«ОТЫН–ЭНЕРГЕТИКА КЕШЕНІ МЕН КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРЫМЫЗДА»

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров:

«ОТЫН–ЭНЕРГЕТИКА КЕШЕНІ МЕН КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСТЫ НАЗАРЫМЫЗДА»

Жаңа жылдың алғашқы күні «Егемен Қазақстан» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көлемді сұқбаты жарық көрді. Маған Мемлекет басшысының ешнәрсені жасырмай, боямасыз жауап бергені ұнады.

Мәселен журналистің: «Еліміздің отын-энергетика кешені мен коммуналдық шаруашылығының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету – Үкіметтің міндеті. Қазіргі Үкімет бұл міндетін әупірімдеп, әрең атқарып отыр деуге болады. Апаттардың салдарымен күресіп, қыстың көзі қырауда еліміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекендерді жылумен, жарықпен, сумен шұғыл қамтамасыз етуге тура келеді. Қалайша осындай жағдай қалыптасып отыр?-деген сұрағына шынайы жауап берді.

– «Жылу электр орталықтарындағы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы мүшкіл ахуал – көп жылғы салғырттықтың салдары. Осы саладағы түйткілдер бір күнде аяқ астынан пайда бола қалған жоқ. Оның бәрі жылдар бойы қордаланған мәселелер екені баршаға мәлім. Өңірлердегі жылу орталықтары мен басқа да құрал-жабдықтардың 80 пайызы әбден тозған. Өткен жылдарда коммуналдық шаруашылыққа салынған инвестиция бұл саланың қажетін өтеуге жеткіліксіз болды. Электр энергетикасы нысандарында болып жататын кішігірім оқиғаларды дардай қылып көрсетіп, жылумен қамтамасыз ету ісіндегі болмашы олқылықты «қасіретке айналдыруға» ұмтылатын әлеуметтік желідегі белсенділер отқа май құйып, елді дүрбелеңге салып жүр.

Бүкіл Қазақстандағы инженерлік инфрақұрылымды толық жаңғырту – өте ауқымды әрі күрделі міндет. Бұл мәселе біртіндеп шешіліп жатыр. Көктем-жаз айларында Үкімет пен әкімдіктер жылу маусымына дайын болу үшін біраз жұмыс жасады. Жағдайы сын көтермейтін бірқатар нысанды жөндеді. Ең алдымен, күрделі апаттардың алдын алып, үйлерге жылудың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету керек. Бірақ жаңа қуат көздерін ашу, желілерді біртіндеп жаңарту және коммуналдық саланы түгел жаңғырту басты міндет екенін ұмытпаған жөн. Қазір жылу желілері әрең жұмыс істеп тұр. Үкімет пен әкімдіктер батыл қимылдап, қажетті шараларды дереу қолға алуы керек. Онсыз болмайды»,-деп жауап берді.

Қазір барлық өңірлердегі жағдай қалыпты болмай тұр. Әсіресе аса суық Арқа өңіріндегі қалалар мен селолардың жайы мүшкіл. Біздің Түркістан өңірі мен Сауран ауданының ауа-райының жылы болуына байланысты құрылыс жұмыстарын тоқтатпай, жыл бойына жүргізуге болады. Біздің де басты назарымыздағы нәрселер отын-энергетика кешені мен коммуналдық шаруашылығының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету болып табылады. Ағымдағы жылы коммуналдық сала бойынша 74 жоба әзірленуде. Оның 60-ы меморандум арқылы, қазіргі таңға 44 жобаға сараптаманың оң қорытындысы алынды. Сауран ауданын ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 88,9 пайызды құрайды. 36 елді мекеннің 32-і ауыз су құбырымен қамтылған. Егізқара елді мекеніне «кешенді блок модуль» қондырғысын орнатуды қажет етеді. Ойық елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысы аяқталып, нысанды пайдалануға беру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Ескі Иқан, Шорнақ, Қосмезгіл елді мекендеріне төрт жоба әзірленіп, республикалық бюджетке – 8,3 млрд. теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды. Ал, Еңбекші Дихан, С.Қожанов елді мекендерінің жобалары, сараптамаға жолданды. Қараша айында 29 елді мекенге тозығы жеткен 68 дана су сорғылары алынып, орнатылды. Электр қуаты бойынша 32 елді мекендегі электр желілері мен бағаналары 70-ші жылдары салынып, тозығы жеткен. Қазіргі таңда, 32 жоба әзірленіп, 17 жобаға сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба құны 5,7 млрд. теңге құрайды. Сонымен қатар, 2023 жылы бюджет есебінен 39 дана трансформатор орнатылды және 2024 жылға 20 данасын алу жоспарлануда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *