Көгілдір отынмен қамту жұмыстары Облысқа қарасты бірқатар аудандарда айтарлықтай шешімін тауып келеді. Мәселен Түркістан облысына қарасты Сауран ауданында 11 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі күнге нақты 6 елді мекен табиғи газды пайдаланып отыр. 2023 жылы 5 елді мекенге табиғи газ қосылады (Ескі Иқан, Ибата, Ойық, Бершінтөбе, Шоқтас). Табиғи газбен қамту бойынша, Шорнақ, Қосмезгіл, Оранғай елді мекендерінде (4,5 млрд. теңге) және Жүйнек және Қарашық ауыл округтерінде (4,9 млрд. теңге) ішкі газ құбырларының құрылысына жобалық сметалық құжаттары толық әзірленді. Сонымен қатар, Бостандық, Қосқорған және Еңбекші Дихан елді мекендерінде ішкі табиғи газ құбыры құрылысына жобалық сметалық құжаттары әзірленуде. Ал, Жүйнек, Қарашық, Оранғай, Шорнақ ауыл оуругтеріне магистральді табиғи газ құбырының құрылысына жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қорытындысын шілде айында алу жоспарлануда.
Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда аудан аумағындағы 17 елді мекен табиғи газды тұтынуда. Қалған елді мекендерді табиғи газға қосу жұмыстары жоспарға сәйкес кезең кезеңімен атқарылыда дейді мамандар. 2021 жылы Амансай, Түйетас, Талап, Сарыбұлақ, Жолғабас елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстары басталған. Нысан толық аяқталған соң 5 елді мекен тұрғындары табиғи газдың игілігін көретін болады. Жалпы 2023 жылы Бәйдібек ауданындағы халықтың 82 пайызын газбен қамту жоспарлануда екен.
Биыл Түркістан облысында 70 газ нысанының құрылысы аяқталмақ. Шешімін таппаған шаруалар шаш етектен екені рас.
Облыста іске қосылмай тұрған газ құбырлары мен газ таратушы станцияларын жөндеп, іске қосу, елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамту мәселесі талқыланған мәжіліс өтті. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды осы салаға жауапты мекеме басшылары мен аудан, қала әкімдеріне осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Жұмысты сапасыз орындаған мердігерлердің мәселесін заң аясында қарау керектігін атап өтті. Жауапты басқармаларға осы саладағы қаржыны дұрыс жоспарлау, жобаларды қаржыландыруды жүйелеуді жүктеді. «Аудан, қалаларда халықпен кездесулерде ел инфрақұрылым, соның ішінде газ мәселесін жиі қозғайды. Кейбір жобалар қаржы бөлінсе де, сапасыз орындалған немесе соңына дейін жүзеге аспаған. Мәселені жасыру емес, шешу жолдарын қарастыру керек. Егер газ жүргізуге жауапты мердігер жұмысын келісімшартқа сәйкес атқармаса, заң органдарына ұсынылсын. Бұл түйткілді өзім тікелей бақылауыма аламын. Жұмыс уақтылы атқарылмаған соң қаржыландыру да қиынға соғады. Ондай мысалдар бар. Аймақты газдандыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстап, жоспарға сай жұмыс жүргізген жөн. Газ кіргізу жұмыстарын мейілінше жылдамдату қажет. Әйтпесе, алдағы жылыту маусымына үлгермей қалуы мүмкін. Газды үйлерге кіргізу, құжаттарын реттеу да уақытты алады. Биыл жоспарланған жұмыстар жедел атқарылып, елді мекендерге газ берілсін. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдері жұмысты ширатыңыздар. Инфрақұрылым бойынша әрбір жобаны қатаң қадағалап, соңына дейін жеткізу қажет», – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің айтуынша, облыс табиғи газды 2018 жылға дейін «Газли-Шымкент» магистралды газ құбырынан тұтынған. 2018 жылдан бастап отандық «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырынан газ алуда. 2023 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша 833 елді мекеннің 465-і табиғи газбен қамтылған, пайыздық көрсеткіші 55,8. Яғни, 1 млн. 538 мың тұрғын немесе тұрғындардың 76,8 пайызы табиғи газды қосу мүмкіндігіне қол жеткізген. Өңірде 2023 жылы 101 нысанның құрылысына 17,6 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде 70 нысанның құрылысы биыл аяқталады. Қалған 31 нысан 2024 жылға өтпелі. Қалған қолдау таппаған нысандар 2024-2026 жылдарға республикалық бюджетті қалыптастыруға ұсынылған. Мәжілісте Ордабасы, Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес, Сайрам аудандарындағы газ саласы бойынша өзекті мәселелері талқыланды. Оның 2018-2021 жылдары аралығында құрылысы аяқталып, газға қосылмаған нысандардың мәселелері де қаралды. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өңірлік филиалы басшылығының деректері де тыңдалды. Әрбір мәселе назарға алынып, тиісті жұмыс жүргізіледі. Жоспардағы жұмыстар нәтижесінде бір жылда облыстағы елді мекендердің газбен қамтылу көрсеткішін 62,7 %-ға, яғни, 465-тен 521-ге жеткізу межеленіп отыр.
Шынтуайтында облысқа қарасты бірқатар елді мекендерде әлі күнге дейін көгілдір отын көзі орнатылмаған. Тұрғындардың талап-тілегінің басым бөлігі ауыл аймақтарды газбен қамту мәселесі екені хақ. Дегенмен биылғы экономикалық көрсеткіш бойынша бірқатар елді мекендерге газ құбыры жүргізіліп, халық игілігіне беріліп отыр.
Осыған орай Түркістан облысы Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылындағы 13 көше, 145 тұрғын үй табиғи газға қосылды. Аудан әкімі Ғалымжан Үсенбаев, Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиев пен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Нұржан Түймебаев, «ИнтергазОрталықАзия» АҚ Түркістан газ шаруашылығының басшысы Ақиқат Абдуллаев арнайы келіп, тұрғындардың қуанышын бөлісті.
– Біздің басты міндетіміз – халықтың жағдайын көтеріп, олардың келешекке деген сенімдерін арттыру. Ескі Иқан жұртшылығы бұл күнді көп күтті. Бүгін 13 көшенің үйлеріне «көгілдір отын» қосылады. «Көгілдір отын» осы өңірдегі халықтың тұрмыс-тіршілігіне, шағын және орта бизнестің дамуына септігін тигізетіні сөзсіз. Сіздерді бүгінгі қуаныштарыңызбен құттықтаймын, – деді аудан әкімі.
Газ құбырын жүргізген мердігер мекеме – «Баянды Құрылыс» ЖШС. Жобалаушы мекеме – «ҚазНұр Жобалау институты» ЖШС. Ал техникалық қадағалаушы мекеме – «Даут Инжиниринг» ЖШС. Жүргізілген газ құбырының ұзындығы – 112,267 шақырым. №16 «Ескі Иқан» автоматты газ тарату станциясының қуаты – 33 302 м3/сағ. Аталған автоматты газ тарату станциясына бүгінгі таңда 6 елді мекен газ желісіне қосылып, 3947 тұрғын үй «көгілдір отынға» қол жеткізіп отыр.
Үздіксіз әрі қауіпсіз газбен қамтамасыз етуді «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ жүзеге асырды. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Нұржан Түймебаев тұрғындарды қуанышымен құттықтап, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертті. Елді мекенді толық табиғи газға қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасатын болды.
Тұрғындарды газбен қамту мәселесіне қатысты Мемлекет басшысы:
«Қазақстан мұнай және газ өндіруші ел ретінде жаңа геоэкономикалық жағдайға бейімделуі керек. Экономиканы әртараптандыру – уақыт талабы әрі стратегиялық міндет. Біз бұл туралы үнемі айтып жүрміз.
Бірақ ісімізден сөзіміз көп болып тұр. Дереу іске көшпесек, әлемдік бәсекеде озық бола алмаймыз, яғни әлем экономикасында көш соңында қалуымызға тура келеді. Жаңа ғана еліміздің даму барысы туралы Үкіметтің есебін тыңдадық», — деген болатын.
