ОҚУЛЫҚ МӘТІНІНДЕГІ ФРАЗЕОЛОГИЯЛЫҚ БІРЛІКТЕРДІҢ ҚОЛДАНЫЛУ ЕРЕКШЕЛІГІ

Фразеологизмдер халықтың тұрмыс-тіршілігінің, салт-санасының, дүниетанымының айнасы болып табылады. Олар-тақырыптық және семантикалық тұрғыда көп аспектілі, ойлау мен танымының ерекше бейнелі, эмоционалды-экспрессивтік реңкке ие тілдік бірліктер. Оқу үдерісі барысында оқушылардың танымдық әрекетін белсендіру, жағымды эмоцияларын жетілдіруге айрықша ықпал ететін тілдік құрал – фразеологизм.

Бүгінгі күні оқушының белсенділігі алған білімдерін өмірде, тәжірибеде пайдалана білуінен көрінеді. Сондықтан олардың танымдық белсенділігін қалыптастыру — оқу үдерісін жетілдірудің негізгі шарты. Фразеологизмнің мағынасын фразеологиялық сөздіктен өздігінен іздеуге ұмтылыс, оқушылардың  сабаққа қызығушылығын ғана тудырып қоймай, оның өз білімін өмірде қолдана алу дағдыларын да жетілдіреді, оқушының  сөздік қорын молайтып, шығармашылық қабілетін дамытады. Сондықтан фразеологизмдер  тіл біліміндегі күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Сол фразеологизмдерді меңгертуді көркем сөйлеуге үйретудің құралы, тілді орынды жұмсауға төселдірудің жолы деп санауға болады [2]

Осы тұрғыдан  жеке тұлғаның танымдық қабілетін арттырып, сөздік қорын байытып, тілін фразеологиялық бірліктер арқылы дамыту маңызы жоғары тілдік мақсаттардың бірі. Оқулық мәтіндеріндегі фразеологиялық бірліктердің қандай мақсатта жұмсалатынын анықтау арқылы фразеологиялық  бірліктердің ерекшелігін, мағынасын, жұмсалу орнының дұрыстығын нақтылай аламыз.

Фразеологиялық тіркестердің мағынасы әр контексте әртүрлі мағыналық дәрежеде көрініс табуы мүмкін. Сол себептен оқушыларға қазақ тілін меңгерту барысында фразеологиялық материалды дұрыс ұйымдастыру  арқылы олардың мағыналық ерекшеліктерін, тілдік және ұлттық сананы қалыптастырудағы маңызын, тиісінше қолдана білуге бағыттау мүмкіндігін иелене аламыз.

Оқу бағдарламасында 6.2.2.1  коммуникативтік жағдаятқа сай көркем бейнелеуіш, эмоционалды-экспрессивті сөздерді және мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестерді еркін қолданып, диалогке қатысу, пікірталаста тез және дұрыс шешім қабылдай білу мақсатын көздей отырып “Мектеп” баспасы Жолшаева М., Отарбаева Ғ., Нұрманова Г авторлығымен 2018 жылы жазылған Қазақ тілі, 6 сынып оқулығында пайдаланылған фразеологиялық тіркестердің ерекшелгіне назар аударсақ.

Оқулықтың «Қазақстандағы көрікті жерлер» бөлімінде берілген мәтіндерде кездесетін тұрақты сөз тіркестерін тізбектейік.

  • Дымы құрыды, жар салу, көз тігу, көзге ілмеу, мін тағу, жұрдай болу, төгілген терім еш болу, көз тартар, құштар болу тіркестері қолданылған. Авторлар оқулықта бұл үзіндіні жай ғана беріп қоймай, бұл тіркестердің мағынасын ашуға сәйкестендіру тапсырмасын ұсынған. Сонымен қатар, бұл тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын есте сақтап, қолданысқа түсіру мақсатында тұрақты сөз тіркестерін жай тіркестермен ашып жазып, мағыналас нұсқасын жасау тапсырмасы қарастырылған. Яғни, оқулық мәтіні тілдік мақсаттарға сай таңдалғанын, оқушыға түсіндіру, есте сақтау әрекеттері жоспарланғанын байқай аламыз.

Оқулықтың 10 бөлімінде кездесетін тұрақты сөз тіркестерін ұсынсам:

  • Ақыл тоқтату, оңаша қалу, жол қысқарту, көненің көзі, таңдай қақтыру, араларынан ине өтпейтіндей, аспан айналып жерге түсетіндей, күлге айналу, дүние салды, саусақпен санарлық, иық тірестіре алу, қанат жаю, шымылдығын түру, паш ету, азат ету, талабын тұсау, селт ете қоймау, терезесі тең, қабақ шыту, жөн сұрасу, көрер көзге өзгеріп, орынсыз сөйлеу, төріңізден көріңіз жақын, тас қып ұстау, ес жиғызбады, жауырынын жерге тигізу, тәубесіне түсіру, атағы жер жару, дес бермеу, тер төгу, қатып ұйықтау, мұршам болмады, бой көтеру, иін қандыру, кірпік қаққанша, көзі ашып-жұмғанша, қас пен көздің арасындағы, ит өлген жер, ит арқасы қиянда, жердің түбі, қамшы салым жер, таяқ тастам жер, көз шалу [1]

Фразеологизмдерді оқытуда оның лексикалық және грамматикалық мағыналары өзара байланыста болады. Бұл мәтіндерді лексикалық және грамматикалық талдау кезінде, жаттығу жұмыстарында тұрақты сөз тіркестерінің  мағынасын сөздік арқылы түсіндіру нәтижесінде жүзеге асады. Мысалы, ит өлген жер, ит арқасы қиянда, жердің түбі,  деген фразеологизмдердің мағыналарын түсіндіру үшін олардың біртұтас лексикалық мағынаға ие екендігі, олардың бір ғана сұраққа жауап беріп, бір сөйлем мүшесі болатыны меңгертіледі.

Сөздік қордағы әрбір фразеологизмдерді қатысым әрекетінде қолдану үшін оқушылардың  сөйлеу қабілетін дамыту, оқушылардың  сөздік қорындағы фразеологизмдерді мағыналарына қарай іріктеп, оларды басқа сөздермен орынды байланыстырып, өз ойын дұрыс, толық жеткізе алуына көмектеседі. Мысалы, оқулық мәтіндерінде берілген тәубесіне түсіру, атағы жер жару, дес бермеу, тер төгу тіркестері. Осы тіркестердің мағынасы мәтін соңынан түсіндірме сөздігінде берілуі тиіс. Ал келесі тапсырма мәтіндегі осы тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын жай тіркестермен ауыстырып жазу жаттығуы берілсе, оқушы өз бетінше жұмыс жасауға, мағынасын ашатын өзге синоним нұсқаларын іздестіруге машықтанады. Тек тапсырманы орындаумен шектелмей, миында жақсы жатталған тіркестерді ойының дәлдігі, әсемдігі үшін, бояу, реңк үстеу мақсатында жұмсауға бейімделеді. Нәтижесінде, тек сабақ мақсатына жетіп қана қоймай, тұрақты сөз тіркестерінің қолданыс аясын кеңейтіп, өміршеңдігін арттырамыз.

Оқушының танымдық қасиеттері ұлғайған сайын оның сөздік қоржыны да толысып отырады. Сондықтан авторлар мектеп оқушыларының жас ерекшеліктеріне, өтіліп жатқан лексикалық және грамматикалық тақырыптарын ескере отырып,  қарым-қатынас кезінде таным көкжиегін кеңейту үшін фразеологизмдерге ерекше назар аударған. Себебі, оқушылардың сөздік қорын фразеологизмдер сөздігі арқылы молайту жұмыстары, тіл дамыту тапсырмалары, сөйлем құрастыруға арналған жаттығулар, керекті фразеологизмдерді табуды талап ететін жаттығулар, тұрақты сөз тіркестерін  қатыстырып мәтін құрастыратын жаттығулар, фразеологизмдерді қатыстырып эссе жазу, фразеологизмдерді қатыстырып сипаттама жасау,  синонимдік қатар жасайтын фразеологизмдер, тұрақты сөз тіркестерін мағыналас нұсқаларымен сәйкестендіру сияқты тапсырмалар білім бағдарламасында көрсетілген оқу мақсаттарымен толықтай сәйкес келеді[3].

Кез-келген қарым-қатынас  барысында оқушылардың сөздік қорының мол болуы  айтқысы келген ойына тікелей әсер етеді. Оқушылар  фразеологизмдерді түсініп, меңгерумен қатар оларды ауызша және жазбаша тіл дамыту жұмыстарында да еркін қолдана біліп, бір-бірімен сөйлескенде, белгілі жазба жұмыстарын, мәселен, мазмұндама, шығарма және жаттығу жұмыстарын орындау үстінде пайдалануға әртүрлі тапсырмалар арқылы  үйретіледі.

Оқулықтағы мына тапсырмаға зер салсақ:

сөйлемде тұрақты сөз тіркестерін ашып, жай тіркестермен алмастырып, түрлендіріп жазу жаттығуы ұсынылған.

Бұл тапсырма оқулықтың 1 бөлімінде,  12 бетте көрсетілген. Оқушылардың әлі мұндай тіркестерге машықтанбағанын ескере отырып, үлгі соңынан түсіндірме сөздігі берілсе деген ұсынысым бар.

Себебі, «басынан асырмау, көз тігу, дымы құру, жұмыртқадан аршылып, өне бойы арылмайтын» тіркестері 6 сынып оқушыларына күрделі болып отыр. Мектепте іс-тәжербиеден өту барысында, оқушылардың бұл тапсырманы өздігінен орындауға қиналғанын аңғардым. Берілген сөз тіркестерінің мағынасын түсінбегендіктен осындай қиындық туып отыр. Мұғалім ретінде түсініксіз сөздердің мағынасын ашып түсіндірдім, алайда әр оқушының қарым-қабілетінің әртүрлі екендігін ескерер болсақ, мен түсіндіріп жатқанда бір оқушы тыңдап, екіншісі жазып, кейбіреулері менің жеткізу шапшаңдығыма ілесе алмай, қай сөзге келгенімізді түсінбей, үлгермей қалуы мүмкін. Осындай қиындықтардың алдын алу мақсатында, мәтін соңынан міндетті түрде түсіндірме сөздігін ұсыну дұрыс деп санаймын.

Және оқулықта берілген «төрінен көрі жақын» тіркесін, «дәм-тұзы таусылар уақыты жетті», «сын сағаты жақын қалды» сияқты тіркестерімен ауыстыруды ұсынар едім[5]. Себебі, оқулық 6 сыныпқа арналған және бұл тіркестің астарында мысқыл-кекесін мағынасы басым. Сонымен қатар, тіркес құрамындағы «көр» сөзінің өзі ауыр әрі негативті түсінік қалыптастыратын ұғым. Сол себепті, сабақ барысында оқушыға тұрақты, позитивті психологиялық әл-ахуал қалыптастыру мақсатында бұл тіркеске өзге нұсқаны ұсынар едім.

Фразеологизмдер оқушының әр ортадағы сөйлеу мақсатымен, сөз саптау ерекшелігімен үйлесімде беріледі. І. Кеңесбаевтың авторлығымен шыққан «Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі» қазақ фразеологиясына ғана емес, қазақ тіл біліміне де қосылған елеулі үлесі. І. Кеңесбаев аталған сөздіктегі қазақ тілінің фразеологизмдері туралы жазған мақаласында фразеология туралы: «Тіл-тілдің өзіне тән ұлттық қасиеті оның барлық тарауларынан байқалатыны мәлім. Сол қасиет, әрине, тиянақты сөз тіркестерінен де анық көрінеді. Тіл байлығын сөз еткенде өз байлығы деген топқа осы сөздікте қамтылған алуан түрлі фразеологизмдерді жай, жалпылай жатқыза салуға болмайды. Басқаша айтқанда сөз байлығын тексеретін тіл білімі саласын лексикология деп атайтын болсақ, фразеологизм байлығын тексеретін тіл білімі саласын фразеология деп атау әбден орынды», – деп жазады. [4]

Қорытындылай келе, сабақ барысында оқушылар жоғарыда  аталған сөздікті пайдалана отырып,  тіл байлығын, сөйлеу шеберлігін, сөз саптау қабілетін дамыта алады. Сонымен қатар, үйренген фразеологизмін ауызекі сөйлеу тілінде қолдана білсе, оның ақыл-ойының жетілуіне  әсер етеді. Демек, фразеологизмді орынды қолданып, оның мағынасын жетік білетін оқушы өз бетімен сөйлем құрап, оны ауызша сөйлеу тілінде шебер қолдана алатыны сөзсіз. Яғни, авторларымыз мақсат еткен тілдік мақсаттар орындалып, сабақ жоспарындағы барлық тапсырмалар өз деңгейінде орындалады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер 

  • М. Жолшаева, Ғ.Отарбаева, Г.Нұрманова. «Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 6-сыныбына арналған оқулық. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 2018. – 175 бет.
  • Болғанбаев Ә., Қалиев Ғ. Қазіргі қазақ тілі лексикологиясы мен фразеологиясы. – Алматы: Санат, 1997. – 255 б.
  • Смағұлова Г. Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері. (Екінші басылым). – Алматы: «Елтаным баспасы», 2010. – 244 бет.
  • Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 11-том. /Құраст.: Ж.Манкеева, С.Бизақов, Ә.Жүнісбек және т.б. — Алматы, 2011.
  • Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1977. – 712 б.

 

Абдикахорова А.Д.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті

Академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы

6В01701 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы, 4-курс студенті

Ғылыми жетекшісі: ф.ғ.к. Қасенов Е.С. . – ф.ғ.к., қауымдастырылған проффессор м.а

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *