КЕРЕК ДЕРЕК: СУ БАСҚАН ӨҢІРЛЕРГЕ ІТ-МАМАН КӨМЕККЕ ДРОНДАР ЖОЛДАМАҚ

Су тасқыны салдарынан кей елдімекендерде ұялы байланыс қызметі нашарлаған. Электр қуатының өшуіне байланысты кейбір базалық станциялар жұмыс істемей тұр. «Керек дерек» айдары арқылы өңір тұрғындарының назарына атаулы мәліметті ұсынып отырмыз. Қазіргі уақытта Құлсары қаласында бірқатар базалық станция қадалары опырылып, Қостанай қаласында Kcell ұялы байланыс операторының жабдықтары орналасқан үй-жайларды су шайып кеткен. Бұл жөнінде ОКҚ өткізген брифингте ҚР Цифрлық даму министрлігінің өкілі Альбина Атен хабарлады.

Су тасқынымен күрес кезінде жүздеген маман төтенше жағдай болған аймақтарға барған. Ұялы байланыс операторлары  жұмыс істемейтін жабдықты ауыстыру, су басу қаупі бар аймақтардан және эвакуацияланатын аумақтардан техниканы эвакуациялау және жабдықты су деңгейінен жоғары жылжыту жұмыстарын, электр энергиясы жоқ жерлерде дизельдік генераторларды қосу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ әкімдіктермен бірлесе құм дорбаларын тасымалдау және дизельдік отынды генераторларға жеткізуге үлес қосуда.

Цифрлық даму министрлігі спутниктік байланыс үшін Қостанай облысына 30 Starlink терминалын, Ақтөбе облысына 3 терминалды, БҚО-ға 2 терминалды, Ұлытау облысына 1 жинақты, Атырау облысына 6 терминалды, Шығыс Қазақстан облысына 2 терминалды және Солтүстік Қазақстан облысына 3 терминалды жіберді. Осының арқасында мектептерге терминалдар орнатылып, эвакуациялық пунктердегі балалар оқу үшін үзіліссіз интернет желісімен қамтылады. Бұған дейін оқу-ағарту министрлігі су тасқыны қаупі бар аумақтардағы 56 мектеп және эвакуациялық пунктер ретінде айқындалған 32 мектеп қашықтан оқитынын хабарлады.

ІТ-қауымдастық су тасқынынан зардап шеккендерге көмектеспек. Олар қаржылай көмек те көрсеткен, дрондар арқылы гуманитралық жүк жеткізуге де дайын. АҚШ-та істейтін қазақстандық 20 келіге дейін жүк көтере алатын дрондарды Құлсары, Көкшетау, Петропавл қалаларына жолдамақ. Медициналық жабдықтар мен азық-түлікті және басқа да жүкті осы дрондармен 15 шақырым қашықтықтан жедел жеткізуге болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *