СЫРЛЫ СОЗАҚ: ТАЛАНТТЫ ЖАЗУШЫ, ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР ЕСЕНКҮЛ КӨШЕРБАЙҚЫЗЫМЕН КЕЗДЕСУ КЕШІ ӨТТІ

Түркістан облысы Созақ ауданының  «Мыңжылқы» мәдениет үйінде талантты жазушы, қарымды қаламгер, журналист Есенкүл Көшербайқызына арналған «Әдебиет әлеміндегі әйел жүрегі» атты кездесу кеш өтті.

Кеш шымылдығы Есенкүл Көшербайқызының өмір жолына арналып, «Ыстық леп» әңгімесінен алынған бейнебаянмен түрілді.

Тағылымды шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, ұзақ жыл журналистика саласында із қалдырып, ұшқыр қаламымен талай дүниелерді қамтып, қазақ елінің әдебиетіне, мәдениетіне үлкен үлес қосып жүрген жерлесіміз Есенкүл Көшербайқызына ақ тілегін жеткізді. Алғыс хат пен сый-сияпат табыс етіп, құрмет көрсетті.

Сонымен қатар, кешке арнайы келген «Turkistan Media Holding» ЖШС басқарушы директоры Тельман Әбдібекұлы ұйымдастырылған шараның маңыздылығына тоқталып, кештің басты кейіпкеріне ыстық ықыласын білдірді. Облыс әкімінің құттықтау хаты мен сый-сипатын табыстады. 97 жасқа келген батыр ана, ауданның Құрметті азаматы Ұрхан Аймұқанбетқызы ақ батасын арнады.

Сайрам ауданы мен Түркістан облысының Құрметті азаматы, жазушы Баян Тіленшиева, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Жылбек Сенбекұлы, ауданымыздың Құрметті азаматтары Елтай Естанов, Арынов Бүркіт, Нұржамал Төлеуова бастаған көптеген зиялы қауым өкілдері мен журналитика саласының майталмандары Есенкүл Көшербайқызының мейірім тұнған жүрегі мен барлық табиғи болмысына, адалдығына тоқталып, жазушының шығармалары жайында әңгіме өрбітті.

Шара соңында Есенкүл Көшербайқызы өзінің туған жеріне деген сағынышын жеткізіп, кешті ұйымдастыруға қолдау білдірген аудан басшысы мен «Бақ нұры» іскер әйелдер қоғамдық бірлестігінің мүшелеріне өз алғысын жеткізді.

Кешке жиналған қонақтар «Мыңжылқы» мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған әсем әнді тыңдап, фойеде қаламгер жерлесіміздің шығармашылығына арналып қойылған көрмені тамашалады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *