Елімізде азаматтарымыздың негізгі қызметтерге теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдай мен көлік байланысын жақсарту мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» Ұлттық жобасы құрылған болатын. Бұл жоба 2021 жылы іске қосылды. Ол тұрғын үй-коммуналдық және инфрақұрылымды дамытуға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламаларды біріктіргенін айта кеткен жөн. Бұл оларды іске асыруды жеделдетуге мүмкіндік берді. Өйткені олар ұлттық жоба аясында бюджеттік қаржыландыруда басымдыққа ие.
Өңірлердің инфрақұрылымын жақсарту бойынша ауқымды шаралардың қажеттілігі бірнеше факторлармен айқындалды. Түркістан облысы еліміздің демографиялық өсімі жоғары өңірлердің бірі. Осыған байланысты балабақшалармен және мектептермен қамтамасыз ету аса өзекті.
«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасының аясында 2023-2025 жылдары облыста 63 мектеп салынады. Қазіргі уақытта 29 мектептің құрылыс жұмыстары басталды. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры арқылы 9 мектеп салынуда. Ал бүгінгі күні құрылысы аяқталып, 1600 орындық 7 мектеп пайдалануға берілді, жеке инвестициялар есебінен 17 мектеп салынды. Мемлекеттік мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, 1-4 сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту мәселелері толығымен шешілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына негізделген «Базардағы кітапхана» жобасы республика бойынша тұңғыш рет Түркістан облысында қолға алынып отыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен халық арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапқа қол жетімділікті арттыру мақсатында алғаш рет базар аумағынан, атап айтқанда «Қуаныш базары» ЖШС- інің төрінен түрлі саладағы үш мың кітап қоры бар кітапхана келушілерге есігін айқара ашты.
Азаматтарға ыңғайлы жерде — ақпараттық қызметтерге, сонымен қатар мерзімді басылымдар мен көркем әдебиет шығармаларына, балалар әдебиеттеріне тегін қол жеткізу мүмкіндігін ұсынып, халыққа қолжетімді ету, қоғамдық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Ашық кітапхана» жобасы өткен жылы бастау алған еді. Облыстағы әкімдік ғимараттары мен әлеуметтік нысандарда кітапхана бұрыштары ашылып, халыққа қызмет көрсетуде. Бұл бастаманы көпшілік асқан қызығушылықпен қабылдады.
Енді кеше «Қуаныш» базарында облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасы-ның бөлімшесінің салтанатты ашылуы болып, оған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Тәжібаев Бейсенбай Дәулетұлы қатысып, игі тілегін білдірді.
– Халық көп шоғырланған орында білім беру және мәдени платформа құру мақсатында «Базардағы кітапхана» идеясы туындап, бүгін іске асырылуда. Бұл жобаны облыс әкімі Дархан Сатыбалды қолдап, қоғам мәдениетін дамыту бағытында жүйелі шаралар ұйымдастыруды тапсырып отыр. Өздеріңізге белгілі, өңірде тұрғындардың басым көпшілігі сауда нүктелері арқылы кәсібін дөңгелетіп жүр. Қарапайым халықтың да жиі келетін орны – базар. Сондықтан да осындағы кәсіпкерлердің кітап оқып, іскерлік тұрғыдан ізденуіне қолдау білдіріп, мәдени ортаны кеңейту мақсатында тың жобаны бастадық. Қаладағы ең үлкен «Қуаныш» сауда орталығында 1700-ден астам кәсіпкер жұмыс істейді. Күніне орта есеппен 20 мыңнан астам адам келеді. Бүгінгі ашылып жатқан кітапхана бір күнде 70 адамға дейін қызмет көрсетеді, айына орта есеппен 1500 адам қамтиды деп жоспарлануда. Мұндай тың жобаны әрі қарай да аудан, қалалардағы орталық базарларда жалғастыратын боламыз. Қоғамды кітап оқуға қызықтыратын жаңа жобалардың жандануы оқырманның көбеюіне тікелей әсер етеді. Бастамамызға қолдау білдірген базар иелеріне алғысымды білдіргім келеді. Бүгінгі кітапхана пункті де оқырман игілігі үшін қызмет етеді деп сенемін, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ тарихшы, ғалым Досай Кенжетай, облыстық мәслихат депутаттары Инара Намазбаева, Бекарыс Шойбеков, қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Ұлжан Мұстафаева кітапхананың лента қию рәсімін жасап, түркістандықтардың қуанышын бөлісті.
— Бұл жағымды жобаның өміршеңдігін уақыт өзі дәлелдеп отыр, — деді бізбен сұхбатында «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова, — Осы кітапхананың іргетасы қалана бастағанда-ақ көпшілік қайта- қайта сұрап, кітапхананың ашылатын күнін асыға күтті. Келешекте осындай кітапхананы Сарыағаш ауданынан ашуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, Түркістан облысы бойынша 39 базар бар екен. Солардың біразын қамту ойымызда бар, — дейді жаңалыққа жаны құмар жаңашыл басшы.
Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімдігінің тапсырмасына сәйкес ашылып отырған кітапхана қызметі білімге қолжетімділікті, мәдени құндылықтармен алмасуды көздейді. Сонымен бірге азаматтарға мерзімді басылымдар мен көркем әдебиеттерді, балаларға арналған кітаптарды ұсынады. Оқуға жайлы орта жасап, оқырманмен тығыз байланыс орнатып, келушілердің уақытын тиімді өткізуіне ықпал етеді. Өңірде жалпы 39 базар жұмыс істейді. Онда 7 мыңнан астам кәсіпкер сауда-саттықпен айналысуда. Жоба аясында аудан, қалалардағы үлкен сауда орталықтарында да кітапханалар ашылып, бастама жалғасын табатын болады.
Айта кетейік, жалпы облыс көлемінде 398 кітапхана, 6 миллионға жуық кітап қоры бар. Өткен жылы «Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасы қолға алынып, нәтижесінде облыстың және аудан, қалалардағы әкімдік ғимараттарында, әлеуметтік нысандарда кітапхана бұрыштары ашылып, кітапқа деген қолжетімділік артты. Атап айтсақ, қазіргі таңда облыс бойынша әкімшілік ғимаратынан 15 және басқа да нысандарда 8 кітапхананың жылжымалы пункті ашылып, оқырман игілігі үшін қызмет етіп жатыр.
Алдын-ала жоспар бойынша, бұл кітапхана бір мезетте сегіз оқырман қабылдай алады екен. Демек, күніне мұнда 70 адамға дейін қызмет көрсетіледі. Нәтижесінде, айына орта есеппен 1500 адамды қамту жоспарлануда. Халық игілігіне қызмет ететін кітапхана жұмысы сәтті болғай!
Роза НАРЫМБЕТОВА.