ТҮРКІСТАН: ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстармен танысуды, өзекті деген мәселелерді өзі аралап көруді әдетке айналдырды. Бұған дейін де хабарлағанымыздай осындай кезекті бақылау, танысу жұмыстары жалғасын тапты.

Атап айтсақ, шаһарда Әмір Темір атындағы 300 орындық мектептің құрылысы жүріп жатқаны белгілі. Құрылысты жыл соңына дейін аяқтау көзделген. Осы білім нысанының басына барған Дархан Сатыбалды мердігерлермен кездесіп, жұмыс барысын пысықтады. Құрылыс сапасына басты назар аударуды тапсырды. Сонымен қатар, өңір басшысы қала аумағын жаяу аралап, бірқатар нысандарда жүріп жатқан жұмыстарды бақылады. Соның ішінде «Жеті ата» қақпасында болды. Тарихта киелі Түркістан қаласының 4 қақпасы жайлы айтылады. Сол 4 қақпаның бірі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен 620 метр қашықтықта орналасқан «Жеті ата» қақпасы. Бұл — қалаға келуші туристердің жиі баратын жері. Қақпа 1928-1932 жылдарға дейін сақталып келген. 2009 жылы қайта қалпына келтірілген. Мазараттың атауы Қожа Ахмет Ясауидің осында жерленген жеті мүридінің (шәкірті) кесенесімен байланысты.

6 СЕКТОР ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕНІ ШЕШУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ

Түркістан қаласы алты секторға бөлінген. Ондағы мақсат – шаһардың әр аймағындағы өзекті мәселелерді бақылауға алып, оның жүйелі түрде шешілуіне ықпал ету қарастырылған. Атап айтсақ, олар «Яссы», «Сауран», «Шауғар», «Бекзат», «Отырар», «Бірлік» секторлары. Халықпен жұмыс жүргізу секторларында 30-дан аса азамат жұмыспен қамтылып, тұрғындармен тығыз байланыс орнатуда. Сектор қызметкерлері халықпен коммуналдық мәселелер, тұрғын үй, атаулы әлеуметтік көмек, табиғи газды пайдалану туралы ақпараттар ұсынып, көшелердің көгалдандырылуы, абаттандырылуы, тазалығының үйлестірілуін қамтама-сыз етеді. Бұнымен қоса, аумақтағы тұрғындардың мәселелерін шешу үшін жүйелі жұмыстар жүргізіледі.

Осы бағыттың тиімділігін назарға алған Дархан Амангелдіұлы «Шауғар» секторының жұмыс барысымен танысты. Облыс әкімі мамандармен тілдесіп, тұрғындар тарапынан көтері-летін мәселелердің жай-күйін сұрады.

Алты секторда қала әкімдігінің 1310 – бірыңғай байланыс орталығымен бірлесе отырып, мониторингтік жұмыстар арқылы халықтың өтініштері, мәселелерін шешу шаралары қолға алынуда. Тұрғындармен кездесулер өткізіліп, тұрғындардың мұң-мұқтажы сараланып, зерделеніп тиісті іс-шаралар атқарылып келеді.

ҚАЛА КӘРІЗ ЖҮЙЕСІМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛМАҚ

Облыс басшысы қала тынысымен танысу барысында құрылыс нысандарында мердігерлердің жұмыс сапасына баса мән беруде. Осы тұрғыда жауапты сала басшыларына арнай тапсырмалар беріп, кемшіліктерге жол бермеу үшін осы күннен ұқыптылық таныту қажеттігін ескертуде. Қазіргі таңда Түркістан қаласында кәріз жүйесінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Осыған орай, өңір басшысы М.Әбенова көшесіндегі кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстарының басына барды. Бүгінгі күні мұнда қолданыстағы пластик кәріз құбыры толықтай есептелген қуаттылығымен жұмыс істеуде.

Дегенмен күн сайын құрылысы қарқын алып келе жатқан мекенде әуелгіде жасалған жобадан бөлек жүргізілген коттедждер, «Керуен сарай» тұрғын үй кешені, мешіт нысандары іске қосылған соң аталмыш жүйе арқылы өтетін сарқынды су мөлшері ұлғайған. Соның салдарынан кәріз құбыры толып, тұтынушылардың наразылығын туындатқан.

Осы мәселенің шешімі ретінде артық суды жаңа жоба бойынша салынатын темірбетон құбырмен өткізу арқылы мәдени орталықтың кәріз жүйесіндегі орын алған жағдайды бір қалыпқа келтіру көзделген. Темірбетон құбыры 1,6 шақырымға жүргізілмек.

Сонымен қатар, «Яссы» мөлтек ауданындағы Ыждыхат тұрғын алабын сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысының І кезеңі бойынша 76 шақырымға құбыр жүргізілген. Кезекті аралау барысында облыс әкіміне ІІ кезең жобасы ұсынылды.

Құрылыс алаңы 63 шақырымға жоспарланып, нақты 43,6 шақырымы орындалған. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң 7480 тұрғын үй кәріз жүйесіне қосылады деп күтілуде. Жобаны толық іске асыру 2024 жылдың желтоқсанына белгіленген.

Қала аумағында орталықтандырылған кәріз жүйесімен абоненттердің 32,2 % яғни, 12 мыңнан астам абонент қамтылған. Қуаттылығы тәулігіне 20 000 М3 сарқынды су тазарту имараты бар. Қабылданып жатқан сарқынды су көлемі тәулігіне 4 500-5 000 метр куб болса, 27 дана су айдағыш станса, 127 шақырым сарқынды су құбырлары қолданыста.

2023 жылға өтпелі жалпы 7 нысанның құрылысы жүргізілуде. Биыл кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 36,3 %-ға жетеді деп күтілуде. 5 нысан (20 244 абонент) бойынша құжаттар қаржыландыруға ұсынылған. 2 нысанның жобалау-сметалық құжаттары әзірленуде. Нәтижесінде қаланы кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 95 пайызға жеткізу қарастырылуда.

ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Айта кететін болсақ, биыл Түркістан қаласында 37 нысанның құрылысы жүргізіліп, бүгінгі таңда 5 нысан қабылдаудан өтті. Қалған 32 құрылыс нысанының бірқатары жыл соңына қарай аяқталса, кейбір құрылыс объектілері келесі жылы пайдалануға берілмек.

Атап айтқанда, жоба шеңберінде бес қабатты 20 тұрғын үй салынуда. Сонымен бірге, мәдениет үйінің құрылысы, орталық стадионды қайта жаңғырту және Түркістан қалалық Полиция басқармасының ғимаратын күрделу жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Бұған қоса, 32 гектар аумаққа инфрақұрылым тарту, көпқабатты үйлердің инженерлік инфрақұрылымдарын салу мен газдандыру, кәріз жүйелері мен индустриалды аймақ көлемін ұлғайту шаралары қолға алынған.

Осы жұмыстардың қатарында абаттандыру мәселелері де қарастырылған. Соның ішінде, «Белсенді» демалыс саябағы, айналма жол бойында желілік саябақ құрылысы жүргізілсе, «Прасат» саябағын жаңғырту мен әкімшілік іскерлік орталығындағы мешіт аумағын абаттандыру жұмыстары қарастырылған.

«Түркістан-ақпарат».

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы