Жасанды интеллектінің жаңа құралдары жұмыс тәсілі мен қызметкерлерді оқытуды өзгертуі мүмкін. «Керек кеңес» айдары арқылы өңір тұрғындарының назарына атаулы мәселеге байланысты аз-кем ақпаратты ұсынып отырмыз. Бірақ олардың жұмысқа қандай әсер беретіні әлі нақтылы емес. Generative AI at Work жариялаған зерттеуде тұтынушыларға қызмет көрсететін 5179 агенттің деректерін пайдалана отырып, жасанды интеллектке (ЖИ) негізделген генеративті диалог көмекшісін кезең-кезеңімен енгізуді қарастырады. Аталған шолуды Экономиканы қолданбалы зерттеу орталығы (AERC) таразылап сараптаған.
«Аталған мақалада авторлар Fortune 500 тізіміндегі бағдарламалық жасақтама фирмасында (бизнес-процестер үшін бағдарламалық қамтамасыз ету ұсынатын фирмалар) жұмыс істейтін 5000 агенттің деректерін пайдалана отырып чат-көмекшіні кезең-кезеңімен енгізуді зерттейді. Зерттелген ЖИ технологиясы OpenAI әзірлеген Generative Pretrained Transformer (GPT) үлкен тілдік модельдер тобының соңғы нұсқасына негізделген. Ол клиенттер чатын бақылап, жұмысшыларға (агенттерге) чатта клиенттерге нақты уақыт жағдайында қалай жауап беру керектігі туралы кеңес ұсынады. Жалпы генеративті жасанды интеллектінің пайда болуы айтарлықтай назар аудартты. Алайда оның экономикалық ықпал ету күші аз зерттелді. Генеративті ЖИ-дің әр алуан құралдары өздерін лабораториялық зерттеу кезінде жақсы көрсеткенімен, олардың қызметіне деген алаңдаушылық жоқ емес. Көп жағдайда бұл алаңдау олардың (ЖИ құралдарының) дұрыс ақпарат бермеу салдарынан адасушылыққа ұрындыру, ұйымдардың қарсылығын тудыру, ақырында бейтаныс түйткілдерге әкеліп соғу секілді тәуекелдерді туындата ма деген қауіппен байланысты»,– дейді AERC сарапшылары.