ТҮРКІСТАН: GOOGLE КОМПАНИЯСЫ СУ ТАСҚЫНЫ ҚАТЕРІН БОЛЖАЙТЫН ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ӨНІМІН ЖАСАП ШЫҒАРДЫ

Көктем шыға су тасқыны біраз елді әбігерге салды.Мұндайда инфрақұрылымның мықтылығымен қатар, инженерлік-геодизиялық жұмыстардың шебер әрі тиімді жүргізілуі, су тасқыны қаупін алдын ала болжай білу мәселесі біртіндеп алға шыға бастайды.

Bloomberg-тің хабарлауынша, Google компаниясы су тасқыны қатерін алдын ала болжай алатын жасанды интеллект өнімін жасап шығарды. Осы өнім жайлы өңір тұрғындарының назарына аз-кем мағлұмат ұсынып отырмыз. Дәлдігі аса жоғары деп бағаланып отырған жаңа модель Үндістан мен Колумбия елінде қолданылып үлгерген.

«Климаттың өзгеруі бүкіл әлемде су тасқынын жиі және жойқын ете бастады. Жасанды интеллект тіпті өлшеуіші жоқ су тасқыны бассейндерінде де дәл ескерту беруге үйрету арқылы осы залалдың бір бөлігін азайтуға көмектесуі мүмкін. Шын мәнінде, Nature журналында жарияланған мақалаға сәйкес, қазір 80 елде жұмыс істейтін жасанды интеллект моделі бұрынғы басым жүйеге қарағанда өзен тасқыны туралы дәлірек болжамды қамтамасыз етеді. Жасанды интеллект моделін жасап шығарған Google мамандарының айтуынша, осы жаңа өнімнің арқасында Африкадағы болжам сапасы әлдеқайда жақсарды»,– делінеді мақалада.

Басылымның хабарлауынша, су тасқыны жыл сайын орта есеппен 50 млрд доллар көлемінде жаһандық экономикалық шығын келтіретін ең көп таралған және ең жойқын табиғи апат болып саналады. Оны болжау қиын, әсіресе, деректері аз немесе мүлдем жоқ жерлерде. Су тасқыны зардабын тартуы мүмкін 1,8 млрд адамның 90 %-ға жуығы табысы төмен және орта деңгейлі елдерде тұрады. Бай елдермен салыстырғанда ондай елдерде тасқын өлшеуіш құралдары әлдеқайда аз немесе тіпті жоқ.

Зерттеушілердің айтуынша, олар ЖИ көмегімен әртүрлі бассейндердегі су тасқыны жағдайын ешқандай құралсыз кемі бес күн бұрын болжай алады. Ал GloFAS-тың өзі мұндай ахуалды тек тасқын күні айта алар еді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *