ТҮРКІСТАН: ТАЗАЛЫҚ — КИЕЛІ ШАҺАРДЫҢ КӨРКЕЮІНІҢ НЕГІЗІ

Туристерге де, тұрғындарға да жақсы әсер сыйлау қала ортығы мен үлкен көшелердің көркеюі маңызды. Бүгінде Түркістанды көгалдандыру жұмыстары күн тәртібіндегі мәселеге айналды. Осыған сай, аптап пен аңызақта қаланы көгалдандыру жұмыстары туризмді дамытып қана қоймай, Түркістан аумағын көгалдандыру, ауа райын жақсартуға да оң серпін беретіні анық. Мәселен облыс орталығында көгалдандыру жұмыстарымен қоса тазалық шаралары қатар жүреді. Киелі шаһарда бұл бағыттарда жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып жатқаны жасырын емес. Айталық, әр аптаның сенбі күні қала тазалығына арналады. Сенбілік таза ортада өмір сүремін деген елдің алғы қадамы деуге болады.

Бүгінде Түркістанда көптеген саябақтар мен тынымбақтар бой көтеруде. Алайда, айтуға оңай соққанымен, жайқалған жасыл желектерді баптау жұмыстарының оңайға соқпасы белгілі. Осындай жауапты жұмыстар жүктелген мекемелердің бірі ретінде «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС атауға болады.

«Түркістан жарық-тазалық» ЖШС 1998 жылы өз жұмысын бастады. Қаланың басты белсенді күшіне айналған бұл мекемеде бүгінде жалпы саны 315 қызметкер жұмыс атқарады. Қазір адам күшімен қатар техникалардың қауқарын ескеретін болсақ, мекемеде жұмысқа арналған жалпы саны 48 автокөлік бар. Қала бойынша мекеме 168 көшенің тазалығына жауапты. Сондай-ақ, 6 дана көше жуатын автомеханикамен қоса 20 дана қоқыс таситын автокөлік тіркелген.

Жауапты мамандардың айтуынша, аталған мекемеде қала тазалығы бойынша 260 жұмысшы қызмет етеді. «Тазалық табалдырықтан басталады» демекші, киелі шаһардың шырайын келтіретін жұмыстар қашан да қарқынды. Тарқатып айтсақ, мекемеде жаз айларында жұмыс уақыты таңғы 07:00 ден кешкі 19:00 аралығына дейін жалғасады.

— Сонымен, бүгінде Түркістан қаламыздың облыс болып көркейіп туристік аймаққа айналуына байланысты қала тұрғындарына тазалық бойынша түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Сонымен қатар, телеарна, баспасөз, газет беттеріне жариялап отырмыз. Алайда қазіргі таңда тазалық қоғамның маңызды мәселесіне айналып отыр. Осыған байланысты тұрғындардан арыз-шағымдар жиі түсуде. Дегенмен қала тазалығы барлық адамды толғандыратын мәселе болуға тиіс. Айналаны ластамауға қоғам болып жұмылсақ таза мекенде өмір сүреріміз сөзсіз. Алайда тұрғындар тарапынан көтерілген шағымдар аясында мекеме қызметкерлері тиянақты жұмыс атқарып келеді. Байқасаңыздар, адамдардың басым бөлігі әлі тәтті ұйқыда жатқанда мекеме жұмысшылары таңмен жарысып, бірі көше бойын сыпырса, енді бірі көшені сумен жуып шығады, ал енді біреулері газон шөптерін қырқып, гүлдер мен талдарды суарып жатады. Еңбек адамдарының жұмысы көзге көрінбегенімен, оның артында қаншама күш пен шыдамды топ бар екенін ұмытпауымыз керек. Түркі жұртының астанасы Түркістанға рухани азық іздеп келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты қаланың таза болуы маңызды рөл атқарады. Сырт көз әрине сыншы ғой, қаламызға нашар көзқарас қалыптасқанын ешкімде қаламайды. Тазалық көбінесе мәдениеттілікпен өлшеніп жатады. Сол себепті қоғам болып тазалық шараларын ұдайы ұстануға тиіспіз. Тұрғындар да қала тазалығына үлес қосса екен деген өтінішіміз бар, — дейді мамандар.

Айта кетерлік тағы бір жайт, қаланың жасыл қорын жобалау, қайта құру және дамытудың жаңа технологияларын пайдалануда су мен коммуналдық шығындарын азайтуға арналған жұмыстар да өз нәтижесін беруде. Мәселен, саябақ, гүлбақ секілді нысандарын күтіп-баптау кезінде барынша коммуналдық шығындарды азайту жоспардағы басты жетістік десек болады. Қаламыздағы қарапайым қызметкерлердің қажырлы еңбегінің нәтижесінде Түркістанның күннен-күнге көркі кіріп келеді. «Ағашты көлеңкелеген еккенге рахмет айтады» демекші, күндіз-түні киелі шаһардың әр бөлігінде тынымсыз еңбек етіп жатқан жұмысшылар нағыз бейбіт күннің батырлары десек артық емес шығар.

Төрт бағытты мақсат еткен «Түркiстан жарық-тазалық» ЖШС мекемесi қазіргі таңда қаланың тазалығын сақтау, түнгi мезгiлде жарықшамдардың үздiксiз жанып тұруын қадағалау, қаланың абаттануы мен аяқ жолдардың тазалығын сақтау және зираттарды таза ұстау болып табылады. Аталған жұмыс орнының тағы бір жетістігі — екінші, үшінші санаттағы мүгедектігі бар адамдарды толықтай жұмыспен қамтуы. Бүгінде 40-қа жуық тазалықшы аталған мекемеге жұмысқа тұрып, киелі қала келешегіне адал қызмет атқаруда. Таңмен таласып Түркістан тазалығына талмай еңбек ететін жұмысшылардың бірі:

— Аптасына бес күн жұмыс бекітілгенімен, кейде сенбі және жексенбі күндері де жұмысқа шығып, жасыл желектердің жағдайын бақылап, уақытылы суарылуын да бақылап тұрамыз. Себебі біздің жұмысымыз тиянақтылықты талап етеді. Бұл біздің Түркістан алдындағы борышымыз деп санаймыз. Әрбір осы қаладағы тұрғын да жайқалған, гүлденген саябақтар мен көрікті көшелерге аса жауапкершілікпен қараса деген тілегіміз бар, — дейді.

Осы орайда қала тұрғындары мен қонақтарына ескертетін нәрсе — тазалықты сақтау тек тазалықшылардың ғана міндеті емес, бұл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Жауапкершілікті, түркілер төрінің таңғажайып бейнесіне деген адалдықты әркім жадынан шығармауы тиіс. Қазақ тағылымында «әдепсіз өскен адамнан, тәртіппен өскен тал артық» деген нақыл бар. Ескіден қалған өнегеден саналы ұрпақтың саулығы мен саялы табиғаттың саулығы ең маңызды міндет екенін ұғыну қиын емес. Осы игілікті жолда тынымсыз еңбек етіп жатқан «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС үлесі зор болмақ. Жәдігер қаланың заманға сай жандануы жолында жұмылып іс жасауға баршамыз атсалысайық!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *