Қазақстандық соттың мәртебесін биіктетіп, тәуелсіздігін нығайту бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар ұшан-теңіз. Осы мақсатта жүзеге асырылған бұл жұмыстардың нәтижесі де жоғары. Әсіресе, әділдік алаңындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, судьялардың материалдық-техникалық мәселелерін жедел шешу бойынша қолға алынған шаруалар көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Бүгінде республика соттарының жайлы да жарық ғимараттарда төрелік етуіне толық жағдай жасалған. Міне, жақында Түркістан облысының соттары да халыққа жаңа ғимаратының есігін ашпақ. ҚР Сот әкімшілігінің қолдауымен Түркістан облыстық сотының жаңа ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын. Оның ашылуы ағымдағы жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Облыстық соттан басқа, мұнда қазіргі уақытта жалға алынған ғимараттарда отырған 7 қалалық сот орналаспақ. Сот әкімшілігі ірі жобаны сот төрелігін жүзеге асыруға байланысты қызметтердің тиімділігін, қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында іске асыруда. Судьялардың спартакиадасына келген Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев облыстық сот ғимаратының құрылыс барысымен арнайы барып танысты. Қазіргі таңда ішкі әрлеу және электр монтаждау, сондай-ақ аумақты абаттандыру жұмыстары бітуге таяу. Құны 9 млрд теңгеден асатын кешен жалпы ауданы 17,6 мың шаршы метр болатын 3 блоктан тұрады. Ғимараттың тас қалау рәсімі 2021 жылғы желтоқсанның соңында өткен еді. Екі жыл бұрын басталған құрылыс жұмыстары алдағы желтоқсан айында толық аяқталып, ғимарат пайдалануға берілмек.
Шаһардың әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан жалпы аумағы 1,8 га. жерді алып жатқан жаңа сот ғимаратын заманауи жабдықтау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Жалпы көлемі 17,5 мың шаршы метрді құрайтын заманауи төрт қабатты ғимаратта қаланың барлық соттары орналасатын болады. Мұнда судьяларға, сот қызметкерлеріне және келушілерге барлық қолайлы жағдай қарастырылған. Жаңа сот ғимаратына Түркістан қаласында орналасқан 8 сот көшіп келеді.
Ғимарат бірнеше блоктан тұрады. Онда спорт залы, асхана және техникалық бөлмелер бар әртүрлі функционалды аймақтар орналасады.
Келесі қабаттар судьялар кабинеті, бейнебайланыспен кешенді жарақтандырылған сот отырысы залдары, прокурорлар, адвокаттар және медиация кабинетімен жабдықталады.
Бұдан бөлек, ғимаратта акт залы, оқу залы, күту залы, баспасөз орталығы, мұражай, мұрағат орналасқан және психологиялық көмек көрсету бөлмесі болады. Заманауи және функционалды ғимарат сот төрелігін тиімді және сапалы жүзеге асыруға ықпал етеді.
Ғимараттың кіре берісінде электронды түрде қарауға болатын сот қызметі туралы қажетті электронды ақпараттар мен азаматтарды қабылдау кестесі орналастырылған.
Сондай-ақ, Түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Судьялар одағының дәстүрлі Х спартакиадасының финалдық ойындары өтті. Бұған дейін спорттың 8 түрін қамтыған спартакиаданың іріктеу кезеңдері Алматы, Қарағанды, Атырау мен Қостанай қалаларында өткен болатын. Дәстүрлі шараға ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, ҚР Судьялар одағының төрағасы Сәкен Абдолла, сондай-ақ, облыстық соттар төрағалары мен өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері, жергілікті халық пен қонақтар қатысты.
Спартакиадада Қазақстан соттары футбол, волейбол, теннис, үстел теннисі, бильярд, арқан тарту, шахмат, дойбы сынды спорт түрлерінен бақ сынады. Жарысқа облыстық соттар төрағаларымен қатар, отставкадағы судьялар да қатысып, көрермендер көзайымына айналды. Мысалы, 71 жастағы қостанайлық Бақытқазы Ордабаев жас әріптестерін басып озып, үлкен теннистен 2-орынды иеленді. Бақытқазы Смағұлұлы «Ең жасы үлкен қатысушы» номинациясымен марапатталса, Абай облысының отставкадағы судьясы Рахымқұл Тұрабаев дойбыдан 2-орын алып, жерлестерінің мәртебесін бір көтеріп тастады. Шағын футболдан бас жүлде Қарағанды облысы соттарының командасына, 2-орын Түркістан облысы соттарының командасына, 3-орын Ақтөбе облысы судьяларының командасына бұйырды. Тартысты ойындарда үздік өнер көрсетіп, жеңіс туын желбіретуге айрықша атсалысқан судьялар да назардан тыс қалмады. Шағын футболда алматылық Эрнар Карибаев «Үздік қақпашы», түркістандық Айдос Сұлтанов «Үздік қорғаушы», ақтөбелік Рамазан Құстанов «Үздік шабуылшы» номинацияларына ие болды. Бильярдтан 3-орын Түркістан өңірі командасының ойыншысы Құрманғали Дүйсебековке, 2-орын шымкенттік судья Талғат Кахаровқа бұйырса, жеңіс тұғырына Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Айдар Смағұлов көтерілді. Ал, «Үздік бильярд партиясы» номинациясын ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Досжан Әмір иеленді. Шахматтан судьялар спартакиадасының бірнеше дүркін чемпионы, Алматы облыстық сотының төрағасы Еліс Әбдіқадыров алдына жан салмады. 2-орынды Алматы гарнизоны Әскери сотының судьясы Дихан Әлиасқаров, 3-орынды астаналық Қанат Иманалиев қанжығасына байлады. Батыс Қазақстан облыстық сотының намысын қорғаған Ғизатолла Қырықбаев «Үздік шахмат партиясы» номинациясымен марапатталды. Үлкен теннисте шығыстан келген Марат Молдагельдин жеңіске жетіп, ардагер судья Бақытқазы Ордабаев 2-орында, ал түркістандық Мадияр Ташев 3-орынды иеленді. Үлкен теннис бойынша тағайындалған «Шебер ойыншы» номинациясы алматылық Мақсат Қасымовтың еншісіне тиді. Үстел теннисінде де қатысушылар бір-біріне есе жібермеуге тырысты. Дегенмен, Түркістан облысының судьясы Дәулетияр Машрапов 1-орынды талассыз иеленді. Ал, 2-орынды Шығыс Қазақстаннан Нұрлан Нұрсапин, 3-орынды Жамбыл облысынан Марлен Тілеубеков алды. Үстел теннисінің «Шебер ойыншы» номинациясы ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Абай Рахметулинге бұйырды. Аса тартысты өткен волейболда 5 команда жарысқа түсіп, облыстық сот төрағасының өзі бастап ойнаған Шығыс Қазақстан командасы жеңіс тұғырына көтерілді. Маңғыстау және Алматы облыстарының соттары да өздерінің мықты дайындықпен келгенін көрсетті. Нәтижесінде 2-орынды маңғыстаулықтар, 3-орынды Алматы облысының командасы иеленді. Волейбол бойынша үздіктер номинациясына Ержан Қарабаев, Манат Комиршинов, Ерлан Тасыров ие болды. Ойынның жанкүйері ретінде Алматы облысы соттарының құрамында өнер көрсеткен Бақытжан Ниязов пен Жайық Жанболатовты атап өткеніміз жөн. Бұл байрақты додада кейбір облыстық соттардан бірекі өкіл қатысып жатса, шағын ғана Қонаев қалалық сотынан байрақты додада төрт судья жасындай жарқырап жүрді. Мұның өзі Жайық Кәтеұлы бастаған Қонаев қалалық сотының әділ төрелікпен қатар, спортты да шебер меңгергенін дәлелдесе керек. Спорттың арқан тарту түрі біздің халқымызға ежелден жақын. Бұл додада да судьялар қауымы өздерінің мықтылықтары мен ептіліктерін байқатып, Шығыс Қазақстан бірінші, Солтүстік Қазақстан екінші, Маңғыстау үшінші орындарды өзара бөлісті. Түркістандық Марат Арапов арқан тартуда «Үздік ойыншы» номинациясымен марапатталды. Дойбыдан 3-орынды алматылық Ұлан Қажыкен, 2-орынды Абай облысының отставкадағы судьясы Рахымқұл Тұрабаев, 1-орынды Павлодар облысынан Динара Мұстафина иеленді. «Үздік дойбы партиясы» Батыс Қазақстаннан Бахытгүл Жангироваға бұйырды. Шара соңында спартакиаданың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, жеңімпаздарды анықтауда қажырлы еңбек еткен төрешілер мен мемлекеттік орган өкілдерін ҚР Судьялар одағы алғыс хаттармен марапаттады. Жеңімпаздарды Қазақстан Республикасының спорт шеберлері, жоғары және халықаралық дәрежедегі төрешілер анықтады. Қазақ халқы, әсіресе, оңтүстік өңірі қашаннан қонақжай. Х спартакиаданың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына Түркістан облысы соттарының әрбір қызметкері айрықша атсалысқанын айтып өткен жөн болар.
Сәкен АБДОЛЛА, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы:
– Бұл негізінен судьялар арасында дәстүрге айналған спорттық іс-шара. Алайда, пандемияға байланысты біраз уақыт тоқтап қалған болатын. Бүгінгі күні қайта жалғасын табуда. Өздеріңіз білесіздер, судьялардың жұмысы оңай емес. Ал спартакиада – судьяларды қызметтен тыс ортада табыстыратын, әріптестік байланысты нығайтатын шара. Ең алғашқы спартакиада 2003 жылы басталды. Биыл, міне, оныншы спартакиадада бас қосып отырмыз. Биылғы жылы спорттың 8 түрінен төрт өңірде жарыс өтті. Солардың жеңімпаздары финалдық ойындарда кездесіп отыр. Түркістан – тарихы тереңде жатқан қазақтың рухани астанасы. Сол себепті, біз финалдық ойындарды қасиетті мекенде қорытындылауды ұйғардық.
Тұрысбек МЫЯТБЕКОВ, Түркістан облыстық сотының төрағасы:
– Спартакиада – бейресми ортада судьялардың басын біріктіретін, ынтымағын арттыратын, командалық рухта тәрбиелейтін шара. Бірталай уақыттан бері үзіліп қалып, биыл жалғасын тапқан осы байрақты доданың Түркістанда қорытындылануы біз үшін үлкен мәртебе, сонымен бірге зор жауаптылық. Бұған дейін еліміздің төрт өңірінде спорттың 8 түрі бойынша сынға түскен судьялар тек төрелік етуге ғана шебер емес, спортта да мықты екенін дәлелдеді. Әсіресе, отставкаға шықса да, сот саласынан да, спорттан да қол үзбеген ардагер судьялардың ісі баршамызға өнеге болуы тиіс. Қауырт жұмысына қарамастан, Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевтің арнайы келіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеуі, доданың бел ортасында жүруі әріптестерге ерекше қолдау бергені, рух сыйлағаны анық. Тартысты өткен жарысқа облыстық соттың төрағалары командаларымен келіп қатысты. Бұл біздің әріптестеріміздің сегіз қырлы, бір сырлы екенін, тура төрелікті ғана шебер меңгеріп қоймай, спорттан да жүйрік екенін көрсетеді. Осындай айтулы шараға Түркістан облыстық сотының ұжымы айрықша дайындалды. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» сайыстың ұйымдастыру жұмыстарына атсалысқан әріптестеріміз бірлік барда алынбайтын қамал жоқ екенін ісімен дәлелдеді. Спартакиаданың әділ өтуіне, қатысушылардың көңілінен шығуына бір кісідей атсалысқан Түркістан облыстық сотының әрбір қызметкеріне басымды иіп алғысымды айтамын! Республиканың түкпір-түкпірінен келген судьяларға риясыз қызмет көрсетіп, ризашылығына ие болған әрбір әріптесіміз мақтауға лайық!