
Қазақстанда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірқатар өзгерістер күшіне енді. Кәсіпкерлер салық декларациясын тапсырып, қазақстандықтардың мобильді аударымдары тексеріле бастады. Халық арасында осы өзгерістер ұзақ талқыланып, дұрыс түсінбей жатқандардың саны аз емес. Осы мақсатта, редакция ұжымы салықтағы өзгерістер туралы егжей-тегжейлі түсіндіру үшін Түркістан қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасымен байланысқа шығып, көкейде жүрген біраз сауалдарға жауап алды. Назарларыңызға мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Нұрболат Жаханвпен сұхбатты ұсынамыз.
Қазақстандықтар жалпыға бірдей декларациялауға 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшеді. 2021 жылы басталған міндеттеменің үшінші кезеңі басталады. Алдымен, жалпыға бірдей декларациялау туралы түсіндіріңізші.
Бәрімізге белгілі, 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларация енгізілген болатын. Жалпыға бірдей декларацияның негізгі мақсаты – әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру, жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру, және сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету. Осыған сәйкес, 2021 жылы декларацияны мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырған болатын. Екінші кезеңде 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары, квазимемлекеттік сектор субъектілері және олардың жұбайлары тапсырды. Ал биыл үшінші кезеңде, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырады. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың басқа санаттары, мысалы, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және т.б. тапсыратын болады.
