ТҮРКІСТАН: ОБЛЫСТЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАРЫШТАУ КҮТІП ТҰР

Мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген салиқалы сұхбатын үлкен қанағаттанушылық көңіл күйде толық оқып шықтым. Президенттің экономикалық саяси тұрғыдағы атқарылып жатқан жұмыстары тұрғысындағы ұстанымдары мен келер күннің еншісіндегі бағыттары айқын екенін аңғару қиын емес.

— 2023 жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болды. Біз негізгі саяси реформаларды аяқтап қалдық. Конституциялық Сот жұмысын бастады. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды. Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайладық. Ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасты. Былтыр 700-ге жуық ауыл әкімі сайланды.

Біз әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға кірістік. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен мықтап айналыстық. Әлеуметтік салада қордаланып қалған мәселелер біртіндеп шешіле бастады.  Еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «жайлы мектептер» бой көтеруде. Ауылдарда денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қолдау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлемақы енгізілді. Табиғатты қорғауға жауапты мекемелердің қызметкерлеріне олардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерге қатысты үстемеақы төленетін болды. Медицина қызметкерлерінің, мектепте, колледжде және балабақшада жұмыс істейтін педагогтердің жалақысы өсті. Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді. Негізгі экономикалық көрсеткіштерді, оның ішінде инфляция деңгейін ескере отырып ең төменгі жалақыны анықтайтын әдістеме қабылданды. Осы жұмыстың бәрі 2024 жылы да жалғасады. Біз тиянақты және жоспарлы әрекет жасаймыз, мақсатқа жету үшін үздіксіз алға ұмтыламыз. Бұл – айрықша маңызды жыл болмақ. Өйткені осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болады,-деп қадап айтты.

Небәрі үш жылда ғана атқарылған осындай тұрмыстық мәселелер жаңадан жасақталған билік өкілдері мен үлкенді-кішілі деңгейдегі сайланған депутаттардың қарапайым халықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына мықтап назар аударғандығын көрсетеді. Оның сыртында мұғалімдер мен дәрігерлердің айлық жалақысының көтерілуі олардың сапалық деңгейінің өсуіне және қойылатын талаптардың күшеюіне әкелді.

— Мемлекеттің басты міндетінің бірі – заңның мүлтіксіз орындалуын, тәртіптің қатаң сақталуын толық қамтамасыз ету. Сондықтан заң бұзған кез келген адам жауапқа тартылады. Ал заң мен тәртіпті сақтау мәселесіне азаматтардың идеологиялық ұстанымы мен саяси көзқарасының еш қатысы жоқ. Заң бәріне ортақ. Кейбіреулер прокуратура органдарының ескертуіне қарамастан, адам түсініп болмайтын кесірлік көрсетіп, заң бұзады. Ондай адамдар өзін заңнан жоғары қойып, «Атың шықпаса, жер өрте» деген ұстаныммен елге танымал болғысы келетін сияқты.

Көптеген тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралы жұмыс істеп тұрған, сая­си цензура атымен жоқ елде саяси қудалау бар деу қаншалықты орынды?

Ол аз десеңіз, жаңа заң қабылданып, бейбіт жиналыс өткізу үшін рұқсат алудың орнына хабарлау тәртібі енгізілген соң, Қазақстандағы бейбіт жиындардың саны еселеп артты. Мен түйткілдердің түйінін айқай-шумен алаңда емес, диалог үшін арнайы құрылған орындарда, ең алдымен, Парламентте өркениетті жолмен, салиқалы түрде тарқату керек деп үнемі айтамын. Қазір Парламентте түрлі көзқарас­тағы қоғам өкілдерінің мүддесін білдіретін сан алуан саяси күштер бар. Парламенттік оппозиция институты заң жүзінде бекітілді. Соңғы сайлауда Мәжіліске алты партия өтті. Оның үшеуі алғаш рет депутаттық мандатқа ие болды. Тіпті қазір Парламентте отырған партияның бірі – әуел бастан оппозициялық ұстанымдағы ұйым.

Көптеген шетелдік сарапшылар мен әріптестер, соның ішінде Батыс елдерінің мамандары, Қазақстандағы демократиялық реформалардың озық үлгіде екенін айтып, оған қолдау білдіріп отыр. Шынымен де, біз геосаяси төңірегімізде ауқымды демократиялық өзгеріс жасап, адам құқықтарын қорғау ісінде зор табысқа жеткен бірден-бір елміз, — деді Президент.

 

Елімізде «Жайлы мектеп» жобасының басталуы барлық өңірлердегі үш ауысымдық жүйенің жойылуына, оқушылардың өзін қызықтырған түрлі үйірмелеріне баруына мүмкіндік ашады. «Ұлттық қор — балаларға» жобасының жүзеге асуы тұрмысы төмен отбасылардың үмітін алға жетелейді. Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақ елінің жастарына сенемін. Сондықтан олардың атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарында қызмет етуіне жол ашатын кешенді шаралар қабылданды. Президенттік жастар кадр резерві жасақталды. Іріктеудің бірнеше сатысынан өткен кәсіби жас мамандар мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарға тағайындала бастады. Саяси реформалар аясында партия­лардың сайлау тізімін жасақтағанда және депутат мандатын бөлгенде әйел­дер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін квота енгізілді. Соның нәтижесінде көптеген отаншыл жас Мәжіліс және мәслихат депутаты атанды. Өкілетті билікте жастардың үні жарқын естіле бастады. Осындай нақты қадамдар билік органдарының құрамын жаңартуға тың серпін берді.

Қазір әлем жыл сайын емес, күн сайын өзгеріп жатыр. Жаңа технологиялар, мамандықтар және салалар пайда болуда. Жұмысты ұйымдастырудың және басқарудың әдіс-тәсілдері қайта қаралуда. Осындай жағдайда жаңа кәсіби дағдыларды меңгеруге және озық білімін тиімді пайдалануға қабілетті жастардың рөлі арта түседі. Ойы ұшқыр жастарымыз болашақты бағамдай алады әрі дәйекті дамуға ұмтылады. Сондықтан оларға парасат-пайым жетіспейді деген пікірмен келісе алмаймын. Бірақ билік құрылымдарына аға буынның тәжірибесі де, жас ұрпақтың жаңа идеялары да керек. Бұл жерде эксперимент жасаудың қажеті жоқ. Кейбір сарапшысымақтар «Президент Тоқаев жүйені тұралатып тастады, ешқандай өзгеріс болған жоқ, ескі кадрлар орнында қалды» деген сыңаржақ пікірін тықпалаудан танбай жүр. Мұның астарында қоғамның шырқын бұзып, мемлекеттілігіміздің іргесін шайқайтын пасық ниет жатыр. Асығыстықтың салдары ауыр болуы мүмкін.

Жас басшыларға көбіне тәжірибе жетіспейді. Менмендігі және өзіне деген сыни көзқарастың әлсіздігі кейде олардың өз қарым-қабілетін жоғары деңгейде көрсетуіне кедергі келтіреді. Соған қарамастан, біз жаңа буыннан шыққан кәсіби мамандарға мүмкіндік беріп келеміз. Бұл саясат алдағы уақытта да жалғасын табады, — дегенін естен шығармайық.

Елдің қатты күтіп отырған тұрғындардың алаңдаушылығын туғызып отырған мәселе – ол ондаған жылдардан бері жеке үй салып алуға мүмкіндігі бар отбасыларына инфрақұрылымы жасалмады деген желеумен жердің берілмей келуі. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген 8 миллион гектар жердің мемлекет меншігіне қайтарылуы  малды ауылдардың ортақ жайылымына қол жеткізуіне мүмкіндік әперді. Ендігі жерде сырттан болмаса өз ішімізден инвесторлар тарту арқылы тұрғын үй салып алуға арналған жерлерге инфрақұрылым жасауды жүзеге асырса, жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасылары-мыздың үйлі-жайлы болуына көп мүмкіндік ашылған болар еді. Себебі, Түркістан облыс орталығы мәртебесін алған бес жылда өңірдің экономикасы еселеп көтеріліп қана қоймай, киелі қалаға және облыс аумағына қоныстанушылар қатары жылдан жылға артуда. Сондықтан, киелі шаһар мен қала аумағына жақын ауылдық округтердің әкімдері мен мәслихат депутаттары бас жоспарды жедел жасап, жас отбасылардың үй салып алуына қолайлы мекендерді қарастыруы ауадай қажет.

Мемлекет басшысының айтуынша: Күнделікті міндеттерден бөлек, ұзақ мерзімге арналған мақсаттарға ден қоюдың мәні зор. Біз болмашы нәрселерге баса назар аударып, ұсақ-түйекті талқылауға бүкіл күш-қуаты­мызды сарп етеміз. Одан да сорақысы, әлдекімдердің жалған сөзіне еріп, арамтер боламыз. Мұндай пайдасыз істерге алаңдап, ұлттың стратегиялық бағдарынан жаңылмауға тиіспіз. Баяғыда ұлы халық болғанбыз деп масаттанып немесе бұрынғы өкпе-реніштерді қоздатып, қызылкеңірдек болып айтысудың қажеті қанша?! Бұлай ескілікке бой ұруға әсте болмайды. Әлбетте, тарих – біздің жалпы­ұлттық бірегейлігіміздің маңызды бөлігі. Сондықтан мемлекет дәл қазір бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Атап айтсақ, түрлі тақырыптағы кітаптар көптеп шығарылуда. Жаңа ғылыми мекемелер құрылып, бұрынғы институттар жаңғыртылып жатыр. Жақында сталиндік репрессия құрбан­дарын ақтау жөнінде ауқымды зерттеу жұмысы аяқталды. Бір сөзбен айтқанда, сан ғасырлық тарихымызды зерттеу, тарихи әділдікті қалпына келтіру біздің негізгі міндетіміздің бірі болып қала береді.

Алайда біздің бұрын кім болғаны­мыз­дан қазір кім екеніміз, ең бастысы, болашақта кім болатынымыз әл­деқайда маңызды. Сондықтан қандай қиын­дықтан өткенімізді бағамдай­тын кезде ғана ауызбіршілік таныт­пай, баянды болашаққа да бірге қадам басуы­мыз қажет. Біз өткенді аң­саумен өмір сүр­меуіміз керек. Кері­сінше, келе­­ше­гі­мізді кемел етуге ұмтылып, ұлт­­тың ұлы­лығын нақты іспен дәлел­­деуге тиіспіз. Дүние­таны­мы­мызға жат мәдениеттерге көзсіз елік­теу­ден, жалған патриотизмнен, даң­ғойлық пен дарақылықтан сақтануы­мыз керек. Халқымыздың бойындағы кемшілік­терге көз жұма қарамай, одан арылуы­мыз қажет. Мұның бәрі күн са­йын құбы­л­ған тұрлаусыз заманда өмір сүріп жатқан Қазақстанның келешегі үшін айрықша маңызды.

Сондықтан ұлтымыз өсіп-өркенде­сін десек, біз жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз керек. Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоға­ры бағалануға, білімпаздық пен жа­ңа­­­шылдық салтанат құруға тиіс. Сон­дай-ақ өмірге деген байсалды және ба­йыпты көзқарас басым болғаны жөн. Ашығын айтайын, өзін «ұлттың қаймағымыз» деп санайтын кейбір зия­лы қауым өкілдері осы миссиясын өз деңгейінде атқарып жүрген жоқ. Олар ұлтқа үлгі-өнеге көрсетудің орнына, ұсақ-түйек әңгімелерді қоздатудан, әдеттегідей «біздің халық аса данышпан» деп қайталай беруден немесе қара басының қамын күйттеп, билікке «жағдайымды жасамады» деп өкпе артудан аса алмай отыр. Осылайша, ұлттық идеологияның даму жолында жалғандыққа жол беріледі.

Біз озық ойлы ұлт ретінде халқы­мыз­ды ыдырататын емес, біріктіре­тін жолды таңдап, тек қана алға қарауы­­мыз керек. Жалпыұлттық құн­ды­лық­тар бәрінен жоғары тұру­ға тиіс. Бұл туралы үнемі айтып жүр­мін. Тағы да қайталаймын, еңбек­қор­лық, білімпаздық, кәсібилік, бір­лік, ын­ты­мақ, жанашырлық, іскер­лік, баста­ма­шылдық, адалдық, қарапайым­дылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құн­ды­­лықтар. Халқымыздың қуатын арт­ты­рып, табысқа жетелейтін осындай қа­сиеттер мен құндылықтарды жан-жақ­ты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру ар­қылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз.

Түркістанның басқа өңірлерден үлкен артықшылығы мұнда қандай да құрылыс жұмыстарын жыл он екі ай бойы, қажет болса тәулік бойы тоқтатпай жүргізуге болады. Оның сыртында ақсақалдар мен жастар, кәсіпкерлер ақылдаса келіп, тұрмысы төмен отбасыларына ежелгі «Асар» әдісімен де үй салып беруге болады. Мұндай тәжірибе бізде бар. Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының бастамашылығымен бұған дейін де үйлері өртеніп кеткен тұрғындарға ел болып, үй тұрғызып, материалдық жағдайын бірден көтеріп берген оқиғалар болды. Алдағы уақытта да жасымыз бар, жасамысымыз бар Мемлекет басшысының Жолдауындағы және «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатындағы саяси-экономикалық шараларды жүзеге асыруға бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, барынша белсенді түрде үлес қосуға шақырамын.

Әсіресе, сұхбаттағы «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды  ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек», — деген жолдардан жаңа Қазақстанның дамуы, өсіп-өркендеуі үшін тура жол, түзу бағытты дөп басып таңдағандығымызды айқын көреміз.

Өзім төрағалық етіп отырған «Түркістан облыстық ақсақалдар алқасы» қоғамдық ұйымының бүгінгі таңда атқарып отырған жұмысы да сан ұлттың өкілі мекендеген киелі өңірдің ауызбірлігі мен ынтымағын арттыру, татулығын сақтау.

Бәріміз бір атаның баласындай тату-тәтті тірлік кешкенде ғана өсіп- өніп, өркендемекпіз. Кешегі күні Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың  қаладағы оннан астам үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесіп, «Ынтымақ, бірлік, келісім — ең асыл байлық ел үшін» деген тақырыпта өткізген кездесуінде де осы көкейтесті мәселе кеңінен сөз болды. Сол басқосуда да біздің ақсақалдар алқасының әлсіз топтар мен  әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көрсетіп жатқан көмегін, тіпті қоғамдық ұйымдардың ықпалымен қаншама отбасының тегін баспанамен қамтамасыз етілгенін айтып өте келе Мемлекет басшысының сұхбатын тілге тиек еттім. Сұхбатта Президент: – Елімізде «заң мен тәртіп» қағидатының орныға түскенін қалаймын. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдаймын. Сіз айтқан петиция заң талабына сай келсе де, келмесе де, азаматтардың пікірі міндетті түрде ескеріледі. Оған күмән болмасын. Сонымен қатар қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбейтін түсінік қалыптаспаса, заңға енгізілген өзгерістерден аса қайыр болмайды. Жұрт зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатайтуды талап ете тұра, қылмыс әлеміндегі шытырман оқиға­ларға таңдай қағып, фильмдердің заңды белден басатын кейіпкерлерін ғана емес, тіпті шынайы өмірдегі кәнігі қылмыскерлердің өзін пір тұтып жатады. Бұл жағдай бір-біріне мүлде кереғар және өте оғаш көрінеді. Солай емес пе?! Біз қоғамды ішінен ірітетін, адамгершілікке жат қылықтарды ақтауды көздейтін кез келген әрекетке және құқықтық нигилизмге тұтас ел болып тосқауыл қоюымыз керек. Біз заңсыздық пен қатыгездікке бір кісідей, батыл қарсы тұруымыз қажет. Сондай-ақ қоғам нормалар мен ережелердің және жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресуі керек, — деген еді. Түркістанымызды «гүл қалаға» ғана емес,  арақ-шараптан ада, таза қалаға айналдыру жөніндегі бастамамыздың да жүзеге асырылып, көптеген өңірлерде қолдау тауып отырғанын айтқан едім.

Жарылқасын ӘЗІРЕТБЕРГЕНОВ,

Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *