Аграрлық секторы дамыған елдердің әлемдік тәжірибесі көрсеткендей, IT технологияларды өндіріске енгізу жабдықтардан, сенсорлардан, дрондардан, спутниктерден және басқа да сыртқы қолданбалардан алынған деректер массивтерін біріктіретін инновациялық бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалану арқылы жоспардан тыс шығындарды 20%-ға дейін немесе одан да аз мөлшерде азайтуға мүмкіндік береді. Жаңа технологиялар өнімді ілгерілетудің барлық жолын далалы аймақтан тұтынушыға дейін бақылауға жағдай жасайды әрі бұл оның сапасына кепілдік беріп, тұтынушылардың қажеттіліктерін де өтейді.
Мұндай бағдарламаның мысалы ретінде Agrostream ақпараттық жүйесін айтуға болады. Ол Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал отандық өнім. Бұл жүйе деректерді тиімді түрде жинап талдайды әрі оны басқару шешімін қабылдаушыларға ыңғайлы түрде ұсынады. Агроөндірушілерді қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету шығындарды кемітуге және білікті жұмыс күшіндегі тапшылықты азайтуға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлер аз ресурстармен көбірек азық-түлік өндіруі керек, сондықтан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясында айтарлықтай серпіліс қажет.
Цифрландыру бәсекеге қабілеттілік пен еңбек өнімділігін арттырады, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді және салаға инвестиция тартады. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сенсек, 2025 жылға дейін ауыл шаруашылығы өндірісінің цикліне заттардың интернетін енгізудің экономикалық тиімділігі шамамен 40 млрд теңге болмақ.
Шығындардың негізгі себептері өндірістік процестердің жетілмегендігі, автоматтандырудың төмен деңгейі және ақпараттың жетіспеушілігі. Бұл кемшіліктер мынадан көрінеді:
- жұмыстың технологиялық мерзімдерін сақтамау: ақпараттың жетіспеушілігі, жұмыстарды уақытында жүргізу үшін ресурстардың тапшылығы, агрономия қателіктері;
- жұмыстарды орындау технологиясын сақтамау: жылдамдықты арттыру, агрегаттарды дұрыс реттемеу, ауыл шаруашылығы техникасының жұмысын жеткіліксіз бақылау;
- тасымалдау кезіндегі шығындар: ұрлау, жүргізушілер мен тоқ жұмысшыларының айла-амалдары;
- агротехнологиялық жұмыстардың сапасыз немесе толық орындалмауы.
«McKinsey & Company» талдау орталығының бағалауы бойынша, әлемдегі барлық тамақ өнімдерінің 1/3 бөлігі (жылына 940 млрд долларға дейін) жоғалады немесе қалдықтарға кетеді екен. Ал, цифрландыру ғана бұл шығындарды азайтуға жол ашады.