Қазақ халқы өнерлі халықтың бірі болған, халық өнерінің түрлері өте көп болған. Тұрмыста қолданылатын бұйымдардан халықтың тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін көруге болады. Ел ішінде әр істің хас шебері болған. Қазақ даласында көне дәуірлердің көзіндей болған 25 мыңнан астам тарихи жәдігерлер бар. Қолөнер бұйымдары бір күннің бір жылдың емес ғасырлар бойғы халық мәдениетінің, өнерінің көрінісі, мұнда әр ұрпақтың үлесі бар. Қолөнер бұйымдары атадан балаға мирас болып келе жатқан көне өнер түрі. Қолөнер заман ағымымен дамып отырады. Ұлттық қолөнер бұйымдарын жасаушы — халық шеберлері. Халық арасында ағаш,темір ұстасы, тоқыма, киіз тоқу өнерінің шеберлері бар. Қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдары Отырар музей-қорығында сақтаулы. Көшпелі өмірге орай кең байтақ даланың мол байлығына ие болып сан мыңдаған заттарды қолданып, үйренуге мәжбүр болған, өз тұрмысында қолөнерді жетілдіре білген. Халқымыздың тұрмысында күні бүгінге дейін сақталып келген тұрмыстық бұйымдар, ұлттық қолөнеріміздің озық үлгілері өте көп. Солардың бірі көшпелі мал шаруашылығынан жыртылай отырықшылыққа ауысып, егіншілікпен айналысқан қазақ қауымының күнделікті тұрмысқа қажетті ағаштан жасалатын бұйымдары болып табылады. Ағаш шеберлері еңбек құралдарынан бастап үй жиһаздары мен ыдыс-аяқтарды, музыкалық аспаптарды, киіз үйдің ағашын т.б. бұйымдарды жасап көркемдеген. Ағаш өңдеуді кәсіп еткен шеберлерді олардың өндіретін бұйымдарына орай ерші, үйші, арбашы, ұста деп даралады. Аталған бұйымдар жеңіл, әрі ықшамды етіп, көшпелі тұрмысқа бейімделіп жасалды. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде маңызы зор болған мүлік ол-адалбақан. Отырар өңірін мекендеген отырықшы, жартылай отырықшы, көшпелі халық үшін ең қолайлы баспана — киіз үй болған. Оның ішіндегі мүліктерін де көшіп — қонғанға ыңғайлы етіп жасаған.
Адалбақан — ағаштан жасалған киім т.б. үй мүліктерін ілуге арналған бұйым. Адалбақанды кейде темірден де жасайтын болған. Бірақ, көшпелі өмірде ағаштан жасалған адалбақан көп пайдаланылған себебі, әрі жеңіл, әрі ыңғайлы болған. Халық өнері дәстүрінде адалбақан өте мықты, жеңіл ағаштан жасалады. Оны киіз үй босағасына бекітіп қойған, оны құлатуға, одан аттауға тыйым салынған, асыл тастармен безендірген, ілмегін күмістен де, темірден де жасайтын болған.Үлкен бес, кіші төрт, ара-арасында шеті білезіктенген, бұнақтармен бөлінген гүл өрнегі, жоғарғы бөлігіне құс қанаты өрнегі ойылып салынаған. Үш үлкен бұнақталған бөлігіне металдан жасалған ілгектер бекітілген. «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының экспозициясындағы адалбақанға тоқталатын болсақ, адалбақан ХХ ғ. тән, ағаштан жасалған, ұзындығы 2 м, 43 см, ені 12 см. Кісі басынан асатын жуан діңгектің бойы түгел ойылып, өсімдік тектес өрнектермен өрнектелген. Төменнен жоғары өрлеген сайын буындары сүйірлене келіп, бітер ұшына шалқалай туған ай суреті, ақ түсті металдан құйылып қондырылған. Металдан соғылған адалбақан ілгіштері пайдалануға қолайлы. Бақан бойына үш жерінен ақ түсті металмен белбеуленген доғалар орнатылған. Жоғары бөлігі қызыл, жасыл бояулармен боялған. Қолөнер шеберлері ағашқа сымбат беріп, жан бітіретін бесаспап шебер болған, жасаған бұйымдарынан биязылықты, ұқыптылықты байқаймыз, олардың жасаған бұйымдары бүгінгі жас ұрпаққа ізгі өнеге, үлгілі дәстүр болып жалғасады.
«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының бөлім меңгерушісі Ақлима Жұмашова