Жасанды интеллект адамдардың жұмысын тартып ала ма? Жасанды интеллектінің болашағы қалай болмақ? Мұндай талқының басталғанына біраз болған. Көпшілігі AI арқылы жұмыс орны көбейіп, адамдардың күнделікті күйбеңмен емес, шығармашылықпен көбірек айналысуға мүмкіндігі молырақ болады деген пікірді ұстанған еді. Дегенмен кейінгі кездері пайда болып жатқан жаңа технологияларға қарап, болжам аздап негатив бағытта да жасалып жүр. Соның ішінде ChatGPT пайда болғалы көңілде күдік те, алаң да көбейген. Осы орайда Түркістан облысының тұрғындары үшін жасанды интеллектінің өмірімізге еніп, болашақта пайда болатын мамандықтар жайлы аз-кем ақпаратты ұсынып отырмыз.
IT-сарапшы Тимур Бектұр AI адамның орнын баса ала ма деген сауалға былай деп жауап берген: «Бұл тақырыпта пікірталас көп. Жақында ғана Стенфорд университетінің Stanford AI Report деген материалы жарық көрді. Жасанды интеллектінің еңбек нарығындағы үлесі туралы айтылған. Айталық, 300 млн жұмыс орнын жояды деседі. Әрине, статистика, сандар шегеленіп қойған дүние емес. Бірақ осындай сандар айтылып жатыр. Есесіне, тағы сол 300-600 млн жұмыс орнын әкелуі мүмкін. Еңбек нарығындағы дүмпуі қатты болады. «Жасанды интеллект адамның орнын баса алмайды. Бірақ оны қолданатын адам қолданбайтын адамның орнын басады» деген әмбебап сөз жиі айтылады.
Смартфон қолданбайтын, компьютерді пайдалана алмайтын журналист пен технология тілін жақсы түсінетін журналисті салыстырсақ, кім жылдам? Бастапқыда телефон шыққан кезде де «адамның орнын басады» деген қорқыныш болды. Дегенмен ол жағдайды жақсартты. Жасанды интеллект те дәл солай. Ғалымдар «егер адам сауатсыз, топас болса, онда жасанды интеллект оның орнын басады» дейді. Ал енді ерттеп міне алса, онда баса алмайды деген сөз».