,80% (5 718 абонент), Созақ 26,40% (2 981 абонент), Төле би 16,10% (3 889 абонент), Түлкібас 22,40% (4 750 абонент), Шардара 28,60% (2 050 абонент).

Сонымен қатар алдағы бес жылдық жоспарға 2023-2027 жж. сәйкес, Түркістан облысы үй-шаруашылықтарын сапалы талшықты интернетпен қамту мөлшері 50%-ға жетеді.

2023 ж. (23%) – Түркістан, Жетісай, Сайрам.

2024 ж. (29%) – Кентау, Ордабасы, Сарыағаш.

2025 ж. (36%) – Мақтаарал, Төле би, Келес, Шардара.

2026 ж. (43%) – Арыс, Бәйдібек, Отырар.

2027 ж. (50%) Қазығұрт, Сауран, Созақ, Түлкібас.

Ағымдағы жылы 2023-2024 жж аралығында салынатын инвестициялар көлемі  1,64 млрд.тг. құрайды.

Түркістан қаласы 6 мөлтек ауданының тұрғындарын (212 928) толықтай интернетке қол жеткізу мүмкіндігіне ие болуы үшін  Signal Telecom компаниясы тарапынан  1 млрд.тг. инвестиция жұмсалу жұмыстары басталды.

«СПЕЦАВТОМАТИКАСЕРВИС» компаниясы Сайрам ауданы: Ақсукент, Манкент, Қарасу, Қарабұлақ  тұрғындарын (163 405) сапалы интернетпен қамту мақсатында 240 млн.тг инвестиция құю жоспарлауда.

AKM, Nano Tech, New Tel компаниялары Жетісай қ. тұрғындарын (48 750) сапалы интернетпен қамту мақсатында 200 млн.тг инвестиция жарату жоспарлануда.

«СПЕЦАВТОМАТИКАСЕРВИС» Ордабасы ауданы: Шұбарсу тұрғындарына (31 882) интернетке қол жетімділікті арттыру мақсатында 200 млн.тг инвестиция салу жұмыстарын жүргізуде.

Осыған дейін Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Ауылдың тұрмыс сапасын жақсарту —  әкімдердің басты міндеті. Ауылдарды жылдам интернетпен, сапалы байланыспен қатамасыз етуді тапсырды. Әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және жолдарды жөндеу арқылы ауылдың тұрмыс сапасын жақсарту – әкімдердің басты міндеті. Ауыл тұрғындары таза сумен және тұрақты электр қуатымен толық қамтамасыз етілуге тиіс.
Сондай-ақ мобильді байланыс және интернет қолжетімді болуы керек. Елге қаптаған статистика емес, нақты нәтиже, жылдам интернет, сапалы байланыс керек» екендігін жеткізген болатын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *