Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз»,-деген болатын.
Жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткізген онлайн конференциясында айтылған жайдың бірі — ауылдық жерлерді биліктің ұмыт қалдырып, соңғы жылдары тозып, тоқырағандығы. Оны алдағы уақытта барынша жаңғырту, кешенді дамыту туралы тиісті мекеме басшыларына тапсырма берілді.
Осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысының Жарлығымен Сауран ауданы құрылғаннан бастап, кешенді бағдарлама жасалып, барлық мемлекеттік мекемелер Шорнақ шаһарына жайлы орналасып, жұмыстарын жүйелі түрде бастап кетті. Бүгінгі таңда сол кезде келген мемлекеттік қызметшілерге арналған тұрғын үйлер, кезінде жайсыздау болған ғимараттардан жаңа жайлы орындардың құрылысын аяқтап, жайлы қонысқа көшіп жатқан мекемелер бар. Ондағы шенеуніктер жаңа ғимаратта ынта-ықыласымен, жастық жігерімен ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Шорнақ ауылдық округі үш елді мекеннен құралған. Атап айтсақ Шорнақ, Қосмезгіл, Аша елді мекендерінде 2195 жанұя, 13265 халық тұрады. Олардың тыныс-тіршілігі туралы кеңінен тоқталалық.
САПАЛЫ СУДЫҢ БАҒАСЫ ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛУЫ ТИІС
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады.
Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады.
Сондай-ақ еліміздің су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. «Қазсушар», «Нұра топтық су құбыры» және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады. Жалпы, осы саланың материалдық жағдайын жақсартып, кадр мәселесін шешу керек.
Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағытына айналмақ. Үкіметке көрші елдермен бірлесіп, бұл мәселені жан-жақты пысықтауды тапсырамын»,-деген болатын.
Шорнақ ауылдық округінің әкімі Бердәлі Баймұратовтың баяндауынша, аудан орталығы атанған бойда Шорнақта кешенді бағдарлама жасалып іске кірісті. Әсіресе, көшелерді абаттандыру ғимараттардың қас беттерін әрлендіруге көңіл бөлінді. Қысқы уақытта дайындалған кешенді стратегиялық жоспарлар жұртшылықтың ойынан шығып жатыр. Әкімнің басты міндетінің бірі ауыл тұрғындарының өтініштеріне сергек қарау. Ауыл әкімі ретінде бұл қағиданы мықтап түсінгендігі байқалды. Аудан әкімдерінің алдынан тағы да ауыз су бағдарламасымен қамту жайы қайта шықты.
Аудан бойынша 2010 жылғы «Ауыз су» бағдарламасы бойынша елді мекендердің 99,2 пайызы сумен қамтылған. Алайда, арада 12 жыл өткенде су проблемасы тұрғындардың алдынан қайта шығып отыр. Себебі, сол кезде салынған құбырлар көнерген. 2012 жылы құрылған «Түркістан су» кәсіпорны елден судың ақысын сұрамады. Банкротқа ұшырап, өзін-өзі жапты. Кентаудағы «Ащысай су» кәсіпорны да осы жағдайдың кебін киді. Қазір «Сауран су» кәсіпорны халықтың өздері тұтынған ауыз суына ақы төлемендігінен мемлекетке қарызы көп екендігі байқалды. Себебі, «судың да сұрауы бар. Су беруге қызмет көрсететін кәсіпорынның жабдықтарын жөндеуге, қызметкерлеріне жалақы төлеуге жұмсалатын ақша жұртшылықтан жиналуы тиіс. Шорнақ, Аша, Қосмезгіл ауылдарында тәулік бойы ауыз су келіп тұруы тиіс. Бірақ, жұртшылықты судың тарифтік бағасының күн санап көтерілгендігі ойлантады. Аудан орталығына ағын судың да аз келуі көпшілікті ойландырады. Ауылдық округтегі өзекті мәселелерді зерделеу барысында ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша Арыс-Түркістан каналының бойын толық аралап, ағын-суды шаруалардың егістігіне толық жеткізу мәселесі егжей-тегжей қаралды. Мәселені толық шешу үшін «Тұран су» мекемесінің басшыларымен бірнеше рет кездесулер өткізіліп, көктемгі егіс жұмыстары кезеңінде сумен толық қамтамасыз ету туралы уәделері алынды. Қазіргі таңда су өтетін дүкірлер толық тазаланып су өтетін жүйелері толығымен дайын.
Ауылдағы үлкенді-кішілі бас қосулар барысында біршама өзекті мәселелердің басым бағыттары анықталды. Мәселен, Қосмезгіл елді мекеніндегі «Таза су»-бағдарламасының 2-ші кезеңін жүргізу кезек күттірмейді. Басты мәселе тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ете отырып, шаруашылықтарға ағын су жеткізу маңызды мәселе болып қала береді.
ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫ ЖҮЗДЕН АСАДЫ
Шорнақ ауылдық округінің жалпы ауыл шаруашылық жері -51770 гектар. Оның ішінде- суармалысы -4608 гектар, жайылымы -24120 гектар болып отыр. Шорнақ ауылдық округі бойынша «Сауран ауданы Агроөнеркәсіп кешенін 2018-2023 жылдарға дамыту» бағдарламасына сәйкес 2023 жылы іске асырылған жұмыстары атап өтуге тұрарлық. Шорнақ ауыл округі бойынша барлығы 101 шаруа қожалығы оның ішінде іріленген 7 шаруа қожалығы, 3 жауапкерлігі шектеулі серіктестіктер бар. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялардың нақты көлемінің индексі 900 млн. теңге болса, нақты орындалғаны 53 млн 900 мың теңгені құрайды. Шорнақ ауыл округі бойынша 3460 га жерге егіс егу жоспарланса, 3485 га жерге егіс егіліп, 100,7 % орындалды.
Бүгінгі таңға елді мекендердің 2778 гектар ортақ мал жайылымдық жерге мемлекеттік акт рәсімделген. Елді мекендердің ортақ мал жайылымдық 19 шаруа қожалықтың 4192 гектар жерін қайтаруға ұсынылған. Одан бөлек, ортақ мал жайылымға пайдалану үшін 27 шаруа қожалықтарымен 9227,88 гектар жайылымдық жерге меморандум жасалынды.
Қазір Түркістан облысында өндіріске енгізілген жаңа жоба жоспары бойынша жылына бір алқаптан 2-3 рет өнім алу жобаларын іске асыруға 25 шаруа қожалығы кірісті. 26 ауыл тұрғыны үй іргелік жерлеріне жылыжайлар салып, қияр, қызанақ, қырыққабат егіп жылына екі үш реттен өнім алуда. Жылыжай шаруашылықтарын дамыту бойынша жоспар 0,5 га болса,бүгінгі таңда барлығы — 0,85 гектарға жаңадан жылыжай салып редиска, қияр, қызанақ егіп пайда табу мақсатында еңбек етуде.Ауыл шаруашылық техникаларын жаңарту жылдық жоспар 10 бірлік болса 12 айда 7 дана жаңа ауыл шаруашылық техникалары алынды.
ӘКІМ БОЛ, ХАЛҚЫҢА ЖАҚЫН БОЛ
Мемлекет басшысының Жарлығымен Сауран ауданы құрылып, енді орныға бастағанда төте сайлау жолымен Шорнақ ауылдық округі әкімі болып Бердалы Баймұратов сайланды. Аудан орталығы атанған бойда Шорнақта кешенді бағдарлама жасалып іске кірісті. Әсіресе, көшелерді абаттандыру ғимараттардың қас беттерін әрлендіруге көңіл бөлініпті. Қысқы уақытта дайындалған кешенді перспективалық жоспарлар да жұртшылықтың ойынан шығып жатқаны белгілі болды. Әкімнің басты міндетінің бірі ауыл тұрғындарының өтініштеріне сергек қарау. Ауыл әкімі ретінде бұл қағиданы мықтап түсінгендігі байқалды. Шорнақ толығымен жарықтандырылды. 2023 жылы Аша мен Қосмезгіл ауылдары толығымен жарықтандырылды. Шорнаққа газ беріліп, тұрғындардың есігінің алдына дейін жеткізілді. Аудан орталығында 700 миллион теңгеге асфальт жолдар, аяқжолдар салынды. Аялдамалар қалыпқа келтірілді. Интернет желісі ТЕЛЕ-2 жүйесіне оптикалық талшықты желімен қосылды.
ОН ҰЛТТЫҢ ӨКІЛДЕРІ ТАТУ ТӘТТІ ТҰРАДЫ
Шорнақ ауылдық округі әкімі аппаратына 2023 жылы аудандық бюджеттен бөлінген 110 660,0мың теңге, 12 айда қаржының игерілгені 124 133,0 мың теңге болып 100 пайызға орындалды. Барлық қаржы мақсатты пайдаланылды. Шорнақ ауылдық округі әкімі аппараты 2023 жылға бекітілген жоспар негізінде жұмыс атқарды. Ауылдық округі әкімі аппаратында 16 қызметкер, оның ішінде 9 мемлекеттік қызметкер, 7 келісім шарт қызметкерлері жұмыс істейді. Ауылдық округі әкімі аппаратына 2023 жылы мекемелерден 395 қатынас хат келіп түсіп, жауап берілген болса, мекемелерге 467 шығыс хат жолданған. Ауылдық округі әкіміне 2023 жылы жеке тұлғалардан 667 және заңды тұлғалардан 10 өтініштер түсіп, тіркеліп, жауаптары уақытылы беріліп, қанағаттандырылған. Ауылдық округі әкімімен 371 шешім, 123 өкім қабылданған.
Шорнақ ауылдық округінің әкімі Бердәлі Баймұратовтың баяндауынша, қазіргі таңда кент төрт елді мекеннен құралған. Шорнақ, Қосмезгіл, Аша, РЗД-32 мекендеріндегі 2195 жанұяларда 10 ұлттың өкілдері қазақ, өзбек, татар, орыс, қырғыз, башқұрт, ұйғыр, түркімен, кәріс, дұңған 13265 халық тұрады. Олар Шорнақтың дамуына бір қолдың саласындай, бір атаның баласындай бірлесе қызмет атқарады. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, дәстүрлі мерекелер мен, әр ұлттың өзіндік дәстүр-салтын сақтай отырып, барлығына ортақ жыл басы — Наурыз мерекесінде ұлттық тәтті тағамдарымен бір-біріне сый-сияпат жасап жатады.
Қазіргі таңда республикамыздың барлық өңірінде болып жатқан су тасқынының алдын алу жұмыстарына да барынша қол ұштарын созып, ұжым болып көмектесіп жатыр. Аудан орталығында да әр апта сайын Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың қатысуымен сенбіліктер өткізіліп келеді.
ӨҢІРДІ ӨРКЕНДЕТУДІҢ ӨЗЕКТІЛІГІ
Осыдан үш жыл бұрын ауыл округінде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен Шорнақ ауылдық округі бойынша 39 көшені жөндеуге құжаттары дайындалды. 32 көшеге жарықтандыру жүргізу үшін сметалық құжаттары әзірленді. Олардың бірқатары толығымен жарықтандырылды. Шорнақ ауылдық округі әкімі аппаратына келген ауыл тұрғындарының мұқтаждықтарына орай атқарылған жұмыстардың дені көпшіліктің ойынан шықты. Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық магистралының бойынан бастап, Шорнақтағы барлық көшелері жарықтандырылды. Сонымен қатар көше бойларындағы жолдар, тратуарлар, суағарлардың құрылыстары қатар жүргізілуде. Аша елді мекені бойынша «Таза су»-бағдарламасының 2-ші кезеңі жүргізілді. Шорнақ ауылдық округі әкімі аппаратына келген ауыл тұрғындарының мұқтаждықтарына орай, ауыл әкімінің тарапынан атқарылған жұмыстардың дені көпшіліктің ойынан шықты.
Атап айтатын болсақ Аша елді мекеніндегі С.Көшербаев көшесіндегі ойылған көпірге тас төгіліп, елді мекен тұрғындарының өтініштері қанағатандырылды. Шорнақ ауылдық округі бойынша Қазақстан теміржолы торабы астынан өтетін су өткелдері толып шаруалардың шағымдануына алып келді. Осы мәселені шешу барысында, теміржол қызметкерлерін жұмылдырып, сенбіліктер өткізу арқылы тазалау жұмыстары жүргізілді. Шорнақ елді мекеніндегі Ы.Алтынсарин көшесі бойындағы тұйықтар және Қосмезгіл елді мекенінің жаңа құрылыс түскен Ш.Уалиханов, Д.Қонаев, Р.Атабаев көшелеріне ауылдық округ тұрғындарының жолға шағымдануына байланысты 30 ауыр көліктегі тас төгіліп, көшелер біршама ретке келтірілді.
Ауылдық округтегі өзекті мәселелерді зерделеу барысында ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша Арыс-Түркістан каналының бойын толық аралап, ағын-суды шаруалардың егістігіне толық жеткізу мәселесі егжей тегжейлі қаралды. Мәселені толық шешу үшін «Тұран су» мекемесінің басшыларымен бірнеше рет кездесулер өткізіліп, көктемгі егіс жұмыстары кезеніңде сумен толық қамтамасыз ету туралы уәделері алынды.
Қазіргі таңда су өтетін дүкірлер толық тазаланып су өтетін жүйелері толығымен дайын. С.Тоймахан, Ы.Алтынсарин көшелерінің бойына тал егіліп, ауылдық округ әкімі аппаратының ғимаратының алдына заманауи автотұрақты іске қосып,әйелдер мен ерлер әжетханасымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар аталған аумаққа әрлеу-сырлау жұмыстары жүргізілді.
Шорнақ ауылдық округінде сенбіліктер ұйымдастырылып, ретсіз күл-қоқыстар жойылып, көше бойлары, арық-атыздар тазартылып сенбіліктер тұрақты жүргізіліп отырады.Сонымен қатар Батыс Европа-Батыс Қытай автомагистралының бойындағы талдардың түбі әктеліп, шөбі шабылды.
Сенбіліктерде мекеме аумақтары, жол бойындағы қоқыстар мен өсіп жол жүруге кедергі келтірген шеңгелдер ақылы қоғам жұмысшылары мен мекеме қызметкерлерінің қатысуымен тазаланды. Жеке кәсіпкер «И.Нурметов» Шорнақ ауылдық округі бойынша ауыл тұрғындарымен келісім шарт жасап, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару қызметін көрсетуде.
АУЫЛДАР АБАТТАНДЫРЫЛУДА
2023 жылға елді мекендердегі көшелерді жарықтандыру бойынша Шорнақ, Аша, Қосмезгіл елді мекендеріне 9 трансформатор орнатуға «Мемлекеттік сатып алу» Заңына сәйкес веб-портал бойынша ашық конкурс тәсілімен «Тан Строй Сервис» ЖШС-ы жеңімпаз атанып Шорнақ, Аша, Қосмезгіл елді мекендеріне 38 683 724,0 мың теңгеге 9 трансформатор орнатылды. Баға ұсынысы бойынша жеңімпаз болып ЖК «Әли» Шорнақ елді мекеніндегі Ы.Алтынсарин көшесінің 500 метр тұйығына және Ы.Шәутібаев көшесіне 660 метр 3075,0 мың теңгеге, «Строй ТДК» ЖШС-ы Аша елді мекеніндегі Тойтақ көшесіне 1,6 шақырым 3600,0 мың теңгеге тас төселді. Баға ұсынысы бойынша ЖК «Әли миллион» жеңімпаз болып Аша елді мекенінде Қ.Рысбеков, С.Исмайлов, Ә.Байтұрсынов, Е.Шораев және Қосмезгіл елді мекенінде А.Құнанбаев көшелеріндегі тасарықтарға плита құю жұмыстарын 1 150,0 мың теңгеге орындады. Сондай-ақ, ЖК «Eurostone Murat» Шорнақ елді мекеніндегі Ы.Алтынсарин көшесі, Аша елді мекеніндегі А.Байтұрсынов, Қ.Рысбеков, М.Әуесзов көшелерінің түнгі жарық шамдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарына 925,0 мың теңге жұмсалды. Баға ұсынысы бойынша ЖК «Ризық» жеңімпаз болып елді мекендерді абаттандыруға 588,0 мың теңге, ЖК «Асылым» 1349,0 теңге, ЖК «А.Амирбеков» 400 мың теңгеге жалпы күл-қоқыстарды тазалау мен шығаруға 1 749,9 теңге қаржы жұмсалды. Алдағы уақыттарда да елді мекендерді абаттандыру жұмыстары жалғасын табады.
КӘСІПКЕРЛІК КЕРЕГЕСІ КЕҢЕЮДЕ
Шорнақ ауылдық округі күн санап көркейе түсуде. Оның сыртында аудан орталығы мәртебесіне ие болуы да үлкен жауапкершілік жүктейді. Соған байланысты кенттегі кәсіпкерлер қызмет көрсету сапасын көтере түсуде. 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба бағдарламасының орындалуы бойынша Шорнақ ауылдық округі бойынша Шорнақ, Аша, Қосмезгіл елді мекендерінде орналасқан заңды 88 жеке кәcіпкерлер бар оның ішінде 60 сауда нүктелері бар. Шорнақ ауылдық округінде жалпы құны 4.5 млрд теңге болатын инвестициялық жоба тартылып, іске асырылды.
Қазіргі таңда Шорнақ, Аша, Қосмезгіл, 32 разъезд елді мекендерінде орналасқан заңды жүзге жуық жеке кәcіпкерлер бар. Оның ішінде 60 сауда нүктелері жұмыс істеп тұр. Шорнақ ауылдық округі бойынша жалпы құны 280 млн теңге болатын 4 инвестициялық жоба тартылып, жеке кәсіпкерлер қаражатына іске асырылып жатыр. Оның ішінде жеке кәсіпкерлер бала-бақша, сауда орны, қонақ үй, дәріхана ашуға кіріскен.
Бүгінгі таңда Қосмезгіл елді мекенінде 120 орынды «Нұр-Жанар» бала-бақшасы өз жұмысын атқарып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Соның арқасында 120 әйел аналар өздерінің сүйікті кәсіптерімен айналысуда.
Мемлекет басшысының қолдауымен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жаңа бастамашылықтарды қолдауға арналған мемлекеттік грантты сегіз азамат жеңіп алды. Аталған азаматтар 200 есептік айлық көрсеткіш 583400 теңге көлемінде мемлекеттік грант қаржысын алып, кәсіптерін жүргізуде. Тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына тартылған инвестициялардың нақты көлемінің индексі 20 млн болса, «Сунақ ата» есімімен жеке кәсіпкер Сирожиддин Шонабаев 30 млн. теңгеге тамақтану орыны, наубайхана құжаттарын жасауда.
ОПТИКАЛЫҚ ТАЛШЫҚТЫ ЖЕЛІМЕН ҚАМТЫЛАДЫ
Қазіргі таңда аудан орталығы болып отырған Шорнақта Интернет желісі ТЕЛЕ-2 жүйесіне оптикалық талшықты желімен қосылды. Қосмезгіл маңынан қоныс тепкен ауданның әкімшілік орталығында кеңселік ғимараттар бой көтеруде. Аурухана, әкімшілік, кешенді спорт алаңы, балаларға арналған воркауттар салынып жатыр. Қазіргі таңда Шорнақ толығымен жарықтандырылды. 2023 жылы Аша мен Қосмезгіл ауылдары толығымен жарықтандырылды. Шорнаққа газ беріліп, тұрғындардың есігінің алдына дейін жеткізілді. Аудан орталығында 700 миллион теңгеге асфальт жолдар, аяқжолдар салынды. Аялдамалар қалыпқа келтірілді. Жолаушылар жолы, халықты ішкі тасымалдау толыққанды қарастырылмаған. Соған байланысты жақында Бабайқорған-Шорнақ-Түркістан, Майдантал-Шорнақ-Түркістан және Аша мен Қосмезгіл арасында автобустар бағдары ұйымдастырылды. Бұл мәселе аудан әкімінің басты бақылауында тұрған болатын. Таяу жылдары Аша және Қосмезгіл елді мекендерінде мектеп тұрғызылады.
Үш жылда ғана қыруар жұмыстары атқарылған Шорнақ бүгін ауыл болғанымен ертең оның кент, қала болатындығына халық нық сенімді.
-Біз «Жаңа Қазақстанды» құрамыз десек, әрқайсымыз да қайта құрыла білуіміз керек. Жұртты әлеуметтік желі арқылы шулатудың заманы өтті. Шорнақтың көп проблемасы айқау-шусыз шешіліп жатыр.Тек бұл жолда тұрғындарға бірлік керек. Үлкен тәрбие қажет. Ежелгі Сауранның тұрғыны деген қасиетті атқа ие болатындай мінез қажет. Ол бүгінде қалыптасып, қайта жаңғырып келеді. Тек соны жадымызда ұстағанымыз абзал»,-дейді Бердалы Баймұратов.
АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР АЛҒА БАСТАУДА
Бұған дейінгі үш жылда көптеген жұмыстар атқарылғанымен алдағы атқарылар істер ауқымды. Шорнақ ауылдық округі бойынша өзекті мәселелерді айтар болсақ, Қосмезгіл елді мекендеріндегі «Таза су»-бағдарламасының 2-ші кезеңін іске асыру жоспарланып отыр. Шорнақ ауылдық округіндегі үш елді мекенді газбен қамтамасыз ету көзделеді. Бас жоспарға сәйкес Шорнақ ауылдық округі бойынша тұрғын үй үшін берілетін жерлерге инфрақұрылым жүргізуге қаржы бөлу қарастырылады. Қосмезгіл елді мекені Кеңтоғай көшесіне 10,344 мың теңгеге екі дана трансформатор КТП-63 орнату жоспарланып отыр. Ы.Алтынсарин көшесінің тұйықтарына 1,3 шақырымға тас төсеу, Шорнақ елді мекендеріндегі бес дана тік дренажды құдықтарды күрделі жөндеу жұмыстары 9,4 мың теңгеге жасалады. Қосмезгіл елді мекені Р.Абдуалиева көшесінің 3,4 шақырымын жарықтандыруға 36,8 мың теңге, Қосмезгіл елді мекені Т.Өтенов көшесіндегі Түркістан магистралды каналынан көпір салуға 10,884 мың теңге бөлінеді. Қосмезгіл елді мекеніне спорт алаңын салуға 16, 468 мың теңге бөлінетін болды.
2024 жылға атқарылатын инвестициялық жобалар қатарында «Мұрат» шаруа қожалығы құны 13 млн теңгеге 30 гектарға жылыжай салуда. «Мусабеков Қуанышбек» шаруа қожалығы 400 гектарға тауарлы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге 2024 жылы тамшылатып суару әдісі бойынша 180 гектар жерге экологиялық таза өнім алу мақсатында картоп және 200 гектар жерге жоңышқа егу жоспарлануда. Жоба құны 1400,0 млн теңгеге жобаланған және Шорнақ ауылдық округінен 15 азаматты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Мұнда құны 1 млрд теңге тұратын тері өңдеу цехы салына бастады. «Мусабеков Қуанышбек» шаруа қожалығы 20 гектар жерге ет бағытында 1 млн басқа арналған құс фабрикасын салуы жоспарланып, Шорнақ ауылдық округінен 100 азаматты жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Қазіргі таңда аудан орталығынан 100 мың тоннаға дейін ауылшаруашылы өнімдерін сақтайтын қойма салу жоспарланып жатыр. Темір-бетон бұйымдарын, кеспе тастар мен жиек тастарды шығаратын зауыт салу жоспары да күн тәртібінде тұр. 200 басқа арналған мал бордақылау алаңын салудың жоба құны 100 млн теңгеге түскелі тұр. Міне, мұндай аса ауқымды әрі ірі жобалар арқылы қазіргі таңда аудан орталығы болып қалыптасып қалған Шорнақтықтардың барынша жұмыспен қамтылуы бірінші қатардағы мәселе болып отыр.
Ескендір ЕРТАЙ.