
Өткен жылдың соңында абоненттердің бағаны көтеруге қатысты көптеген шағымынан кейін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қазақстандағы ұялы байланыс операторларына қатысты тергеуді бастаған болатын. Содан кейін тарифтік жоспарлар мен ұялы байланыс қызметтері бағасының өзгеру динамикасына талдау жүргізілген еді.
«2023 жылы ұялы байланыс операторларының тарифтік жоспарлары бойынша баға 7,7 пайыздан 57,3 пайызға өскені байқалды. Ұялы байланыс операторларына бағаны негізді төмендету жолымен анықталған белгілердің тоқтатылғаны туралы хабарлама жіберілді. Ұялы операторлар хабарламаны белгіленген мерзімде орындамаған жағдайда Агенттік тергеу жүргізу туралы шешім шығарады», — делінген агенттіктің ресми хабарламасында.
Осыған орай ұялы байланыс операторлары тарифтік жоспарлардың бағасын төмендете ме? Түркістандық тұрғындарға байланыс операторларының жауаптарын ұсынып отырмыз.
KCELL
Компанияның баспасөз қызметі тарифтердің көтерілуіне әсер еткен себептерді тізіп берді. Сондай-ақ, олар Қазақстандағы ұялы байланыс саласының «тиімділігі төмен, сондықтан тарифтерді төмендетуге мүмкіндік жоқ» деп қосты.
Компания өкілдері соңғы 3 жылда Қазақстанда тұтыну трафигі айтарлықтай өскенін және бұл қомақты инвестицияны қажет ететінін айтты. Сондай-ақ, олар нақты сандарды атады:
«Кселл» АҚ Қазақстанда кейінгі 3 жылда абоненттер тарапынан трафиктің өсуі 60 пайызға (59,3 пайыз) өскенін хабарлайды, бұл байланыс операторларынан желіні дамытуға және кеңейтуге, тұрақты және сапалы жұмысқа елеулі инвестицияларды талап етеді. Тек 2020-2023 жылдар аралығында компания осы мақсаттарға 184,4 миллиард теңге бағыттады және 2028 жылға дейін инфрақұрылымға инвестициялар көлемін ұлғайту жоспарланған», – делінген жауапта.
Сонымен қатар, валюта бағамының тұрақсыздығы жабдық пен бағдарламалық қамтамасыз ету құнының өсуіне әкелгені айтылды:
«Бұл ретте инфляцияның құбылмалылығы (30,4 пайыз – 3 жыл ішінде жинақталған деңгей) және айырбас бағамының тұрақсыздығы (доллар – 20,8 пайыз, еуро – 15,04 пайыз – 3 жыл ішінде теңгеге қатысты шетел валюталарының жинақталған өсімі) абоненттерге қызмет көрсету және байланыс қызметтерінің сапасын қолдау және жақсарту үшін қажетті телекоммуникациялық жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз ету құнын арттырды және сәйкесінше компанияның шығындарына әсер етті.
Компания өкілдері бұл факторлардың барлығы тарифтердің өсуіне әсер ететінін және бағаны төмендетуге мүмкіндік бермейтінін хабарлайды:
«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, компания тарифтерді төмендету жағына қарай түзетудің алғышарттары мен объектив себептері жоқ деп санайды. Сонымен қатар, ҚР-дағы ұялы байланыс қызметтері секторы рентабельділігі төмен болып табылады, бұған соңғы жылдары Turkcell және Telia Company сияқты халықаралық компаниялардың отандық нарықтан кетуі дәлел бола алады», – делінген жауапта.