ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ МӘСЕЛЕСІ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНДЫ

Осыған дейін Түркістан облысында жанар-жағармай өнімдері  тапшылығы байқалған еді.  Дизель отыны мен автогаз іздеген жүргізушілер бекеттерді шарлап, тапқанның өзінде сағаттап кезек күтуде. Отынды заңсыз шекара асырып жатқандар да жағдайды ушықтырып тұр. Қазір өңірдегі жанар май сататын бекеттер жаппай тексеріліп жатыр. Жүргізушілердің жанар май бекетіндегі қызметкерлерге  өкпесі қара қазандай. Себебі, сағаттап қаңтарылып тұрған көлік иелері жұмысымыз тоқтап қалған.  Маңызды мәселеге қатысты жуықта ғана Түркістанда жанар-жағармай тапшылығының алдын-алу және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша атқарылған жұмыстар барысы талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте маңызды түйткілдер айтылды. Жиын барысында облыс әкімі былай деді:
– Жергілікті атқарушы органдар мұнай өнімдерінің бар-жоғы мен бағасына күн сайын мониторинг жүргізуі қажет. Ішкі нарықта жанар-жағар май мен сұйылтылған газ тапшылығын болдырмау үшін қажетті шаралар қабылдансын. Мемлекет басшысы инфляцияны осы жылдың қорытындысымен 2 есеге төмендетуді тапсырды.
Азық-түлік бағаларын төмендету, негізсіз өсуіне жол бермеу жұмыстарына тұрақты түрде мониторнг жүргізу қажет. Өңірлер арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өзара алмасу бойынша байланыс күшейтіліп, қоймаларда сақталған азық-түліктердің нақты аудан, қалаларға таратылуы мен сатылуы қадағалансын, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі, сонымен бірге, құзырлы орган басшылары мен жауапты басқармаға жанар-жағармайдың заңсыз тасымалына қарсы күресті күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ фискалдық деректер мен электронды шот-фактуралар операторларының деректерін талдау арқылы тиімсіз делдалдарды анықтауды және жоюды жалғастыруды жүктеді. Ауыл шаруашылығы тауарларын маусымаралық кезеңде сақтайтын қойманың құрылыс жұмыстары барысын қатаң бақылауға алу керектігін айтты.
Мәжілісте Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұргүл Әбдіразақова жанар-жағармай саласындағы мәселелер мен жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, өңірдегі мұнай сақтау қоймаларында АИ-92 маркалы бензинінің 9 мың 752 тоннасы, дизельдік отынның 15 мың 723 тоннасы бар. Мұнай өнімдері талонсыз және шектеусіз сатылуда.
«Қазақстан темір жолы» АҚ мәліметіне сүйенсек, Түркістан облысына биылғы сәуір айының басынын бері 328 цистерна АИ-92 маркалы бензині және 549 цистерна дизель отыны келген.
Бүгінгі таңда облыс аумағындағы жанар-жағармай құю бекеттерінде АИ-92 маркалы бензині мен дизель отыны тапшылығы бойынша аз-кем деректер анықталған. Ол олқылықты жою бойынша жұмыс жүріп жатыр.
Мұнай өнімдерінің ағымдағы жағдайын талқылау мақсатында облыс аумағында орналасқан жанармай құю бекеттері басшыларымен және жұмысшы топ мүшелерінің қатысуымен жиналыс ұйымдастырылды.
Жиналыста ресурсұстаушы «Petrosun» ЖШС тарапынан мұнай өнімдерінің қажетті көлемде берілмей отырғаны бойынша мәселелер тыңдалып, тиісті ұсыныстар жолданған.
Мәжілісте өңірдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, тұрғындардың өтініштері мен талап-тілектеріне дер кезінде жауап беру мәселесі де қаралды. Облыс әкімі аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеп, халық алдындағы міндеттерін сапалы атқаруды тапсырды.
Осыған байланысты Түркістанда бәсекелестік тұрғысынан 17-ден астам тауар нарығын зерделеу жұмыстары жүргізілген болатын.  Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Әліби Тұрысбаевтың айтуынша, өткен жылы Түркістан облысының тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне 43 талдау аяқталған. Жанар-жағармай материалдары, сұйытылған мұнай газ, ӘМАТ, тұтынушыларды табиғи газға қосу кезіндегі құрылыс-монтаждау қызметтері, электр энергиясын өткізу нарықтары зерттелген. Сондай-ақ, ӘМАТ өндірушілерімен 12 монополияға қарсы комплаенс актісі келісіліп, «INSAF LTD» ЖШС (ұн, нан), «Сайрам-Сүт» ЖШС (сүт өнімдері), «Арыстанов П.» ЖК (қант), «Яссы құрылыс» ЖШС сауда үстемесін 15%-дан 10%-ға дейін төмендеткен. Ал басқа көтерме саудагерлермен 7 монополияға қарсы комплаенс актісі келісілген.
– Биыл 17-ден астам тауар нарығында бәсекелестіктің жай-күйін зерттеу жоспарланды. Қазіргі уақытта күріш, ұн, шитті мақта және СМГ өндірісінің және өткізудің тауар нарықтарын зерделеу жүргізіліп жатыр. Бұл орайда айтарым, департамент баға реттеуші емес. Біз тауарлардың, оның ішінде ӘМАТ-тың бағасын реттемейміз және белгілемейміз. Біздің міндетіміз – табиғи монополия субъектілері ұсынған нарықтардан басқа, нарықта доминанттар мен монополистер болып табылатын субъектілер тарапынан монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері анықталған жағдайда ден қою, — деді Әліби Бақтыбекұлы.
Сонымен қатар, өткен жылы нарықты талдау, өтініштерді қарау қорытындысы бойынша Департаментпен монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілерінің болуы туралы 8 хабарлама шығарылып, 13 тергеу жүргізілді. Ал бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 16 әкімшілік іс қозғалып, оған 38 млн 406 мың теңге мөлшерінде монополиялық кіріс тәркіленіп, айыппұл салынды.
Одан бөлек, тергеп-тексеру нәтижелерінен Түркістан қаласының «Адами әлеуетті дамыту бөлімі» ММ-не қатысты, жеке және мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру кезінде ақшалай қаражаттың біркелкі бөлінбеуі фактісі бойынша монополияға қарсы ден қою шаралары қабылданды. Жүргізілген тергеу қорытындысы бойынша Бөлім әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ, «Бәйдібек орталық аудандық ауруханасы» ШЖҚ МКК 2022 жылғы сәуірден тамызға дейін 3 388 теңгеден 6 040 теңгеге дейін 075/у анықтама беру бойынша қызметке негізсіз жоғары баға белгілегені анықталды. Тергеу қорытындысы бойынша Департамент материалдарды Түркістан облысы Бәйдібек аудандық сотына өткізді.
Одан бөлек, биыл Түркістан қаласының көппәтерлі үйлері тұрғындарының өтініштері қаралды. Нәтижесінде, «Жылу» МКК тұтынушылардан есептегіш құралдары арқылы емес, текше метр арқылы есептеу жүргізгенін анықтады. Өтінішті қарау қорытындысында аталған мекеме тұрғындарға жалпы сомасы 29 491 548,59 теңгеге қайта есептеу жүргізді.
Айта кетейік, Президент тапсырмасына сәйкес, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде «Open Space» диалог алаңы жұмыс істейді. Онда облыс кәсіпкерлері мүдделі мемлекеттік ұйымдармен бірлесіп, бизнестің дамуына кедергі келтіретін проблемалық мәселелерді талқылайды. Жыл басынан бері 4 отырыс өткізілді.
Сондай-ақ, атқарылған жұмыстар нәтижесінде өңірде  сұйытылған мұнай газ қоры біршама реттелді. Бұл туралы
облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиев мәлімдеді.  Басқарма басшысының  айтцынша, Түркістан облысында сұйытылған мұнай газының басқа облыстармен салыстырғанда бағасы тұрақты.
– Түркістан облысында сұйытылған мұнай газ таратушы 37 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Автомобильдік газ құю станцияларының саны – 317. Өңірде сұйытылған мұнай газына 1 айға қажетті көлемі – 12 915 тонна болса, оның 10 мың тоннасын автокөліктер пайдаланады. Бүгінде облыста мұнай газының бағасы тұрақты. Өңірде сұйытылған мұнай газының 1 литр бағасы – 60-65 теңге. Егер одан асырып сатқан жағдайда шара қолданылады, – деді басқарма басшысы.

Қазіргі таңда Түркістан облысы аумағында 9 мұнай сақтау қоймасы мен 369 жанармай құю бекеті жұмыс істейді.

Оның ішінде 328-інде дизель отыны сатылады. Дизель отынының өнімін есепке алудың ақпараттық жүйесі 135 жағармай құю бекетінде орнатылған (41,2%). 13 сәуірдегі дерек бойынша жанармай құю бекеттерінде АИ-92 – 1 мың 821 тонна, АИ-95 – 713 тонна, дизельдік отынның – 982 тонна қоры бар.

Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда АИ-92 маркалы бензинін тұтыну 8 мың тоннаға өсіп, 34 мың тоннаны құраған.

Дизель отынын бір айлық тұтыну көлемі 7 мыңға өсіп, 36 мың тоннаны құрап отыр. Сондықтан облыс бойынша АИ-92 маркалы бензиннің және дизель отынының жетіспеушілігі қаупі сезілген. Енді осы тапшылықты болдырмау бағытында жұмыстар күшеймек. Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов өңірде жанар-жағармайдың шетелге заңсыз тасымалына жол бермеу бағытында тұрақты түрде зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның мәлімдеуінше, дизель отынының көршілес елдерге мөлшерден тыс тасымалдауын болдырмау үшін Өзбекстанмен шекара маңында орналасқан кеден бекеттерінде энергетикалық бекеттер құрылған. Мониторинг топтары жұмыс жүргізіп, бірқатар кемшілік анықталған.

Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сәйкес, Түркістан облысы бойынша 2023 жылдың 1 ақпанынан бастап, мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің 94 фактісі анықталған. Ол бойынша 7 млн. теңгеден астам айыппұл салынып, мемлекет пайдасына өндірілді.

Осы мәселеге қатысты Мемлекет басшысы ел экономикасын жақсарту мақсатында өткізген кеңесінде былай деген болатын:

«Жанар-жағармайдың бағасын көтеру мәселесіне де дәл осылай қараған жөн. Түскен қаржыны делдалдар, яғни алыпсатарлар иемденіп кетпеуі қажет. Оны жаңа мұнай-газ жобаларын жүзеге асыруға және мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға жұмсау керек.

Сондықтан Үкімет мұнай өнімдерінің бағасын қайта қарау кезінде мемлекетке төленетін салықты арттыру жөнінде қосымша шаралар қабылдауға тиіс.

Жалпы, тариф саясаты бойынша Үкіметке тауарлар мен қызметтерді реттейтін «тұтынудың әлеуметтік нормасын» енгізу мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл – халықаралық тәжірибе».

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *