ТҮРКІСТАН: САУРАНДА КӘСІПКЕРЛІК  КЕРЕГЕСІ  КЕҢЕЮДЕ

Түркістан облысы, Сауран ауданы, Шорнақ ауылдық округінің әкімі Бердалы Баймұратов:

«САПАЛЫ СУДЫҢ БАҒАСЫ ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛУЫ ТИІС»

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады.

Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады.

Сондай-ақ еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады. Жалпы, осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керек.

Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырамын»,-деген болатын.

Шорнақ ауылдық округінің әкімі Бердәлі Баймұратовтың баяндауынша, аудан орталығы атанған бойда Шорнақта кешенді бағдарлама жасалып іске кірісті. Әсіресе, көшелерді абаттандыру ғимараттардың қас беттерін әрлендіруге көңіл бөлінді. Қысқы уақытта дайындалған кешенді стратегиялық жоспарлар жұртшылықтың ойынан шығып жатыр. Әкімнің басты міндетінің бірі ауыл тұрғындарының өтініштеріне сергек қарау. Ауыл әкімі ретінде бұл қағиданы мықтап түсінгендігі байқалды. Аудан әкімдерінің алдынан тағы да ауыз су бағдарламасымен қамту жайы қайта шықты.

Аудан бойынша 2010 жылғы «Ауыз су» бағдарламасы бойынша елді мекендердің 99,2 пайызы сумен қамтылған. Алайда, арада 12 жыл өткенде су проблемасы тұрғындардың алдынан қайта шығып отыр. Себебі, сол кезде салынған құбырлар көнерген. 2012 жылы құрылған «Түркістан су» кәсіпорны елден судың ақысын сұрамады. Банкротқа ұшырап, өзін-өзі жапты. Кентаудағы «Ащысай су» кәсіпорны да осы жағдайдың кебін киді. Қазір «Сауран су» кәсіпорны халықтың өздері тұтынған ауыз суына ақы төлемендігінен мемлекетке қарызы көп екендігі байқалды. Себебі, «судың да сұрауы бар. Су беруге қызмет көрсететін кәсіпорынның жабдықтарын жөндеуге, қызметкерлеріне жалақы төлеуге жұмсалатын ақша жұртшылықтан жиналуы тиіс. Шорнақ, Аша, Қосмезгіл ауылдарында тәулік бойы ауыз су келіп тұруы тиіс. Бірақ, жұртшылықты судың тарифтік бағасының күн санап көтерілгендігі ойлантады. Аудан орталығына ағын судың да аз келуі көпшілікті ойландырады. Ауылдық округтегі өзекті мәселелерді зерделеу барысында ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша Арыс-Түркістан каналының бойын толық аралап, ағын-суды шаруалардың егістігіне толық жеткізу мәселесі егжей-тегжей қаралды. Мәселені толық шешу үшін «Тұран су» мекемесінің басшыларымен бірнеше рет кездесулер өткізіліп, көктемгі егіс жұмыстары кезеңінде сумен толық қамтамасыз ету туралы уәделері алынды. Қазіргі таңда су өтетін дүкірлер толық тазаланып су өтетін жүйелері толығымен дайын.

Ауылдағы үлкенді-кішілі бас қосулар барысында біршама өзекті мәселелердің басым бағыттары анықталды. Мәселен, Қосмезгіл елді мекеніндегі «Таза су»-бағдарламасының 2-ші кезеңін жүргізу кезек күттірмейді. Басты мәселе тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ете отырып, шаруашылықтарға ағын су жеткізу маңызды мәселе болып қала береді.

 

КӘСІПКЕРЛІК КЕРЕГЕСІ КЕҢЕЮДЕ

Шорнақ ауылдық округі күн санап көркейе түсуде. Оның сыртында аудан орталығы мәртебесіне ие болуы да үлкен жауапкершілік жүктейді. Соған байланысты кенттегі кәсіпкерлер қызмет көрсету сапасын көтере түсуде. 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба бағдарламасының орындалуы бойынша Шорнақ ауылдық округі бойынша Шорнақ, Аша, Қосмезгіл елді мекендерінде орналасқан заңды 88 жеке кәcіпкерлер бар оның ішінде 60 сауда нүктелері бар. Шорнақ ауылдық округінде жалпы құны 4.5 млрд теңге болатын инвестициялық жоба тартылып, іске асырылды.

Қазіргі таңда Шорнақ, Аша, Қосмезгіл, 32 разъезд елді мекендерінде орналасқан заңды жүзге жуық жеке кәcіпкерлер бар. Оның ішінде 60 сауда нүктелері жұмыс істеп тұр. Шорнақ ауылдық округі бойынша жалпы құны 280 млн теңге болатын 4 инвестициялық жоба тартылып, жеке кәсіпкерлер қаражатына іске асырылып жатыр. Оның ішінде жеке кәсіпкерлер бала-бақша, сауда орны, қонақ үй, дәріхана ашуға кіріскен.

Бүгінгі таңда Қосмезгіл елді мекенінде 120 орынды «Нұр-Жанар» бала-бақшасы өз жұмысын атқарып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Соның арқасында 120 әйел аналар өздерінің сүйікті кәсіптерімен айналысуда.

Мемлекет басшысының қолдауымен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жаңа бастамашылықтарды қолдауға арналған мемлекеттік грантты сегіз азамат жеңіп алды. Аталған азаматтар 200 есептік айлық көрсеткіш 583400 теңге көлемінде мемлекеттік грант қаржысын алып, кәсіптерін жүргізуде. Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына тартылған инвестициялардың нақты көлемінің индексі 20 млн болса, «Сунақ ата» есімімен жеке кәсіпкер Сирожиддин Шонабаев 30 млн. теңгеге тамақтану орыны, наубайхана құжаттарын жасауда.

 

АУЫЛДАР

АБАТТАНДЫРЫЛУДА

2023 жылға елді мекендердегі көшелерді жарықтандыру бойынша Шорнақ, Аша, Қосмезгіл елді мекендеріне 9 трансформатор орнатуға «Мемлекеттік сатып алу» Заңына сәйкес веб-портал бойынша ашық конкурс тәсілімен «Тан Строй Сервис» ЖШС-ы жеңімпаз атанып Шорнақ, Аша, Қосмезгіл елді мекендеріне 38 683 724,0 мың теңгеге 9 трансформатор орнатылды. Баға ұсынысы бойынша жеңімпаз болып ЖК «Әли» Шорнақ елді мекеніндегі Ы.Алтынсарин көшесінің 500 метр тұйығына және Ы.Шәутібаев көшесіне 660 метр 3075,0 мың теңгеге, «Строй ТДК» ЖШС-ы Аша елді мекеніндегі Тойтақ көшесіне 1,6 шақырым 3600,0 мың теңгеге тас төселді. Баға ұсынысы бойынша ЖК «Әли миллион» жеңімпаз болып Аша елді мекенінде Қ.Рысбеков, С.Исмайлов, Ә.Байтұрсынов, Е.Шораев және Қосмезгіл елді мекенінде А.Құнанбаев көшелеріндегі тасарықтарға плита құю жұмыстарын 1 150,0 мың теңгеге орындады. Сондай-ақ, ЖК «Eurostone Murat» Шорнақ елді мекеніндегі Ы.Алтынсарин көшесі, Аша елді мекеніндегі А.Байтұрсынов, Қ.Рысбеков, М.Әуесзов көшелерінің түнгі жарық шамдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарына 925,0 мың теңге жұмсалды. Баға ұсынысы бойынша ЖК «Ризық» жеңімпаз болып елді мекендерді абаттандыруға 588,0 мың теңге, ЖК «Асылым» 1349,0 теңге, ЖК «А.Амирбеков» 400 мың теңгеге жалпы күл-қоқыстарды тазалау мен шығаруға 1 749,9 теңге қаржы жұмсалды. Алдағы уақыттарда да елді мекендерді абаттандыру жұмыстары жалғасын табады.

 

ОПТИКАЛЫҚ ТАЛШЫҚТЫ ЖЕЛІМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Қазіргі таңда аудан орталығы болып отырған Шорнақта Интернет желісі ТЕЛЕ-2 жүйесіне оптикалық талшықты желімен қосылды. Қосмезгіл маңынан қоныс тепкен ауданның әкімшілік орталығында кеңселік ғимараттар бой көтеруде. Аурухана, әкімшілік, кешенді спорт алаңы, балаларға арналған воркауттар салынып жатыр. Қазіргі таңда Шорнақ толығымен жарықтандырылды. 2023 жылы Аша мен Қосмезгіл ауылдары толығымен жарықтандырылды. Шорнаққа газ беріліп, тұрғындардың есігінің алдына дейін жеткізілді. Аудан орталығында 700 миллион теңгеге асфальт жолдар, аяқжолдар салынды. Аялдамалар қалыпқа келтірілді. Жолаушылар жолы, халықты ішкі тасымалдау толыққанды қарастырылмаған. Соған байланысты жақында Бабайқорған-Шорнақ-Түркістан, Майдантал-Шорнақ-Түркістан және Аша мен Қосмезгіл арасында автобустар бағдары ұйымдастырылды. Бұл мәселе аудан әкімінің басты бақылауында тұрған болатын. Таяу жылдары Аша және Қосмезгіл елді мекендерінде мектеп тұрғызылады.

Үш жылда ғана қыруар жұмыстары атқарылған Шорнақ бүгін ауыл болғанымен ертең оның кент, қала болатындығына халық нық сенімді.

-Біз «Жаңа Қазақстанды» құрамыз десек, әрқайсымыз да қайта құрыла білуіміз керек. Жұртты әлеуметтік желі арқылы шулатудың заманы өтті. Шорнақтың көп проблемасы айқау-шусыз шешіліп жатыр.Тек бұл жолда тұрғындарға бірлік керек. Үлкен тәрбие қажет. Ежелгі Сауранның тұрғыны деген қасиетті атқа ие болатындай мінез қажет. Ол бүгінде қалыптасып, қайта жаңғырып келеді. Тек соны жадымызда ұстағанымыз абзал»,-дейді Бердалы Баймұратов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *