Құрметті Ерлан Жақанұлы!
Құрметті Парламент депутаттары!
Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков Үкімет басшысының атына тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру жолдарын оңтайландыру жөнінде депутаттық сауал жолдады. Нағыз революциялық бастама деуге болады. Ұласбек Сәдібекұлына мың алғысымызды білдіреміз. Бұл проблема тек Түркістан облысында ғана емес, бүкіл. Республика көлемінде орын алып отыр.

Бұл мәселені шынын айту керек бүгінгі күнге дейін не жергілікті, не Республика көлемінде үкіметтік деңгейде көтеріп, басын ауыртып жүрген пенде болмаған, және де ешкімге қатты “қызық” болған емес.
Бір ғана Түркістан облысында 408000 аса адам тұрғын үй құрылысын салу үшін жер кезегінде тіркелген болса, Республика бойынша кезекте тұрғандар саны 3,0 млнға жуықтаған. Бұл жалпы Қазақстандықтар санының 15% деген сөз.
Республика бойынша тұрғын үй салу үшін жер кезегінде тұрғандар санының осынша көбейіп кетуінің себебі неде?
Мұның бірінші себебі — жер кезегінің мүлдем кері бағытқа жылжымауы. Жер кодексіне сәйкес тұрғын үй құрылысын салу үшін азаматтар жер кезегіне тұрады, алайда жер учаскелері берілмейді.
Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты 2007-2008 жылдардан бері тұрғын үй салу үшін жер учаскелері берілмеген деп айтсақ та болады. Себеп біреу- тұрғын үй салу үшін берілетін жер учаскелеріне алдыменен инфрақұрылым жүйелері жүргізілуі қажет. Ең болмағанда электр жүйелері мен ауыз су жүйелері жүргізілуі керек, егер елді мекенде орталықтандырылған ауыз су жүйесі жоқ болса , электр жүйесін жүргізіп, жер учаскелерін беруге болатыны Жер кодексінде көрсетілген..
Жалпы Қазақстан бойынша 7000 жуық елді мекендер болса , мұның барлығына қажетті инфрақұрылымды қай ғасырда жүргізіліп бітетіні бір Аллаға аян. Демек қазақ елі әлде де жеке тұрғын үй үшін көп уақытқа дейін жер учаскелерін ала алмайды, жер кезегінің саны тек алға қарай ұлғайып отырады деген сөз.
Елімізде халық саны жыл санап өсуде. Сонымен қатар тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың да саны жыл санап артуда. Тұрғын үй салу үшін жер кезегіндегілердің саны 3,0 млн жетсе, тұрғын үй алу үшін кезекте тұрғандар саны 640000 асты. Мұндағы кезектегілер саны да жылдан- жылға тек ұлғаюда.
Өздеріңізге белгілі Қазақстанда салынып жатқан үйлер, пәтерлер тек ипотекалық несиемен беріледі. Бұл ипотекалық жүйе дегеніміз ел экономикасының басты саласының бірі болды. Құрылыс саласына бөлінетін қаржылырдың басым бөлігі осы ипотекалық жүйемен берілетін көпқабатты үйлерлді салу үшін бөлінеді, сонан соң осы үйлерге инфрақұрылым жүйелерін жүргізуге бөлінеді, банкілерді қаржыландыруға, субсидиялауға т. б. Бұл салада соңғы 20 жыл көлеміде осы тұрғын үй салып сатумен айналысатын белгілі екі- үш фирма бар, бүкіл Республикамыздағы баспанасыз жүргендердің баспаналы болу болмауы осы фирмаларға тәуелді секілді . Тұрғын үйдің әр шаршы метрінің бағасын да , алу шарттарын да сол нарықтағылар анықтайтын сияқты. Неге тұрғын үй кезегінде тек 640000 адам ғана кезекте тұр. Бұл азаматтар тұрғын үй алу үшін бекітілген талаптарға сай азаматтар. Ал бекітілген талаптарға сай келмейтін азаматтар ипотекамен үй алмақ түгілі тұрғын үй кезегіне де тіркеле алмайды. Ипотекамен берілетін пәтерлерді өздеріңізге белгілі конкурс ойнатып, жеңімпаздарына ғана береді. Алдын- ала бастапқы жарна төлетеді т. сс. Айта кететін ең бастысы бұл ипотекалық жүйемен пәтер беру жүйесі Қазақстанның тек санаулы ғана қалаларында жүзеге асырылуда. Ал еліміздегі қалған 7000 жуық елді мекендерде тұрып жатқандадың баспана мәселесі қалай шешілмек. Бүкіл Қазақ елінің баспана салып, шаңырақ көтеру мүмкіндіктерін тек осы ипотекалық компанияларға тәуелді етіп қою дұрыс емес. Мүмкін ипотекалық компаниялар әр ауылға барып көпқабатты үйлер салып берер . Күлкілі, әрине күлкілі. Сол ауылды жерлерде үй салу үшін 10 сотық жер берілсе ипотекамен үш бөлмелі пәтер алу үшін төлейтін бастапқы жарна сомасына үш- төрт бөлмелі баспана салып алар еді, 25 жыл банктің несиесін төлеуге жұмыс жасамай, әл ауқатын көтеруге жұмыс жасар ма еді. Бір Түркістан облысында 17 аудан — қала бар, әр ауданда 30-40 елді мекен- ауылдардан бар. Ал ипотекалық жүйе тек Түркістан қаласында. Баспанаға мұқтаждар не істейді, ауылдарынан тіркеуден шығады қалаға есепке тұрады, үй кезегіне және жер кезегіне кезекке тіркеледі. Тек Түркістан қаласының өзінде 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда халық саны 191314 адамнан 219550 адамға артып отыр, яғни бір жылда 28236 адамға немесе 15% ға көбейген, үй кезегіне тұрғандар саны да 10000 ға жуық көбейген.
Баспана мәселесін шешудің бірден- бір жолы тұрғын үй салу үшін жер беру мәселесін тез арада оңтайландыру. Бізде алдын ала үй салатын жерге инфрақұрылым салып беру жұмыстары жоқтың қасы десек те болады. Астанамыздың өзіне 25 жылдан бері газ кіргізе алмай отырғанда, басқа елді мекендерді айтпасақ та болады. Екіншіден аудан, ауыл әкімдеріне біреуге бекерге үй салуға жер беріп, еще сол жерге су мен электр жарығын тартып беру мүлдем қызық емес .
Қазақстан жер көлемі жағынан әлемде 9 орында, бесіктегі баладан бастап есептегенде бүкіл Қазақстанның әрбір тұрғынына 15 га жерден келеді екен.
Шешу жолының еш қиындығы жоқ. Жер кодексінің екі- үш бабына өзгеріс енгізу, ауылдарда жер табыстау комиссиясының құзіретін ауылдағы қауымдастыққа беру керек, себебі жер комиссиялары тек аудандық деңгейде болады. Сонымен қатар әрбір елді мекен бойынша оңтайландырылған орналастыру схемаларын дайындау.
2007 жылға дейін ешқандай проблемасыз ауыл- аймақтарда тұрғын үй салуға жер беріліп келді. Ауылдарда жас отбасылар жер алып, шаңырағын көтеріп, еншісін алып, үйлі- жайлы болып кететін. Баспана мәселесі көтеріле бермейтін. Баспана проблемасы тек мегаполистерде ғана көтерілетін, ал бүгінгі таңға бұл мәселе шалғайдағы аудандар мен ауылдардың өзінде туындап отыр. Бұл проблемалардың барлығын өзіміз қолдан жасап отырған сияқтымыз. Және де бүкіл Қазақстан осы ипотекалық компаниялардың аузына қарап, осылардың салған пәтерлерін айтқан бағаларына сатып беруге жұмыс жасап отырғандай көрінеді.
Құрметті Мәжіліс депутаттары баспана мәселесін шешудің, нарықтағы баспана бағасын арзандатудың бірден бір жолы- ауыл- аймақтардағы елді мекендерден сұраныстарына қарай тұрғын үй салу үшін жер телімдерін беру мәселесін тездетіп шешу. Аталған мәселені дер кезінде көтеріп отырған әріптестеріңіз Ұласбек Сәдібеков пен Бақытжан Базарбекке үлкен алғыс, бастамаларына сәттілік.
Аталған проблеманы дер кезінде қолға алмасақ , түптің — түбінде қайтадан киіз үйлерде тұрып, көшпелі күйімізге түсеміз.
Түркістан қалалық мәслихатының депутаты.
