Баға құрамындағы өзіндік құн

Кез келген баға белгілі бір элементтерден тұрады. Бағаның құрамы дегеніміз, бұл оның абсолюттік көрсеткіштермен сипатталған құрамына енетін элементтері.Осы орайда Түркістан қаласының тұрғындарының назарына бағаның түріне байланысты бұл элементтердің құрамын және оның өзгеруі мүмкіндіктерін ұсынамыз. Пайызбен көрсетілген бағаның жеке элементтерінің ара қатынасы баға құрылымын құрайды. Өндіруші шығындар, пайда, салықтар қандай үлес алатындығын анықтай алады. Нарық субъектілері ретінде маркетингтік зерттеулер жүргізе отырып өндіруші-кәсіпорындар ең алдымен өз тауарларын сатып өткізе алатын баға деңгейін анықтау қажет, соңынан оны өндіруге және сатып өткізуге кеткен шығындармен салыстыру қажет. Теория негізінде шығындарды анықтаудың екі жолы қарастырылған:

1. Бухгалтерлік тұжырымға сәйкес өнімді өндіруге кеткен шығындар нақты сатып алу бағасындағы жұмсалған ресурстардың құны ретінде анықталады.

2. Экономикалық тұжырымға сәйкес өндіріс шығындары белгілі бір ресурстарды пайдаланудың барлық мүмкін болатын баламалы бағыттарының ішінен ең тиімдісін таңдау жолымен тауарлардың құны ретінде анықталады.

Кәсіпорын үшін тауар бағасының құрылымындағы негізгі элемент — өнімнің өзіндік құны болып табылады.Өзіндік құн дегеніміз өнімді өндіруге және сатып өткізуге кеткен шығындардың ақшалай формасы. Өзіндік құнға енгізілетін шығындар құрамы көптеген жағдайда мемлекеттің салық саясатымен анықталады. Шығындардың кейбір түрлері белгіленген тәртіппен бекітілген нормалар шегінде өзіндік құнға енгізіледі.Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп әдістемесі және аудит Департаменті ұсынған Бухгалтерлік есептің «Тауарлы – материалдық қорлар» бөлімінің өнімнің (жұмыстардың қызметтердің) өзіндік құнына кіретін шығындардың құрамын қалыптастыру және жіктеу 7- стандартының әдістемелік ұсынымдарына сай, өнімдердің өзіндік құнын құрайтын шығындардың оңтайлы және біркелкі құрамы анықталынады. Өнімнің өндірістік өзіндік құнын құрайтын жоспарлау, есеп беру және жіктеу кезінде топтастырудың мынадай түрлері қолданылады: 1) шығындар пайда болған жері бойынша, өндіріс, цех, бөлімшелерде топтастырылады; 2) өнімнің жұмыстың және қызметтің түрлері бойынша, өндірістік шығындарға өнімнің жеке түрлерінің өзіндік құны немесе біркелкі өнімнің топтары кіреді; 3) өнімнің өзіндік құнына енетін әдістері бойынша барлық өндірістегі шығындар өнімнің өзіндік құнының жеке түрлеріне кіреді немесе бірыңғай топтарына енеді. Өнімнің жеке түрлерінің өзіндік құнына енетін әдістерге байланысты шығындар тікелей және жанама болып бөлінеді. Тікелей шығындар өнімнің өзіндік құнына тікелей және бөгетсіз енуі мүмкін өнімнің жеке түрлерінің өндірісімен тікелей байланысты, яғни шикізат, негізгі материалдар, сатып алатын бұйымдар, жартылай фабрикаттар, өндіріс жұмысшыларының негізгі жалақылары және тағы басқалар. Жанама шығындар оларды тарату арқылы өнімнің өзіндік құнына қосылатын өнімнің бірнеше түрлерімен (құралдарды, цехтарды және басқаларды күтіп ұстауға және жабдықтауға кеткен шығыстар) өндіріске байланысты шығыстарды білдіреді. Тікелей шығындар бабы бойынша шығындар тобында тәртіпке сәйкес элементтер кесіндісінде есепке алынады, ал жанама шығындар өндірістік процесінде олардың функционалдық рольдері арқылы ажыратылатын жинақтық баптар құрайды, ол бірнеше элементтер құрайтын шығындардан тұрады. Кәсіпорында нақты бағаны белгілеуде өнімнің өзіндік құнының калькуляциясы кұралады. Калькуляция баптарының тізіміне келесі шығындар енгізілген:

· Шикізат және материалдар;

· Қайтарым шығындары;

· Басқа кәсіпорындар мен ұйымдардың сатып алу бұйымдары, жартылай фабрикаттар және өндірістік сипаттағы қызметтер;

· Технологиялық мақсаттағы отын және энергия;

· Өндірістік жұмысшылардың еңбек ақысы;

· Әлеуметтік мақсаттағы шығындар;

· Жалпы өндірістік шығындар;

· Жалпы шаруашылық шығындары;

· Өнімнің бұзылуынан шығындар;

· Басқа өндірістік шығындар;

· Коммерциялық шығындар.

Алғашқы он бап өндірістік өзіндік құнды құрайды, оған өнімді сатып өткізуге жұмсалған коммерциялық шығындарды қосқанда, толық өзіндік құн есептеледі. Коммерциялық шығындардың құрамына қораптау, сақтау, тасымалдау, көлікке тиеу, жарнамалау, көрме, жәрмеңкелерге қатысу және басқа да шығындар кіреді.Өзіндік құн, әлде айналыс және өндіріс шығындары, бағаның төменгі шегін анықтайды.Өзіндік құн – бұл бағаның негізгі элементі ғана емес сонымен қатар кәсіпорынның шаруашылықтық деңгейін сипаттайтын көрсеткіш. Сондықтан кез келген кәсіпорын жоспарында өндіріс тиімділігін арттыру және пайданы ұлғайту мақсатында, өнімнің бір өлшеміне есептелінген шығындар деңгейін арзандату көзделеді. Ол негізінен еңбек өнімділігі деңгейін арттыру, өндірістегі материалдық шығындарды үнемдеу, административтік-басқару шығындарын азайту, өндірістік емес шығындарды жою және өндірілетін өнім көлемін арттыру арқылы жүзеге асырылады.Кәсіпорын үшін өзіндік құннан басқа маңызды элементтердің бірі – пайда болып табылады. Пайда деңгейі кез келген кәсіпорын жұмысының сапасын анықтайды.

Шаруашылықты жүргізу тәжірибесінде пайда үш экономикалық функцияны атқарады. Біріншіден, ол кәсіпорынның шаруашылықты жүргізу қызметінің тиімділігі және сапалық сипаттамасы көрсеткіші болып табылады. Екіншіден, мемлекеттік бюджеттің табыс бөлігіне қаражаттарды алу көзі болып саналады. Үшіншіден, ол кәсіпорында әр түрлі қорларды, инвестицияларды қалыптастыру көзі (даму, ынталандыру, тұтыну, қорлану және т.б.).Пайда – бұл белгіленген баға бойынша тауар сатып өткізілгеннен кейін алынатын табыс формасы. Салықтарды төлегеннен кейін кәсіпорын таза пайда алады. Сондықтан, әр өнімнің бір өлшемінің баға құрамында пайда мөлшерін дұрыс анықтау, кәсіпорынның жалпы пайда сомасына әсер етеді.Таза пайда акционерлер жиналысының шешімі бойынша белгілі бір ара-қатынаста жинақталу қоры және тұтыну қорына бөлінеді.Жинақталу қоры есебінен кәсіпорын әртүрді инвестициялық жобаларды, кадрлардың дайындығын және қайта дайындығын іске асырады.Тұтыну қоры есебінен кәсіпорын қызметкерлерге еңбек ақыны, әлеуметтік төлемдерді көбейтуге және әлеуметтік саладағы мекемелердің қызметін тұрақтандыруға қаржыландыруды жүргізе алады. Кез-келген кәсіпкер максималды мүмкін болатын пайда алуға мақсатталуы тиіс. Пайда мөлшері кәсіпорын меншігі иелерінің және оның менеджерлерінің мүддесін қанағаттандыруы қажет.Мемлекет кәсіпорын пайдасын көбейтуге мүдделі, себебі әрбір кәсіпорын мемлекеттік бюджетке салық төлеу арқылы мемлекет қаржысын толықтырады.Пайда тұрақты баға жағдайында өзіндік құн динамикасына тәуелді болады.Сондықтан өзіндік құн мен пайданың байланысы өндірістің экономикалық тиімділігін сипаттайды, кәсіпорын табыстары мен мемлекеттік бюджеттің көбеюін қалыптастырады.Бағаны, тарифтерді қалыптастыру барысында пайда шамасы әлде рентабельділік деңгейі ескеріледі. Егер, еркін бағаларды, тарифтерді қалыптастыруда өнімнің бір өлшеміне есептелінген пайда шамасы, рентабельділік деңгейі айналыс шығындарына және аталған тауарға (өнім, қызмет) қалыптасқан сұранысқа тәуелді болса, баға мен тарифтерді мемлекеттік реттеу барысында олардың шамасы келесі жағдайларды беркіткенде белгіленеді:

· тіркелген, беркітілген (орнықты) бағалар;

· шекті бағалар;

· рентабельділіктің шекті деңгейі.

Бағаны қалыптастырғанда пайда өнімнің бір өлшеміне есептелінеді. Өнімнің бір өлшеміне белгіленетін пайда мөлшерінің шегі ретінде:

· нарықтық баға мөлшері алынады, егер аталған өнім нарықта болса;

· өнімнің бір өлшеміне есептелінген шығын мөлшері алынады, соның ішінде, шартты – тұрақты және шартты — өзгермелі шығындар қарастырылады.

Кәсіпорындағы жалпы пайда мөлшері тауарлар мен қызметтерді өткізуден қалыптасады. Пайда сатудан түскен сома ретінде абсолютті, және өнімнің өзіндік құнына, тауар айналымына, негізгі қорларға пайыздық есеппен алынғанда салыстырмалы болады. Салыстырмалы пайда кәсіпорынның қаржы жағдайын дәл бейнелейді. Пайданың абсолютті сомасы бойынша кәсіпорын жұмысын бағалау қиынға соғады. Пайда деңгейі баға деңгейіне, өзіндік құнға, шаруашылықты жүргізудің тиімділігіне тәуелді.Баға құрамына енетін пайда мөлшерін анықтау үшін әр түрлі әдістер қолданылады, мысалы, баға белгілеудің шығынға негізделген әдістерін қолданғанда, шығын мөлшеріне пайданың абсолютті шамасы немесе рентабельділік нормативі қолданылады. Рентабельділік нормативі мен пайданың абсолюттік шамасы белгіленген әлде өзгермелі болуы мүмкін.Өнімнің бір өлшемінің бағасын, белгіленген рентабельділік нормативі негізінде есептеу, өнімнің бір өлшеміне есептелінген шығынды рентабельділік коэффициентіне көбейтуге негізделеді. Аталған коэффициент келесі әдістер негізінде анықталынады:

— саудадан түскен пайданың жалпы сомасын өзіндік құнға бөлу арқылы;

— саудадан түскен пайданың жалпы сомасының сату бағасына қатынасы арқылы.

Әр нақты тауардың бағасына пайданың жеке сомасын кірістіру мақсатты баға белгілеу әдісіне жатады. Бұл әдістеме өндірістің зиянсыздығын есептеуге негізделеді және әр түрлі деңгейдегі сату көлемінен мүмкін болатын түсімдерді шығындармен салыстыруды көздейді.Пайда кәсіпорынның ұзақ мерзімді аспектідегі баға саясатының мақсаты бола алады. Мысалы, кәсіпорын жаңа нарықты игергенде әлде нарықтағы өз үлесін арттыруға талпынған кезде, бағаның неғұрлым мол пайда алуға бағытталуы кәсіпорынды айтарлықтай табысқа жету мүмкіндігінен айырады. Мұндай шапшаң баға шешімдерін қабылдау жағдайында, пайда шешуші критерий ретіндегі ролін жояды. Бірақ, кәсіпорынның ұзақ мерзімді даму стратегиясын жасау барысында пайдаға қатысты рентабельділіктің әр түрлі көрсеткіштері, күрделі шығындарды өтеу көрсеткіштері маңызын жоймайды.Пайданың қатысты мөлшері ретінде рентабельділік қарастырылады. Рентабельділіктің көптеген түрлері бар: шығындар рентабельділігі, сату рентабельділігі, мүлік рентабельділігі, жарғылық капитал рентабельділігі. Баға белгілеудің күрделі мәселелерінің бірі табиғи монополиялардың бағаларына енгізілетін пайда мөлшерін анықтау болып табылады. Қазіргі уақытта «Табиғи монополияларды реттеу» туралы Қазақстан Республикасы Заңы қабылданған. Бұл заң табиғи монополия субъектілерінің қызметін келесі салалар бойынша реттейді:

— магистралды құбырлар желісі бойынша мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау;

— магистралды құбырлар желісі бойынша газды тасымалдау;

— электр және жылу энергияларын жеткізу бойынша қызметтер;

— теміржол тасымалдауы;

— көлік терминалдары, порт, аэропорт қызметтері;

— электр және пошталық байланыс қызметтері.

Баға деңгейі, мемлекет тарапынан реттелген жағдайда, бағаның құрамындағы пайда шамасы реттелмейді. Негізгі реттелетін элементтердің бірі өнімнің рентабельділік деңгейі. Өйткені, пайданың абсолюттік шамасы рентабельділік деңгейіне тікелей тәуелді болады. Өнімнің рентабельділік (пайдалылық) деңгейі біртектес өнімдер өндірісінің нәтижесін салыстыруда және өнімнің бәсекелестігін бағалауда маңызды роль атқарады. Өнімдер мен тауарларды нарықта еркін бағалар бойынша өткізгенде рентабельділік нормативі ескерілмейді.Баға құрамындағы маңызды орынды салық алады. Ұйымдастыру-экономикалық мәні жағынан салық — мемлекет біржақты тәртіппен заң жүзінде белгілеген, белгілі бір мөлшерде жүргізетін, қайтарымсыз және өтеусіз сипатта болатын бюджетке төленетін міндетті ақшалай төлемдер.Баға арқылы іске асырылатын салықтар, оған маңызды әлеуметтік-экономикалық роль атқаруға мүмкіндік туғызады.Біріншіден, салықтар баға құрамында мемлекеттік бюджеттің қалыптасуының негізгі көзі болып саналады. Екіншіден, өндірістің дамуына әсер етеді, яғни өндірістің қолайлы өсімі немесе керісінше өндірістің қысқаруы. Үшіншіден, ол баға деңгейін реттеу факторы, баға қозғалысына, яғни инфляция әлде арзандауына әсер ететін құрал. Төртіншіден, салықтар активті әлеуметтік әрекет етеді, ол әлеуметтік әділдік деңгейін анықтай отырып, халықтың әр түрлі бұқара топтарының табыстарына әсер етеді.Бағаның құрамына салықтың келесі түрлері енеді: әлеуметтік салықтар, қосылған құн салығы, акциз және бағаның құрамында дербес элемент ретінде маңызды орын алмайтын пайдаға салынатын салық.Әлеуметтік салықтардың шамасы кәсіпорындағы еңбек ақы шығындарымен тікелей байланысты, оны сандық жағынан өлшеуге болады, ол өнімнің өзіндік құнының элементі. Әлеуметтік салықтар мақсатты міндет артылған салықтар болып саналады, сондықтан оларды арнайы салықтар қатарына жатқызады.Салықтар тікелей және жанама болып бөлінеді. Жанама салықтарға қосылған құн салығы мен акциз жатады. Экономикалық мәні бойынша қосылған құн салығы тауарларды өндіру және олардың айналысы процесінде қосылған, оларды өткізу бойынша салық салынатын айналым құнының бір бөлігін бюджетке аударуды, сондай-ақ Қазақстан республикасының аумағындағы тауарлар импорты кезіндегі аударымды білдіреді.

Салық салынатын айналым бойынша бюджетке төленуге тиісті қосылған құн салығы сатылған тауарлар үшін есептелген қосылған құн салығының сомасы мен алынған тауарлар үшін төленуге тиісті қосылған құн салығының сомасы арасындағы айырма ретінде айқындалады. Қосылған құн салығын төлеушінің тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетуді өткізу бойынша жасаған айналымы салық салынатын айналым болып табылады. Қосылған құн салығының ставкасы 12 пайызға тең және ол салық салынатын айналым мөлшеріне қолданылады. Дегенмен, жекелеген жағдайларда салық төлеу тәртібі төмендегідей: егер, ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді жүзеге асыратын ұйымдар, тамақтану саласындағы қызметті қоспағанда, бір мезгілде келесі талаптарға сәйкес келетін болса салық бойынша жеңілдіктер қолданылады. Егер, аталған ұйымдардың, қоғамдық жылдық жиынтық табысының кемінде 90 процентін келесі қызмет түрлерін жүзеге асыру нәтижесінде алынуға тиіс табыстар құрайтын болса, бұл ұйымдарда есептелген қосылған құн салығына салық сомасы 70 процентке азайтылады.Олар: ет және ет өнімдерін өндіруді; жемістер мен көкөністерді қайта өңдеуді және консервілеуді; өсімдіктер мен жануарлар майын өндіруді; сүтті қайта өңдеу мен ірімшік өндіруді; ұн-жарма өнеркәсібі өнімдерін өндіруді; жануарлар үшін дайын жемшөп өндіруді; нан өндіруді; балалар тағамын және диеталық тағам өнімдерін өндіруді жүзеге асыратын ұйымдар.

Қамсыздандырылуы төмен азаматтарды әлеуметтік қорғау мақсатында, тауарлар мен қызметтерге қосылған құн салығын есептеуде белгілі бір жеңілдіктер қарастырылған. Егер, коммерциялық емес ұйымдардың көрсететін қызметі балаларды, қарттарды, соғыс және еңбек ардагерлері мен мүгедектерді қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру жөнінде қызмет көрсетумен байланысты болатын болса ,олар қосылған құн салығынан босатылады. Сонымен бірге қосылған құн салығынан келесі тауарлар мен қызметтер босатылады: мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту,бастауыш, негізгі, орта, қосымша жалпы білім беру, театр-концерт қызметін жүзеге асыру, бастауыш, орта және жоғарғы оқу орындарынан кейінгі кәсіптік білім беру; қайта даярлау және біліктілігін арттыру, дәрі дәрмектік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар және т.б..Барлық мемлекеттерде де жекелеген тауарлар мен қызметтер үшін қосылған құн салығынан босатылған, жеңілдетілген салық және нөлдік ставка бойынша салық салу қолданылады. Мұндай жеңілдіктердің болмауы аталған тауарлар мен қызмет түрлеріне баға деңгейінің қымбаттауына себеп болады, бұл дүние жүзінде әлеуметтік түсінік жағынан қарастырғанда қажетсіз құбылыс болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *