
ДЕНДРОСАЯБАҚ – ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ОРТАҚ МЕКЕНІ
Түркістан шаһарының шырайы күн санап артып келеді. Өйткені қаланың сәулеттік келбетін арттырып, көркіне көрік қосатын саябақтар мен гүлзарлар ашу белсенді түрде жалғасып жатыр.
Демалыста немесе қолыңыз босаған күндері уақытыңызды пайдалы және ләззатпен өткізумен қатар, көптеген биік-биік ағаштар арасымен серуендеудің жақсы жолы – дендросаябақта қыдыру.
Қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша салынған бұл нысанның басты мақсаты — шаһарды абаттандыру және қала тұрғындары мен қонақтары үшін серуендеуге қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ, Түркістан қаласында жасыл желектердің санын көбейту.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, аталған саябақ 2022 жылы тұрғындарға пайдалануға берілген. Құрылысына 717,7 миллион теңге жұмсалған саябақта алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар көп.
Жалпы ауданы 28 мың шаршы метрді алып жатқан демалыс орнында жаз айларында түркістандықтар мен қала қонақтарына жаяу жүріп, таза ауада тыныстап, велосипед теуіп, көңіл көтеріп қайтуға мол мүмкіндіктер қарастырылған.
Саялы орын жыл сайын түрленіп, гүлденіп келеді. Биыл да жаңарту жұмыстары қарқынды жүрді. Бір жыл бұрын ашылған бұл жасыл желекті аймақ тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналып үлгерді. Мұнда гүл мен ағаштардың көптеген түрі өседі. Ал, әсем орынды жарықтандыру мақсатында 1026 жарықшам орнатылған. Сонымен бірге, мұнда 480 дана арнайы орындық халықтың қолданысына берілген. Мұндағы көз тартар әдемі көріністер көздің жауын алып, тартымдылығымен өзіне баурай түседі. Сол үшін де демалыс бағын аралап, серуен құрған тұрғындар көп. Қыздар құрбыларымен сыр бөлісіп, студент жастар достарымен, аға буын өкілдері туыстарымен келсе, өмірге бірлесіп қадам басқан бақытты жұптар саябақтың негізгі қонақтары.
«Аптап ыстықтан соң, жұмыстан, қарбаластан соң санаңды сергітіп, жаныңды жадыратар жаңарған саябақтар, отбасымен бой сергітіп қайтатын саялы орындар болғаны жақсы. Таза ауада отбасымен жиі серуендеу арқылы адамдар салауатты өмір салтын қалыптастырады, өмірге жаңа көзқараспен қарайды. Денсаулықтары мығым, ширақ жұмыс жасап, жаман әдеттерден аулақ болады. Осы орайда өңірде жасалып жатқан жұмыстар аз емес. Мәдени-демалыс саябақтары, тынымбақтар бой көтеруде. Түркістан жылдан-жылға көркейіп, жаңарып, дамып келеді. Қала жасыл-желекке айналуда. Бұл біздің және келешек ұрпағымыз үшін көз қуантарлық дүниелер. Көздің жауын аларлық ғимараттар да салынып жатыр. Өңіріміз өркендеп, көркейе берсін» ,- дейді бізбен дендросаябақта жолыққан қала тұрғындары.
Саябақтың тазалығы мен қауіпсіздігін қадағалап отыратын арнайы жауапты өкілдер жұмыс жасайды. Соған орай, қонақтарға қоқыс тастауларына ыңғайлы етіп 400-ге жуық қоқыс жәшігі қойылған. Ауасын жұтып, суын ішіп жатқан қоршаған ортамыздың тазалығы үшін бәріміз жауаптымыз.
Қоғамдық кеңістіктің аумағында 13 218 ағаш, 5 552- ге тарта бұталар егілген. Саябақ аумағы әлі де жетілдіріліп, толықтырылатынынан да хабардар болдық. Себебі, қала тұрғындары мен қонақтары бос уақыттарын денсаулықтарына пайдалы етіп өткізетін орындардың санын көбейту аса маңызды.
Түркістан қаласындағы «Президент», «Жібек жолы», «Руханият» сынды демалыс орындары жаңашаланып бой көтеріп, бұрынғы саябақтар заманауи реңк алған. Бірнеше жыл бұрын ғана игерусіз тұрған аймақтар қазіргі таңда футбол мен баскетбол алаңдары бар көрікті орындарға айналған. Осындай жерлерде жаныңыз жай тауып, едәуір сергіп қаларыңыз анық. Сондықтан әдемі демалысты қаласаңыз, жиірек саябаққа келіп тұрыңыз.
ПРЕЗИДЕНТ САЯБАҒЫ – ТҰРҒЫНДАРДЫҢ САЯЛЫ МЕКЕНІ
Бүгінде елімізде дамыған қалалар саны күн өткен сайын арта түсуде. Түркістан қаласы облыс орталығы атанғалы небәрі 5 жыл болса да бұл шаһар бүгінде түркі тілдес елдердің астанасы атануына бір қадам жақын тұр. Иә, біз киелі мекен Түркістанды сөз қылудамыз. Бұл мекеннің басқа қалалардан ерекше тұсы өте көп. Зәулім тұрғын үйлер, саябақтар және ТМД елдері арасында жалғыз «Алтын самұрық» ұшатын театрын тілге тиек етсек болады. Міне, осы секілді тамаша көріністерді құшағына сыйдырып тұрған қаламыз – Түркістан! Түйір тасын түртіп қалсаң тарихтан сыр шертетін киелі мекенді осыдан 5 жыл бұрын көрген туристер қаланың аз уақыт ішінде осындай биік белеске жеткеніне қызығып та, қызғанып та қарары сөзсіз.
Қаланың көркін кіргізетін әрине ең әуелі жарықшамдар, саябақтар мен түрлі түске боялған тұрғын үйлер. Иә, кез-келген қаланың мақтан тұтатын, беделін арттыратын бір ғимараты немесе саябағы болады. Мысалы, Елордамыздағы 97 метр биіктікті құрайтын – Бәйтерек, Алматы қаласындағы бұлтпен таласып жатқан Алатау шыңы. Ал, киелі шаһарымызға келер болсақ, туризмі дамыған бұл қалада Қ.А.Ясауи кесенесінен кейін Ұлы «Жібек жолы» сауда жолына ұқсатып салынған «Керуен сарай» туристік кешенін айтуға болады. Екі жыл бұрын бой көтерген туристік кешеннің іші де, айналасы да демалуға қолайлы. Бүгінде Түркістан қаласына табан тіреген қонақтардың басым көпшілігіне қала ішінде орналасқан саябақтардың күтімі ұнауда. Сөзімізге дәлел қаламызда орналасқан Президент саябағы. Аталмыш саябақтың ел игілігіне пайдалануға берілгеніне тура бір жыл толып отыр. Саябаққа кірген кезде сол жағыңызда Түркістан облысының Әзірет Сұлтан атындағы бас мешіт бар. Оң жағыңызда «Күлтөбе» ескі қалашығы бар.
Аумағы 38 гектар болатын саябақта бүгінде 8 мыңнан астам ағаш, 43 мың түптен астам гүл егілген. Тағы бір ерекшелігі, әлемнің бірнеше мемлекетінен әкелінген елімізде сирек кездесетін ағаш түрлері де осында өсіп тұр. Сонымен қатар, саябақта 1400 ден астам жарық шам мен 235-ке жуық орындықтар қойылған.
Дәл бұл саябақтың көпшіліктің көңілінен шығу себебі, жазы ыстық болатын киелі қаламызда бұрын соңды болмаған, сыйымдылығы — 100 мың текше метрге жуық, тереңдігі – 4 метр болатын жасанды көл бар. Бұл көлде катамаранмен серуендеуге мүмкіндік бар. Көлдің ортасында түнгі қаланы тамашалауға болатын Ұлы даланың жеті қыры монументі бар. Бұл жерде 7 керемет мүсінделген. Атап айтар болсақ, атқа міну мәдениеті, аң стилі, ежелгі металлургия, алтын адам, түркі әлемінің бесігі, ұлы жібек жолы және де Қазақстан — алма мен қызғалдақтың отаны бейнеленген.
Саябақ жобасын жетілдіру барысында халықтың таза ауада демалуы үшін жайлы жағдай жасау мақсатында ұйымдастырылған табиғи және жасанды сәулет-инженерлік құрылыстардың жиынтығын қамтитын 25 гектарға жуық газон егілген болса, 5 субұрқақ және 50 метрдей болатын 7 су ұңғымалары бар. Алдағы уақытта саябақта кәсіпкерлікті дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған біршама жобалар жүзеге аспақ. Егер сіз қала қонағы болсаңыз, саябаққа міндетті түрде барыңыз. Өйткені, керемет пейзаж сізге жақсы әсер қалдырары анық.
Ақтілек ҚАЙРАТҚЫЗЫ.
Аружан БАРЛЫБАЙ.
