ТҮРКІСТАН: БИЫЛ 92 ЕЛДІ МЕКЕНГЕ САПАЛЫ ИНТЕРНЕТ ЖЕЛІСІ ОРНАТЫЛМАҚ

Биыл Түркістан облысына қарасты 92 ауыл тұрғындары сапалы интернет желісімен қамтылады. Осыған дейін Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының ауылдық елді мекендерді заман талабына сай сапалы интернет желісімен қамту бойынша тапсырмасы аясында цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілген болатын. Облыс аумағындағы барлық елді мекендерге, оның ішінде 826 ауылдық елді мекен мен 7 қалаға интернет сапасын анықтау мақсатында талдау жүргізіліп, нәтижесі бойынша 655 ауылдың 438-і 3G және 217-сі 4G мобильді интернет желісімен қамтылғаны анықталды.
Жалпы, 1 942 542 тұрғын интернет желісімен қамтылған. Облыс халқының санына шаққанда интернетпен қамтылу деңгейі 93%-ды құрайды. Қалған 145 968 тұрғыны бар 178 ауылдық елді мекенде интернет жоқ. Оның ішінде 116 ауылдық елді мекен 2G мобильді байланыс желісімен қамтылған, ал қалған 62 ауылдық елді мекенде байланыс мүлде жоқ. Аталған 62 ауылдық елді мекеннің 43-і министрлікпен айқындалған критерийлерге (халық саны 250 астам болуы қажет) сәйкес келмеуіне байланысты ұялы байланыс операторлары базалық станция орнатудан бас тартқан. Қалған 19 елді мекенді алдағы уақытта ұялы байланыс операторларының лицензиялық міндеттемелеріне енгізу пысықталып жатыр.
Жалпы, Түркістан облысы бойынша сапалы интернетпен қамтуды қажет ететін 135 ауылдық елді мекен бар. Биыл Түркістан облысы бойынша 30 ауылдық елді мекенде жаңа базалық станция орнату және 62 ауылдық елді мекеннің базалық станциясына жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарға енгізілді.
Қазіргі таңда жыл басынан бері 19 ауылдық елді мекенге жаңа базалық станция орнатылып, 13-інде базалық станциясына жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жергілікті тұрғындарды сапалы интернет желісімен қамту жұмыстары жалғасады.

Ал 5G – бесінші буын ұялы байланыс стандартының аббревиатурасы. Ұялы желінің өзі өткен ғасырдың 50-жылдарында, алғашқы екі жақты радиобайланыс құрылғылары сынақтан өткен кезде түбегейлі дамыды. Желінің әрбір келесі буыны, соның ішінде 5G байланыс және деректерді беру үшін радиотолқындарды пайдалануды жалғастырады.  5G – қазіргі 4G стандартының «ізін жалғаушы». Жаңа стандарт аудан бірлігіне шаққанда көбірек клиенттік құрылғыларды қолдауға арналған. Тіпті ең жылдам 4G желісі 5G сияқты көптеген құрылғыны басқара алмайды. Біз бір шаршы шақырымға миллион қабылдағыш туралы мәселені айтып отырмыз. Бұл стадиондарда интернетті оңай шарлауға, Жаңа жыл қарсаңында адамдар көп жиналатын алаңнан алыстағы туыстарға қоңырау шалуға немесе әр қадам сайын сымсыз қабылдағыштары бар робот зауытын басқаруға болатынын білдіреді. Сонымен қатар 5G секундына 20 гигабайтқа дейінгі жоғары өткізу қабілетіне ие. Бұл қазіргі 4G желілерінен 60 есе көп және гигабайт оптикалық талшықтардан 20 есе көп, олар қазіргі уақытта магистральдық деректер желілері ретінде өте танымал.

2023 жылы ҚР ЦДИАӨМ республикалық маңызы бар қалаларда және кейбір облыс орталықтарында 5G ұялы байланысының жаңа буынын енгізеді. Ал «2027 жылға қарай әрбір республикалық маңызы бар қала мен Астананы қамту 75%-ды, ал облыс орталықтарын қамту 60% -ды құрайды. 5G Интернетке жоғары жылдамдықпен қол жеткізуді қамтамасыз етеді, бұл цифрлық экономиканың дамуын жеделдетуге және заманауи технологиялық компаниялардың жұмыс жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жалпы экономиканың өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді, сондай — ақ елге жаңа инвестициялар мен технологиялық әзірлемелер әкеледі», – деп атап өтті Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин Үкімет отырысында.

Оған қоса жылдам ақпарат алмасу және үлкен көлемдегі деректерді беру қауіпсіз байланыс пен мониторинг жүйелерін құруға мүмкіндік береді, бұл, әсіресе, маңызды инфрақұрылымды басқару және ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды. Сондай-ақ, КЖҚ желісін салу арқылы қалалардағы 170 мыңнан астам үй шаруашылығын жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз ету жоспарлануда. Туризм индустриясын дамытудың2019-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының маңызды бағыты – туристік қызметтер нарығындағы цифрландырудың деңгейін жоғарылату. Осыған орай, елімізде айтулы бағытта қызмет көрсету барысын оңтайландыру ісі жолға қойылған. Бұл бастама саяхатты жаны сүйетіндерді елімізге тартуға және олардың қызығушылығын оятуға мүмкіндік береді. Абылайхан Қалықұл, Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының бөлім басшысы: «5G мобильді интернет 2021 жылы желтоқсанда  республика аумағында алғашқы болып Түркістанда  өндірістік қолданысқа қосылды. Жоғары жылдамды мобильді интернет құрылғысы  әуежайдан бастап, әкімшілік іскерлік орталығы, Конгресс холл, стадион, рухани- мәдени орталығы, оның ішінде Керуен сарай кешенінде, Мавзолей, Экобазар және Риксос қонақ үйінде орнатылған. Бұл интернет 5 буыны өте жоғары жылдамдықта істейді, Цифрлық жоба  5G Түркістан облысында дамиды. Ол әзірге актив, кселл мобильді интернет арқылы, болашақта Теле-2, Билайн, барлық опеаторлар қосылады».

Елнұр Өтебаев, Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы: «5G  мобильді интернеті Еуропада жоқ. Таяу Шығыста,  Қытайда тесттен өтуде. Мұндай жоғары жылдамдықта жұмыс істейтін 5G  мобильді интернет  Орта Азияда жоқ. Тек Түркістанда қолданыста». Аймақта туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жаңа технологиялар кеңінен пайдаланылуда.

«Біздің басқарма полиция департаментімен бірлесіп 11 дабыл нүктесі құрылғысын орнатты. Мақсаты құрылғыдағы  бейнеокамера арқылы жедел басқару орталығымен хабарласып, дер кезінде мәселен зат ұрланса тез арада полиция келеді. 102 барлығы тіркеледі, ол мәліметтер сақталады», дейді, құрылғыны жұмыс барысында көрсеткен Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының бөлім басшысы Абылайхан Қалықұл.

Елімізде туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру, әрі өңірді туристерге тартымды ету – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Сондықтан мұнда, көне тарихи-мәдени нысандар, ондағы жәдігерлер , зиярат ететін қасиетті жерлер, демалатын табиғаты керемет орындар жайлы ақпаратты қол жетімді ету бағытында тиімді жоба жұмыс істеуде. Осында  орналастырылған  Түркістан мобильді қосымшасын жүктеп барлық ақпарды аласыз.  Түркістанда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы көптеген жобалар келешекте облыс аумағындағы тарихи мәдени орындарда жүзеге асырылмақ. Шығыс Қазақстан облысында алдағы үш жылда 200-ден астам ауылға сапалы интернет тартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Шығыс Қазақстандағы өзекті мәселелердің бірі – ауылдардың ғаламтормен қамтылуы. Өңір әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, осы тұрғыда бірқатар жұмыс атқарылмақ. Өткен жылы облыстағы 363 елді мекеннің 160-ында сапалы мобильді интернет тартылды. Қалған 203 ауыл 2026 жылға дейін кезең-кезеңімен сапалы интернетпен қамтамасыз етіледі. «Осы жылы жергілікті бюджет есебінен 1,3 млрд теңгеге 19 антенналық-мачталық құрылымды салу және ұялы байланыс операторларының қолданыстағы лицензиялық міндеттемелерін орындау есебінен 16 ауыл мобильді интернетпен қамтылады. Тағы 70 ауылда ұялы байланыс операторларымен жасалған келісімшарттар негізінде интернет қолжетімді болады. Нақты айтқанда, 2023 жылы – 63 ауылда, 2024 жылы – 7 ауылда жұмыс жүргізілмек», — дейді аймақ басшысы Даниал Ахметов. Қалған 117 елді мекенге сапалы интернет тарту жұмыстары 2025-2026 жылдар аралығында мәресіне жетеді.

Осыған дейін Түркістан облысы елді мекендерінің сапалы инфрақұрылыммен қамтылуына ауқымды мониторинг жұмыстары жүргізілген болатын.  Бұрын-соңды болмаған бұл шара барысында ауыз су, табиғи газ және электр қуатымен қамту саласы егжей-тегжейлі сараптамадан өтеді. Нәтижесінде облыс аумағындағы елді мекендердің инфрақұрылыммен қамтылу төлқұжаты әзірленеді. Анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстары жауаптыларға жүктеледі. Бұл мәселе Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжіліс отырысында талқыланды.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің баяндауынша, басқарма тарапынан мониторинг жүргізу жөнінде хат «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС, «Казтрансгаз» АҚ ТӨФ, Су беруші мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарға жолданған.
Ауыз сумен қамтамасыз етілу барысына мониторингте аудан, қала, ауылдық округ, елді мекен атауы, халық саны, абонент саны, ауыз судың берілуі (кестемен берілудің себебі), судың сапасы толық көрсетіледі. Су беруші мекеме атауы, ауыз су жүйелерінің пайдалануға берілген жылы, су көзі, құбыр ұзындығы, полиэтилен немесе шойын, су жинағыш резервуар (саны, көлемі, м3), қондырғы қуаттылығы, суды тазартқыш қондырғылар, хлоратор, су тазарту станциясының салынған жылы, саны анықталмақ. Сапалы табиғи газбен қамтылу барысына да солай мониторинг жасалмақ. Аудан, қала елді мекен атауы, халық саны, абонент саны, қамтылған және қамтылмаған абонент саны (қосылмау себебі), желінің ұзындығы, орнатылған газ желілерінің түрі, техникалық жағдайы, АГТС, газ желілерінің теңгерім ұстаушысы, желінің өткізу қабілеті, ГРПШ 6/10 саны көрсетіледі. Сондай-ақ елді мекеннің қосылу нүктесін анықталып, АГТС-тің қуаты, газ жүйелерінің пайдалануға берілген жылы да ұсынылады. Электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша аудан, қала, ауыл атауы, халық саны, абонент саны, елді мекеннің қосылу нүктесі (қосалқы станция, ЖТҚС, электр желісінің атауы), елді мекендегі барлық электр қондырғылары туралы ақпараттарды толықтыру (ЖТҚС саны және қуаты, 10-0,4 кВ электр желісінің жалпы ұзындығы), сапалы электр қуатымен қамтылмаған абонент санын анықтау көзделген. Нормативтік талапқа сәйкес емес қосылған абоненттер саны, орнатылған трансформатордың қуаты, электр желілерінің техникалық жағдайы бойынша мәлімет алынады.
– Халықты сапалы ауыз сумен, жарық пен табиғи газбен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Тұрғындардың негізгі өтініштері де инфрақұрылымға қатысты болып тұр. Бұл саланы әрі қарай дамыта береміз. Облыстың инфрақұрылыммен қамтылу төлқұжаты әзірленеді. Осы бағыттағы жоспарлы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды. Ауыз сумен қамтамасыз ету саласында атқарылатын жұмыстар да ауқымды. Биыл жалпы құны 51,5 млрд. теңгеге 66 нысан құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 46 нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Қалған нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі. Нәтижесінде су құбыры мүлдем жоқ 18 елді мекен (Бәйдібек – 1, Сарыағаш –7, Келес – 4, Қазығұрт – 1, Ордабасы – 4, Отырар –1) ауыз сумен қамтамасыз етіліп, 12 елді мекеннің (Жетісай – 1, Бәйдібек – 2, Қазығұрт –1, Төлеби – 4, Мақтаарал – 1, Ордабасы – 1, Түлкібас – 2) тозығы жеткен су жүйелері қайта жаңартылады. 2023 жылдың қорытындысымен 833 елді мекеннің 738 елді мекені ауыз сумен толық қамтамасыз етіледі.
2023 жылы газбен жабдықтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс аумағында жалпы құны 60,3 млрд. теңге болатын 100 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 70 нысанның құрылысы аяқталады, қалған 30 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Нәтижесінде биыл 56 елді мекеннің 145 мыңға жуық халқы табиғи газ пайдалануға мүмкіндік алады.
Биыл халықты сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету үшін жалпы құны – 47,2 млрд. теңге болатын 71 нысанның құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, 2023 жылы 40 нысанның құрылысын аяқтау жоспарланған, қалған 31 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі. Нәтижесінде жыл соңына дейін 47 елді мекендегі 122,3 мың тұрғын сапалы жарықпен қамтылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *