ТҮРКІСТАН: ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫ ТЫНЫМСЫЗ ЕҢБЕКТІ ТАЛАП ЕТЕДІ

«Мен — аула сыпырамын. Яғни грузинше оны «қоқыс жинағыш» – менагве дейді. Таңғы 5-те оянамын. Менің үйден шығып кеткенімді тотықұс қана байқайды. Соңғы бес жылда тек жирен түсті күртеше киемін. Күннен бұрын ағаштармен, көшелермен, бүкіл Жер шарымен амандасып үлгеремін. Көзім нені көрсе, сонымен амандасамын. Елдің өз жұмысы бар. Олардың шаруасы – қоқыс шашу. Ал мен сол қоқысты жинап, жәшіктерге төгемін, ішімнен күліп, риза боламын. Қоқысты жинап жүріп, төсегінде ұйықтап жатқан ұлымды, қарт анамды ойлаймын…

Бес жыл бұрын қоқыс жәшігінен жаңа туған нәресте тауып алдым. Қазір ол менің ұлым. Сондықтан күн сайын адамдардың қоқыс тастағаны үшін Жаратқанға тәубе деймін».

Авторы: Анна Лашхели-Ониани

Аударған: Шынар Әбілда

Қала ішінен үстеріне қызыл желетке киіп, қолдарына сыпырғы ұстаған, көбінесе көше бойында жүретін тынымсыз жандарды байқамау мүмкін емес. Күнде көре бергеннен кейін бе, қоғамның ажырамас сақшысына айналған жандардың еңбегін кейде елеусіз қалдырамыз. Жоғарыда грузин жазушысының жазбасы талай адамның жанын тебірентіп, көңіл түкпірінде жасырынған сезімді толқытатын себебі – көше тазалықшысының ісіне деген адалдығы болатын. Қала келбеті тек сәнді де сәулетті үйлермен, жасыл желекті саябақтармен өлшенбейді. Күн сайын көркейіп келе жатқан Түркістан ажары оның тазалығына да байланысты. Ендеше, бүгінгі тақырыбымызды Түркістанның жаңарып, гүлденуіне үлес қосып, көп жерде аты аталмай қалса да, таза маңдай термен еңбек етуден жалықпаған көше тазалықшыларына арнаймыз.

Дильназ Хансайтова «Түркiстан жарық-тазалық» ЖШС мекемесiнде көше тазалаушы болып 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бейнеткер жан қазіргі таңда отбасының жалғыз асыраушысы. Себебі құдай қосқан қосағы мен ұлы – 2 және 3 топтағы мүмкіндігі шектелген азаматтар. Таңнан кешке дейін ерінбей, тазалық жұмыстарымен айналысатын ол бізге жұмысы, отбасы туралы айтып берді.

«Өзім осы киелі мекеннің төл тумасымын. Жас кезде көп қиыншылық салдарынан жоғары білім ала алмадым. 2016 жылдан бері тазалықшы болып жұмыс істеймін. Сондықтан қала көшелерінің әр бұрышында қанша қоқыс жәшігі, қай деңгейде шашылып жатқандығы, қай аймақтың тұрғындары тазалыққа бей-жәй қарайтынына дейін білемін. Жолдасым мен жалғыз ұлым бар. Екеуі де мүгедек. Таңертең сағат алтыда тұрамын. Жуынып, шай ішіп, шығамын дегенше сағат алты жарым болады. Одан әрі кешкі алтыға дейін қарбалас тіршілік басталады.

«Жұмыс таңдамаймын, жұмысымнан ұялмаймын» деген тазалықшы кейде адамдардың дөрекілік танытып, қоқысты көздерінше тастайтындар бар екенін айтты. Бірақ ондай адамдарға ренжіп, көңілге алмайды. Ол үшін қала тазалығы бірінші орында.

«Мен қала ішіндегі ең басты көшелерді тазалаймын. Қоқыс жәшігін жаңа тазалап, жерді қазір сыпырып қойсам да 1-2 минут өтпей адамдар сол жерге қоқыс лақтырып кетеді. 2-3 адым аттаса, қоқыс жәшігі тұр. Барып салуға ерінеді. Кейде адамдар бізді көре тұрып, қолындағы қоқысын жол жиегіне тастап кетеді. Ондайда ескерту жасаймыз. Бірақ көбісі түсінгісі келмей, өзіңе шап береді. Амал жоқ, еңкейіп, сол тастаған қалдығын қоқыс жәшігіне апарып саламыз. Себебі біздің салғыласып отыруға мүлдем уақытымыз жоқ. Мен ондай адамдарға ешқашан ренжіген емеспін. Бұл мен сөз қылатын, көңілімді түсіретін жағдай емес. Өмірімде одан да үлкен қиындықтар кездескен. Сондықтан өмірге шағым айтқым келмейді. Үнемі күліп жүргенді жақсы көремін. Қазір ғана тазалаған жерге адамдар қоқыс тастап, шашып кетсе де, ренжімеуге тырысамын. Алайда адамдар тазалықты біліп, қоқысты жерге тастамаса екен».

Дильназ Хансайтова тыным таппай еңбек еткеніне ай сайын 130 мың теңге жалақы алатынын айтады.

«Айына 130 мың аламын, осыған шүкіршілік етемін. Еңбектенген адам далада қалмайды. Жұмыстың оңайы жоқ. Барлық жерде қиындық болады. Біз жазда қоқыс жинаймыз, қыста қар тазартамыз. Қуанатынымыз, жұмыстан кейін мекеменің көлігі үйімізге апарып тастайды, қажетті арнайы киімдерімізді алып береді. Басшылық жұмысымызды да тексеріп келеді. Сондай кезде жауапты аймақты тазаламаған сияқты боп қаламыз. Ыңғайсыз күйге түсемін. Адамдардың тазалық сақтамайтынына қынжыламын. Бірақ шамалы уақыттан кейін ұмытып кетемін».

Тазалықшы кешегі Түркістан мен бүгінгі Түркістанға деген көзқарасын жасырмады. Шаһар қозғалысы өздеріне қаншалықты әсер еткенін жеткізді.

«Гүлденген Түркістан дейді ғой қазір. Қала расымен 5 жылдың ішінде құлпырып, көркейіп кетті. 10 жыл бұрын маған осыны біреу айтса сенбес едім. Бірақ шынымды айтайын, бұрынғымен салыстырғанда қазіргі Түркістаным көп шашылады, тұрғындардың қоқысқа деген түсінігі жылдан-жылға нашарлаған секілді. Енді мен 2016 жылдан бері осы салада жұмыс істеп келемін. Тұрғындардың қоқыс тастау әдебі өзгерді десем өтірік айтқандай боламын. Мүмкін әлі біраз уақыт керек болатын шығар. Ал оған дейін біз қаланың тазалығын күзете береміз. Біздің қызметке мұқтаж болмайтын күнге жетейік» – деп, сөзін аяқтады, «Түркiстан жарық-тазалық» ЖШС мекемесiндегі тазалықшы Дильназ Хансайтова.

Таңмен таласа оянып, сары түсті күртешелерін киіп, қажетті құралдарын қолына алып жұмысына кірісетін тазалықшылардың көл-көсір еңбегі өзге жан баласына байқалмайды. Аула сыпырушылардың еңбегін елемей, мұрнын тыржита қарап кететіндер де аз емес. Елімізде осы көше, аула тазалаушылардың беделі өте төмен болса, керісінше шетелдерде олардың беделі айтарлықтай жоғары. Мысалы, Лондонда өткен олимпиада ойындарында аула сыпырушылардың көмегі зор болды. Олар туристермен дұрыс сөйлесуді, қаланың ерекшелігі жөнінде алдын ала дайындық курстарынан өткен көрінеді. Сөйтіп әлемнің түпкір-түпкірінен келген туристерге Лондонды аула сыпырушылар таныстырған. Тіпті президенттер де аула сыпырушы болған. Мысалы, Ресейдің экс-президенті Д.Медведов журналистерге берген сұқбатында «еңбек кiтапшамдағы алғашқы жазу – аула сыпырушысы деп жазылған. Ал қазір «Ресей Федерациясының президентi деп тұр» деген сөзі қоғамды селк еткізді. Осы арқылы, адамның жетістікке жету немесе қоршаған ортамен түсінісу деңгейі қызметімен өлшенбейтінін ұғамыз. Әлеуметтік тап өкілдерінің кейбір қызметіне лайықты баға бере алғанымызда ғана жаһандық мәдениетке аяқ тірейміз. Ал лайықты баға беретін – біз! Мәселен далаға шыққаныңызда ауланың сыпырылып, таза тұратынын сіз де байқайтын шығарсыз? Түнде көрген қоқыстар да жоқ. Көшеге шыққаныңызша қаланы айнадай еткен кім? Күні-түні қардан, қоқыстан тазартып, гүл мен талды суарып жүретін жандар туралы бір сәт ойланып көрдіңіз бе, байқадыңыз ба? Әлде олардың жұмысын жеңілдетіп, яки ауырлатуға ат салысып жүргендердің бірісіз бе?

Тазалық – сізден басталады, оқырман!

 

Ғалия БИСЕЙІТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы