КЕРЕК КЕҢЕС: 5G ЖИІЛІГІНЕ «ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» АҚ ИЕЛІК ЕТУДЕ

Қазақстанның байланыс операторы 3 жыл қатарынан 5G жиілігіне көше алмайды. Бұл жайлы Сенат отырысында ЦДИАӨМ вице-министрі Асхат Оразбек айтты. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев елдегі 5G жиілігінің бір ғана компания иелігіне өтіп кеткенін айтты. Мұндай жағдайда монополия мәселесін шешу қиынға соғатынын айтып, Цифрлық министрлік өкілінен бұл проблеманы қалай шешетінін сұрады. Айтуынша, министрлік бұл жиілікке аукцион өткізген. Салдарынан 5G диапазондары «Қазақтелеком» компаниялар тобына өтіп кеткен. Бұл жайында «Керек кеңес» айдары арқылы маңызды мәліметтерді өңір тұрғындарының назарына ұсынып отырмыз.

«Байланыс нарығын демонополизациялау күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе. Бізде бұл нарықта бірнеше компания басымдыққа ие. Егер ұялы байланыс туралы айтар болсақ, бізде дамудың келесі кезеңі ретінде 5G жиілігіне өту тұр. Бірақ елде 5G жиілігін бір ғана компания иеленіп алған. Шыны керек, біз бұлайша де-монополизациялау жұмыстарын күрделендіре түскен секілдіміз. Өйткені 5G жиілігін бір ғана компанияның иелігіне беріп қою арқылы, монополия мәселесін шешу қиындайды. Министрлік бұл мәселені қалай шешпек? Бұл сегмент қалай дамиды? Сегментке басқа компаниялар кіре ала ма?»,  – деп сұрады Сенат төрағасы.

Өз кезегінде Асхат Оразбек 5G жиілігіне көшудің преспективасы жақсы екенін, бірақ алдағы үш жылда бұл нарықта 2 ғана ойыншы болатынын айтты. Өйткені Катар тарапымен арадағы келісім бойынша бұл жиілікке екі компания ғана иелік ете алады.

«Расында, аукционда екі жиілік диапазондарын «Қазақтелеком» компаниялар тобы ұтып алды. МТС (Tele2) сатылған соң, бір жиілік диапазоны жекеге өтеді. Егер Kcell де сатылатын болса, ол да жекеге өтпек. Сонда екі диапазон да жекенің иелігінде болады. Бірақ біз осы екі ғана диапазонмен шектеліп қалмай, бұдан бөлек 3 жиілік диапазонын дайындап қойдық. Олар бүгінде дайын тұр. Бірақ біз Катармен арадағы мәмілеге сәйкес алдағы 3 жыл бойы бұл диапазондағы жиілікке аукцион өткізе алмаймыз. Сатып алу шартында солай көрсетілген. Яғни алдағы 3 жыл ішінде бұл диапазонда тек екі ойыншы болады. Нарық бұл диапазондарды қолдануға дайын болған кезде, бұл жиіліктерге аукцион өтеді. Солайша бізде жаңа ойыншылар пайда болады», – деді вице-министр.

Еске сала кетейік, бүгін бейсенбіде Сенат «байланыс туралы заңды» мақұлдады. Оған сәйкес ауылдық және өнеркәсіптік секторларда байланыс қызметтерін субсидиялар көмегімен цифрландыру жүзеге асырылмақ. Бұл заң негізінде байланыс операторларының байланыс инфрақұрылымына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету көзделіп отыр. Сонымен бірге елдегі басқа операторлар кабельді канализацияға қол жеткізе алатын болады. Ал әзірше кабельді канализацияға негізінен «Қазақтелеком» АҚ иелік етуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *