Халықтың бақуатты өмірі мен денсаулығы үшін маңызды қызметтер санатындағы жол мәселесі Түркістан қаласында да жиі қозғалатын тақырып. Осы бағыттар бойынша бүгінде Түркістан қаласында қандай қызметтер атқарылып, қандай жоспарлар жүзеге асырылатыны бұқара бақылауындағы дүние. Қара жолдың қадірі қалалықтар үшін аса маңызды. Әсіресе киелі шаһарды туристік орталыққа айналдыру мақсаты үшін бұл үлкен жұмыс десек болады. Бұл ретте Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары» бөлімінде айтарлықтай жаңалықтар бар. Атап айтсақ, былтырғы жылы күрделі жөндеу, орташа жөндеу және аяқжол құрылыстары қарқынды түрде жүргізілгені рас. Жалпы қала көлемінде былтыр 3 нысанның құрылысын іске асыру жоспарланған болатын. Ә.Жангелдин, І.Қожабаев көшелері мен Қазыбек би — О.Жарылқапов аралығындағы жолдарды күрделі жөндеуден өткізу нәтижесінде жүріс бөлігі 4 жолақты жолға кеңейтіліп, көпір құрылысын салу жұмыстары жүргізілді.
Мекеме басшысы Арман Оспанның айтуынша, бұл жөндеу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарының басты мақсаты қазіргі Түркістан шаһарындағы жолдардың сапасын жақсарту болмақ. Тұрғындар мен туристердің пікіріне сүйенсек, қаланың эстетикалық көрінісіне бірден-бір әсер ететін жұмыстар жаңарған Түркістанның жарқын келбетін қалыптастыруға оң ықпалын тигізіп келеді. Мысалы, былтыр орташа жөндеуден өткізу жоспарланған қала аумағындағы сарқынды су жүйесі жүргізілген және қоғамдық көліктер қатынайтын 46,4 шақырымды құрайтын 40 көше де тұрғындардың жол қатынасын жақсартуға деген үлкен іс болды. Қазіргі күнге дейін соның 14,94 шақырымын құрайтын 16 көшедегі жөндеу жұмыстары аяқталған. Тұрғындардың талап-тілектеріне зер салсақ, қалған көшелердегі аяқсыз қалған жұмыстар біразын алаңдатуы мүмкін. Алайда, сарқынды су жүйелерінің сервистік жұмыстары толық аяқталғаннан соң бұл жұмыстар жалғасатын болады. Бөлім басшысының айтуынша, бұған қосымша Отырар секторына қарасты сарқынды су жүйесі аяқталған 2 көшеде орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталған.
Айта кетейік, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 39,5 пайызды құрап отыр. Биылғы жыл соңында бұл нәтиже тағы да жоғарылайтыны жауапты мамандардың тиянақты да қарқынды жұмысына жүктелетінін тұрғындар жиі талқылауда. Мұнымен қоса аяқжол құрылысы да айтарлықтай оң нәтижелер бергенімен, қаржылық қысқартулар салдарынан келісімшарт келесі жылға өтпелі боп түзелгенін айта кеткен жөн. Дәлірек айтсақ, қала аумағындағы мектеп пен балабақшаларға барар жолдарды қамтитын 64,5 шақырымды құрайтын 54 көшеге тротуар құрылысы жоспарланып, соның 48 көшесіне аяқжол төселді. Ал 6,5 шақырымды құрайтын 6 көшеде әлі жұмыстар жүргізілуде.
Жыл сайын жақсарып келе жатқан жолдар түркістандықтар үшін айырықша жетістік десек, оның сапасы да бөлек тақырып. Адамдардың мүмкіншілігі артып, жолдар ұзарған сайын оның халыққа тиімді жақтарын қарастыру да айтарлықтай оңай шаруа емес екені мәлім. Туристік орталыққа айналып, күллі түркі жұртының астанасы саналатын Түркістан шаһары тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, аталған жол мәселелерінің өзектілігі ешқашан жойылмайды. «Түркістан қаласындағы жолдардың жарамдылық мерзімі тек жолдың жауы саналатын жаңбыр мен ауыр жүк көліктеріне байланысты емес» дейді мамандар. Олардың айтуынша, жолдың материалы сапалы болса, бәрі керемет бола қалмайды. «Жолдың сапасы материалға да, салған адамға да байланысты емес. Жолдың сапасы жолдың жобасына байланысты болады» — дейді сала мамандары.
КӨГІЛДІР ОТЫН КӨПКЕ ҚУАНЫШ СЫЙЛАУДА
Қала тұрғындарының қолайлы өмір сүруі үшін ондағы өзекті мәселелер өз шешімін табуы кезек күттірмейтін іс. Облыс орталығы атанғалы 5 жыл ғана өткенімен, киелі Түркістанның күн санап өсіп келе жатқанына ел куә. «Өсіп келе жатыр» — деп шаһар аумағының немесе халық санының ахуалын айтып тұрғанымыз жоқ. Сол халықтың жайлы жағдайда жайсаң басып жүруін тілге тиек етіп отырмыз. Шынында да, тұрғындардың топырағын түртсе, тарихы сөйлейтін қалаға көңілі толады. Оған себеп те жоқ емес. Осындай өзгерістердің көшін табиғи газдың қолжетімділігімен байланыстыруға негіз бар.
Жалпы қала аумағында 38 419 үйдің табиғи газ бойынша құрылыс жұмыстары тәмәмдалған. Соның ішінде, 37 657, яғни, 98 % абонент көгілдір отынның рақатын сезініп, жақсылықтың куәсі болып отыр. Негізінен, шаһар төңірегінде 52 052 абонентті табиғи газ желісімен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар көрінеді. 2022 жылдың өзінде 2 қабатты 57 тұрғын үйдің 55-іне газ толықтай беріліп, тұрғындардың ыстық ықыласына бөленген еді. Тек 2 тұрғын үйдің қабырғалары ағаштан жасалғандықтан газ жүргізу мүмкін емес деп танылған. Ағымдағы жылы да мұндай маңызды жұмыстар жалғасын тауып келеді. Сөзіміздің тұздығы ретінде «Отырар» мөлтек ауданындағы 5 қабатты 36 тұрғын үйді газдандыру жұмыстары жайында айтсақ болады. Аталған іс аяғына жеткен кезде 2160 жанұя табиғи көгілдір отынның мүмкіндігін пайдаланбақ. Жобаның бас жобалаушысы болып «МПК-Проект» ЖШС белгіленген. Мердігер жоба құнын 1 млрд. 241 миллион теңгеден астам қаржыға бағалаған.
Газдандыру саласындағы жағымды жаңалықтарды айта отырып, өзекті мәселелерді де көтермеске болмас. Мамандар Түркістан қаласын газдандыру бойынша пайдалануға берілген 10 нысанның «Қаз Транс Газ Аймақ» АҚ теңгеріміне тапсыру қажеттігін айтып отыр. Себебі, нысандарды күтіп ұстау жұмыстарына қаржы қаралмаған. Қолымыздағы мәліметтерге сүйенсек, нысандардың құжаттары 2021 жылы жекешелендіру департаментіне өткізілген. Аталған саладағы тағы бір түйіні шешілуі тиіс мәселе жаңа газ таратушы станциясының құрылысы болып табылады. Себебі, жыл сайын ауқымы артып, халқы көбейіп келе жатқан қарт Түркістанда алдағы 5 жылдықта газ тапшылығы болу қаупі жоғары көрінеді. Қазіргі газ таратушы станция 2014 жылы, яғни облыс орталығы мәртебесіне ие болғанға дейін пайдалануға берілген. Жалпы қуаты сағатына 100 000 метр кубты құрайды. Бүгінгі күннің өзінде 70 % жүктемемен жұмыс жасап тұр. Сондықтан жаңа станцияның құрылысына кірісу аса маңызды. Мамандар жоба құнын 13,7 млрд. теңгеге бағалап отыр.
Иә, бабаларымыз «Асықпаған арбамен қоян алады» — дейді. Дегенмен, қыстың қамын жазда ойлаудың да қажеттілігін естен шығармаған жөн. Ал, табиғи газға келгенде бұл мақалдың мағынасы екі еселенері айдан анық.
Дәурен ТІЛЕУХАН.