Түркістан облысында 412,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, меморандум арқылы 622,6 мың гектар жер елге ортақ пайдалануға берілген еді. Осылайша, 1 млн. гектардан астам жайылым тапшылығы шешімін тапқан. Осы аталған бағытта мемлекет басшысы жайылым жерлерді мемлекетке қайтару жайында тиісті тапсырмалар берген болатын. Жүктелген тапсырмалар аясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды былай деді:
«Жайылым жер тапшылығы мәселесін шешу бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру керек. Бұл – ел үшін аса маңызды. Бірнеше аудан, қала әкімдіктері тарапынан жерді қайтару жұмыстарында кемшілік анықталып отыр. Бекітілген жер телімдеріне жүйелі түрде мониторинг жүргізіп, мақсатсыз пайдаланылған жерді мемлекетке қайтару үшін тиісті шараларды қабылдауды тапсырамын. Жайылым жерлерлерді конкурс арқылы беру барысында ең бірінші кезекте елді мекендерді ортақ жайылыммен қамтамасыз ету ескерілуі қажет. Бұл күнделікті жұмыс болуы тиіс», – деді Дархан Сатыбалды.
Айта өтсек, еліміздегі жалпы мал басының 18 пайызы Түркістан облысына тиесілі. Биыл өңірде жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектарды құрады. Осы бағытта ортақ жайылымның көлемін ұлғайтып, елді мекендегі мал бастарын шалғайдағы маусымдық жайылымдарға шығаруды ұйымдастыру, аудандарда мал бордақылау алаңдарын және отбасылық сүт фермаларын арттыру көзделген. Нәтижесінде 2024 жылға облыстағы жайылым тапшылығы төмендеп, 1107,8 мың гектарды құрайды. Жыл қорытындысымен 333,2 мың га жер учаскесі ортақ жайылымға қайтарылып, елді мекендердегі жайылым жүктемесінен 681,8 мың га кемиді. Ортақ жайылым жерлерді қайтару барысы туралы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысының баяндамасы тыңдалды. Түркістан облысында жайылым жердің жалпы аумағы 8 млн. 860 мың гектардан асады. Шаруашылық жүргізуші кәсіпорындар үшін жайылым жер жеткілікті. Негізгі мәселе – мал басына қажетті ортақ жайылымның тапшылығында. Облыс әкімі көптің көкейіндегі мәселенің шешілуі қатаң бақылауда екенін айтты. Төрт түлігімен күн көрген ауылдағы ағайынға жетпеген жайылым проблемасына қатысты жауаптыларға нақты тапсырмалар берді. «Қолжетімді жайылым» жобасы аясында облыс әкімдігі облыстық прокуратура мен бірлесе іс-шаралар жоспары әзірленіп, жұмысшы топ құрамы бекітілді. Жұмысшы топ тарапынан ауылдардағы нақты мал басына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, ауылдық округтердің жайылыммен қамтамасыз ету сызбалары әзірленді. Зерделеу жұмыстарының барысында «Ауыл шаруашылығы жануарларды бірдейлендіру» (ИСЖ) базасындағы жұртшылықтың нақты мал басымен ауылдық округ әкімдерінің статистикалық басқармаға ұсынған ақпаратында айырмашылықтар анықталуда. «Пайдаланылмайтын және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып берілген жерлерді алып қою жөніндегі ведомствоаралық жұмысшы топтың іс-шаралар жоспарына сәйкес, Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаментімен бірлесе 2023 жылға 330,0 мың га жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспары бекітілген», – деді Түркістан облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген. 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін мақсатына сай пайдалануына космомониторинг жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде 4543 жер пайдаланушының 560,6 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерінің мақсатына сай пайдаланылмағаны анықталған.
Еліміз жер көлемі жағынан әлем бойынша 9-орында болғанымен, жердің жетіспеуіне қатысты мәселе жиі бой көрсететін болды. Соның бірі – ауылдағы ағайынға мал жаятын жайылымның тапшылығы. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Бас прокуратураға бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырма берген болатын. Бұл іске «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы да белсенді атсалысты. Комиссия мүшелері еліміздің әр өңірін аралап, пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерді мемлекет меншігіне қайтарумен айналысып келеді. Мысалы, өткен жылы еліміз бойынша 5 миллион гектар жер мемлекет меншігіне өтсе, оның 3 миллион гектары «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен іске асқан. Жер мәселесіне қатысты Түркістан облысында қандай жұмыстар атқарылғаны жайлы облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Аманкелдіұлы өз пікірімен бөліскен болатын.
– «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері Түркістан облысына да барған болатын. Комиссия мен облыстық Жер қатынастары басқармасының бірлескен жұмысының нәтижесінде жерге қатысты қандай мәселе шешімін тапты?
– Өткен жылы республикалық «Жер аманаты» комиссиясы жұмыс тобының төрағасы, «AMANAT» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек, партияның фракция мүшелері Ерлан Сайыров, Жанарбек Әшімжан және Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов облыстық «Жер аманаты» жұмыс тобымен бірлесіп бірқатар жұмыс атқарды. Атап айтсақ, Ордабасы ауданы Ақсары елді мекеніне, Бәйдібек, Отырар, Төлеби аудандары және Арыс қаласы тұрғындарымен кездесіп, республикалық деңгейде ортақ жайылымды ұлғайту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
«Жер аманаты» комиссиясының міндеті – ауыл тұрғындарына жайылымның қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Жұмыс тобы облыстық Жер қатынастары басқармасымен және аудан, қала әкімдіктерімен бірлесе отырып, елді мекендердегі ортақ жайылым көлемін ұлғайту мақсатында 412,2 мың гектар жайылымды мемлекет меншігіне қайтарды.
Өткен жылғы 1 қарашадағы жер балансы есебі бойынша, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 4518,5 мың гектар. Оның ішінде егістік – 875,3 мың гектар, көпжылдық екпелер – 27,5 мың гектар, тыңайған жерлер – 96,1 мың гектар, шабындық – 68,6 мың гектар, жайылым – 3333,6 мың гектар, өзге де жерлер – 117,4 мың гектар.
– Бүгінде жайылым тапшылығы әр өңірде кездесетін өзекті мәселеге айналды. Осы орайда Түркістан облысына неше гектар жайылым жетіспейтінін айта кетсеңіз. Жайылым тапшылығын жою үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр?
– Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы мал басына жайылым жеткілікті. Негізгі мәселе облыс елді мекендеріндегі жайылым тапшылығында болып отыр.
2021 жылы аудан, қалалар кесіндісіне сәйкес, 174 ауылдық округтегі 826 елді мекенге талдау жасалып, жайылым тапшылығы 3 867,8 мың гектар екені анықталған болатын. Содан кейін жайылымды қайтарудың қадамдық алгоритмі бекітіліп, бірінші кезекте ең өзекті жайылым мәселелері бар елді мекендерге басымдық берілді. Нәтижесінде, 133 елді мекен маңындағы 135,8 мың гектар жер ортақ жайылым ретінде ауыл әкімшіліктерінің теңгеріміне бекітілді.
Облыс бойынша ортақ жайылымның көлемі – 748 мың гектар.
70 ауылдық округ (247 елді мекен) жайылыммен қамтамасыз етілген соң жайылым тапшылығы 3119,8 мың гектар болды. 2022 жылы елді мекендердегі ортақ жайылым көлемін 1 012,0 мың гектарға ұлғайту жоспарланып, қосымша 42 ауылдық округті (164 елді мекен) ортақ жайылыммен қамтамасыз ету көзделген болатын. Осыдан кейін елді мекен тұрғындары 1 034,8 мың гектар ортақ жайылыммен қамтамасыз етіліп, жоспар толығымен орындалды.
Жайылым тапшылығын жою үшін ауқымды жоспар құрылды. Мысалы, елді мекен тұрғындарының жеке қосалқы шаруашылығындағы мал басын шектеу мен мал ұстау тәртібін белгілеу бойынша «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасына ұсыныстар енгізу. Сонымен қатар Президенттің ауылдардағы шағын кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 2,5 пайызбен несие беру тапсырмасына дайындық ретінде жайылым қоры шектеулі аудандарда шағын мал бордақылау алаңдарын ашу және де кооперативтерге біріктіру бағыттарында жұмыс жүргізу арқылы жайылым тапшылығын азайту.
Шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту, оның ішінде жеке қосалқы шаруашылықтардың малын шалғайдағы жайылымдарда маусымдық жаю арқылы жалпы жайылымдарға жүктемені төмендету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізу үшін ұйымдастырылатын конкурсты электронды форматқа ауыстыру да маңызды міндет болып отыр.
2021-2022 жылдары ортақ жайылымға енгізілген жер телімдерінің карталары әзірленіп, елді мекен тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде 2023 жылға арналған жоспарды әзірлеу үшін облыстық Жер қатынастары басқармасы аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, әрбір елді мекен бойынша жайылым қажеттілігіне талдау жасады. Сонымен қатар жаңадан ашылатын шағын мал бордақылау алаңдарында ұсталынатын мал басына да талдау жүргізіліп жатыр.
Жер қатынастары басқармасы жерді тиімді пайдалану үшін қандай бастамаларды жүзеге асырады?
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ұтымды пайдалануға қатысты автоматтандырылған мониторинг пен бақылауды жүзеге асыру үшін «Жер инспекторының кабинеті» (JerInSpectr) платформасы әзірленді.
JerInSpectr жұмыс істеу тетігі жер қатынастары саласындағы уәкілетті ЖАО қызметкерлерінің және аумақтық бөлімшенің жерді пайдалану және қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторларының жерді пайдалануға қатысты заң бұзушылықтарды анықтауына негізделген.
–Тұрғындарды жеке ауладағы мал басына жайылым жетіспеушілігі, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер кезегіндегі азаматтарға жер учаскесін беру мәселесі, Өндірістік кооператив мүшелерімен шартты жер үлестеріне қатысты мәселелер, сондай-ақ тиісті құжаттары рәсімделмей құрылысы жүргізілген және заңсыз салынған тұрғын үйлерге қатысты туындаған даулар мазалайды. Жұмыс барысында тұрғындардың ұсыныс-тілегін назарға алатын боламыз.
