Қай заманда болмасын жас ұрпақтың буынын босатпай, қанатын қатайтып, саналы тәрбие беруде және рухани құндылықтарды сіңіруде — аға буынның алар орны айрықша.
Бүгін Түркістан облысында жемқорлыққа қарсы технологиялар зертханасына айналған «Sanaly urpag» слеті өз мәресіне жетті.
3 кезеңнен тұратын шараға 28 команда қатысып,өз бақтарын сынады.
Білім алушылар арасында өткен шара таныстыру, үй тапсырмасы және сұрақ-жауап кезеңдерін құрады.
Тартысқа толы слетке облысымыздың түкпір-түкпірінен келген қатысушылар қазылар алқасының сынынан сүрінбей өтіп, үздіктер жүлделі орындардан көрінді.
Аталған шарада «Шығармашыл білімгер» номинациясының иегері Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің «Тұран» командасы болса, «Креативті білімгер» номинациясының иегері Арыс қаласынан келген №17 колледждің «Парасат» клубы иемденді және «Ізденімпаз білімгер» номинациясы №19 колледждің «Эрудит» тобына табысталды.
Шараның ерекшелігі — қатысушылар санының көп болуына байланысты «Жалын» қоғамдық бірлестігі үш — ІІІ орын, екі – ІІ орын және бір – І орын болады деген шешімге келіп, талабы таудай жастардың еңбектерін әділ бағалауды ұсынды.
Осылайша, «Әділет», «Тұран» және «1424» командалары — ІІІ орынға, ал «Кентау арнаулы кәсіптік колледжі» мен «Алаш ұрпақтары» командалары — ІІ орынға тұрақтады.
Өзгелерден оза шауып, әдемі ойын өрнегін көрсеткен «Дарабоз» командасы бәсекеге толы ойында І орын жеңімпазы атанды.
«Сыбайлас жемқорлық індет, оған қарсы күрес міндет!», — деп ұрандатқан жастардың талпынысына қарап, бетін қақпай белін буған аға буын өкілдері жүлдері болған командаларға ынталандыру сыйлықтары мен қаржылай сертификаттарын табыстады.
«Өскелең ұрпақтың бойына париоттық рух сыйлайтын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыратын шара алдағы уақытта өз жалғасын таба берері сөзсіз», — деп қорытындылаған «Жалын» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрмет Балқыбекұлы тұғыры биік тәуелсіз еліміздің жарқын келешегі үшін атсалысатын жастардың алдағы уақытта саны артатынына үмітті екенін жеткізді.
Айта кетейік, ІІІ орын иегерлеріне – 30 000 теңгеден, ІІ орын иегерлеріне – 50 000 теңгеден және І орын жеңімпаздарына – 100 000 теңге көлемінде қаржылай сертификаттар табысталды.
Айта кетейік, үздіктерді анықтауға «Жалын» қоғамдық бірлестігі демеушілік етіп, жастар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуына ықпал етті.