ӘДІЛЕТСІЗДІКТІҢ ҚҰРБАНЫ

 

Бүгінгі ой-толғаныс қазақтан шыққан, тұңғыш аса ауыр салмақтағы боксшы, ұлт батыры — Әбдісалан Нұрмаханов жайлы болмақ. Әбдісалан Нұрмаханов — қазақ боксына өз қолтаңбасын қалдырған боксшылардың бірі және бірегейі. Ол — бокстан Қазақстанның 10 дүркін чемпионы, КСРО чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, КСРО халықтары спартакиадасының екі мәрте қола жүлдегері, Азия-Африка ойындарының жеңімпазы.

Ә.Нұрмаханов 1936 жылы Өзбекстанның Сухандария өңіріндегі Күлтөбе ауылында дүниеге келген. Ата-аналары иманды, елге құрметті адамдар болғандықтан, Кеңес үкіметі тұсында қудалауға түсіп, елден көшуге мәжбүр болады. Осылайша Арқадан кетіп Сухандарияға тұрақтайды. Бала күнінен ауыр жүмыс істеп, ата-анасына қолғанат болып өскен ол, қиындықтан қаймықпайтын, өжет болып өседі. Әбдісалан 10 жасқа келгенде отбасы Түркістанға көшіп келеді. Қарулы, ұзын бойлы, жастайынан еңбекпен шыңдалып өскен бала — спорттық жолын ядро лақтырудан бастап, көптеген жарыстарға қатысып, мамандар назарына ілігеді. Бірақ бұл спорт түріне көңілі соқпаған Әбдісалан, әйгілі волейбол бапкері Октябрь Жарылғаповтың шақыртуымен волейболға ауысады. Бұл спорт түрін де аса жақын қабылдай қоймаған Әбсаланды бапкер өзі, «сен боксқа жаралған баласың» — деп боксшылар қатарына қосады. Әбдісаланды қабылдап алған алғашқы бапкері Молдабек Құралбаев бала көзіндегі жалынды бірден байқап, шәкіртінің алар асуы мен жетер жетістіктері осы бокс саласы екенін бірден түсініп; оған өзінің бойындағы бар жақсы қасиеттерін сіңіріп, жалпы бокс әліппесін тыңғылықты үйретеді. Бағына қарай, білікті бапкер жолыққан Ә.Нұрмахановтың бокс жолындағы жеңісті жолы сәтті басталады. Ол кезде былғары қолғап жоқтың қасы еді. Шәкіртінің алғашқы бокс қолғабын ішіне сабан толтырып, бапкері Молдабек Құралбаевтың өзі тігіп берген екен.

Әбдісалан аз уақытта Қазақстанда топ жарып, 1956 жылғы КСРО халықтарының бірінші спартакиадасында ел намысын қорғайды. Осы сында жиырма жасар Әбдісалан Нұрмаханов атақты литвалық боксшы, Альгидрас Шоцикастан «ұтылады». Ол тұста Альгидрас Мельбурн олимпиадасының жүлдегері, Еуропаның бірнеше дүркін, КСРО-ның алты мәрте чемпионы атанып, әлемдегі ең күшті боксшының бірі болып тұрған шақ. Сол сайыста Шоцикас Әбдісаланды айқын басымдылықпен ұта алған жоқ. Атақты қарсыласымен аянбай айқасты. Төрешілер жақ-жақ болып, жеңісті кімге берерін білмей дал болып ақырында 3:2 есебімен қапталдағы төреші Шоцикастың қолын көтерді. Келесі, 1957 жылы Нұрмаханов КСРО чемпионатының финалына шықты. Финалдағы қарсыласы – Одақ пен Еуропаның бірнеше дүркін чемпионы Андрей Абрамов. Салмағы 100 келіден асады. Әбдісалан Абрамовтан 20  келідей жеңіл. Есесіне Әбдісалан бойшаң, қолы ұзын, шапшаң қимылдайды. Дегенмен тәжірибелі А.Абрамовтың жолы болды. Жиырма бір жастағы Ә.Нұрмаханов қазақ спортшыларынан бірінші болып КСРО чемпионатының күміс медалін жеңіп алды.  КСРО-дай алып империяның күміс жүлдегері атану Нұрмахановтай саңлақтың ғана қолынан келді.

Арада бес жыл өткенде Киевте Нұрмаханов пен А.Абрамов алаңда тағы жолықты. КСРО чемпионатының ақтық айқасы. Әбдісалан осы жекпе-жекте нағыз батырға тән мінез көрсетіп, үш раунд бойы А.Абрамовқты қуалап жүріп сабап,  қарсыласын екі мәрте нокдаунға түсірсе де, төрешілер әділдік танытпай, жеңісті Андрейге алып береді. Төреші А.Абрамовтың қолын көтерген сәтте, Ә.Нұрмахановтың бапкері Дәулеткерей Муллаев қиянатқа шыдай алмай, мыңдаған адамның көз алдында жылап жібереді. Ол кезде спорт саңлақтары әділетсіздікті көп көрді. Орыс бапкерлерлері қазақ спортшыларын ығыстыруын қоймады. Бірақ біздің спортшылар жасымай, намысты қолдан бермей, ұлт абройын қорғау үшін тер төгіп, талмай еңбек етті. Спортшы ретінде олимпиадаға баруына көп кедергілерге тап болған Әбдісалан осылайша спорттағы әділетсіздітің құрбаны болды десек те болады. Ол да бір Кеңестік жүйенің саясатының бірі еді.

Осыдан кейін бапкерлікке бет бұрды. Қазақ физкультура институтында кафедра меңгерушісі, проректор, КАЗМУ спорт лагерін басқарды.  Нұрмаханов жаттықтырған Қазақ мемлекеттік университетінің боксшылар командасы 1982 жылы Красноярск қаласында болған КСРО университеттері арасындағы жарыста бас жүлдені жеңіп алса, одақтық студенттер ойындарында екі рет үшінші жүлде жеңіп алды.

Ә.Нұрмахановтан бокс мектебін үйренген  азаматтар қазір елімізге еңбек етіп, шәкірттер тәрбиелеп жүр. Ә.Нұрмаханов — қазақ спортының тарихындағы айтулы тұлға. 1993 жылы Ә.Нұрмаханов Қазақстан Ұлттық Құраманың бас бапкері тізгінін ұстайды.  Еліміз енді етек-жеңін жинап қиын-қыстау кезеңді өткізіп жатқанда, боксшыларымыз жеңістерге жетіп, ел еңсесін көтеріп, жеңістерімен елді рухтандырып жүрді. 1995 жылы Әлем Чемпионатында Болат Жұмаділов, Василий Жиров топ жарып 1996 жылы Атланта олимпиадасында Нұрмаханов шәкірттері 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медальға иелік етті. Қазақ бапкерінің біліктілігне бүкіл дүние жүзі тәнті болды.

        Спортты ғылыммен ұштастыра отырып ғылыми еңбектер мен бірге «Үлкен спортқа жастарды қалыптастыру» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 1994 жылы «Жекпе-жек» кітабы жарыққа шықты. Осы еңбегі үшін профессор атағы берілді.

Егер өнер көрсеткенде бір емес, бірнеше дүркін олимпиада жүлдегері атанып, есімі әлемдегі аса ауыр салмақтағы боксшылармен қатар тұратыны даусыз еді. Енді біз Ә.Нұрмахановтың рухына бас ие отырып, қазақ бокс саласына өлшеусіз қосқан еңбектерін өскелең ұрпаққа дәріптеп, жеткізіп отыру исі қазақ баласына аманат деп білеміз!

Саттар Ерубаев музейінің қызметкері Айнұр Есмырзаева

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *